Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2017

Орталық Азия+Жапония: ынтымақтастықтың бірегей үлгісі

2124 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанның қиырдағы Жапониямен дипломатиялық қа­рым-қатынас орнатқанына 25 жылдан асса, Орталық Азия + Жапония ди­а­ло­гының жүзеге асырыла бастағанына 13 жылдың жүзі болыпты. Осыған бай­ла­нысты Жапонияда аталған формат аясында 10-шы Токио диалогы өтті. 

Орталық Азия+Жапония: ынтымақтастықтың бірегей үлгісі

Жалпы, Жапония Орталық Азияны өзі­нің сыртқы саясатындағы аса маңызды өңір ретінде қарастырады. Бұның негізгі 3 себебінің бірі – өңірдің  Еуразия құр­лы­ғы­ның кіндігінде  орналасқандығы, яғни Ре­сей, Қытай сынды ықпалды елдермен шек­тесетіні болса, екіншіcі – халықаралық қоғам­дастық алдында тұрған проблемаларды шешу тұрғысынан да маңызды аймақ   саналатыны. Бұл тұста Ауғанстанды тұ­рақтандыру, есірткі трафигіне, терроризмге қарсы тұру, Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаперге алынатыны белгілі. Ал үшінші фактор, ол әрине, Орталық Азияның табиғи ресурстарға бай екендігі. Жапония біздің елімізбен арадағы ынтымақтастықты осы үш факторды негізге ала отырып дамытып келеді. Бір атап өтерлігі, бұл ынтымақтастық 25 жыл ішінде Орталық Азияның әр елі­мен әртүрлі деңгейде болғанмен, тұтас­тай алғанда тұрақты қалыпта өрбіп отыр­ды. Соның ішінде Қазақстан мен Жа­по­ния арасындағы екіжақты байланыс­тар да саяси-экономикалық, мәдени-әлеу­меттік сипаты жағынан мазмұнды бол­ғаны рас. Бұған мемлекет басшылары деңгейіндегі барыс-келіс қарым-қаты­нас­тар мен түрлі саладағы бірлескен жұ­мыс­тар, халықаралық мәселелердегі өзара қол­дау­лар айғақ.  Сонымен қатар, Жапония та­рапы Орталық Азия мемлекеттеріне да­му­шы елдер ретінде де түрлі көмек көрсету бағ­дарламаларын жүзеге асырып келеді. Со­ның бірі JICA (Жапон халықаралық ы­нты­мақтастық агенттігі) желісі бойын­ша көрсетілетін жәрдем екенін атап өт­кен жөн. Бұл турасында кейінірек айты­ла­тындықтан, алдымен Орталық Азия + Жапония диалогы туралы кеңірек тоқ­тал­сақ. 

Диалог қалай басталды?

Алыс қиырда жатқан мемлекеттің Орта­лық Азиядағы елдермен ынтымақ­тас­ты­ғын дамытуға арналған бұл форматтың идея авторы –  Жапонияның бұрынғы сырт­қы істер министрі Иорико Кавагучи. Бір қызығы, Иорико ханымның бұл идея­сы­ның іске асуына Қазақ­стан­ның сол кездегі сыртқы істер министрі Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың да көмегі тиген екен. Жапондық әріптесінің ойын біл­ген Қ.Тоқаев сол жылы, яғни 2004 жы­лы тамыз­да Орталық Азия сыртқы іс­тер ми­ни­стр­лерінің басқосуына дейін та­рап­та­рдың келісімін алуға атсалысқан. «Ор­та­лық Азия + Жапония диалогының жүзеге асуы осылай басталды», дейді Токиода ұй­ым­дастырылған симпозиум барысында Жапонияның бұрынғы сыртқы істер ми­нистрі И.Кавагучи. 

Бірден айта кетейік, 10-шы Токио диалогына Орталық Азияның бес елінің өкіл­дері келді. Оған Қазақстан тарапы­нан «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкім­шілігі» АҚ басқарма мүшесі, бас­қа­рушы директоры Саясат Нұрбек қаты­сып, Жа­пониямен арадағы екіжақты ынтымақ­тас­тықтың қазіргі деңгейінен хабардар етті. Оның атап өткеніндей, елдеріміздің арасындағы шарт-құқықтық база бұл күн­де әртүрлі саланы қамтитын 40-тан  аса құ­жат­пен реттеліп отыр. Елуге тарта жапон ком­паниясы Қазақстан экономикасының түр­лі салаларында жұмыс жасап жатыр. Тек 2005-2015 жылдар аралығында тар­тыл­ған тікелей инвестициялардың көлемі 6 млрд доллардан асқан. 

Осы секілді көрсеткіштерді Қырғыз­стан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрік­мен­стан тарапының өкілдері де атап өтті. Алай­да, бір назар аударарлығы, диалог ба­рысындағы талқылаулар кезінде Орта­лық Азия елдері Жапониямен арадағы ын­ты­­мақтастықтың экономикалық сипа­тына аса қанағаттана қоймайтынын, Жапонияның өңір нарығындағы қаржы-инвестициялық үлесі жеткіліксіз екені ашық айтылды. Бұл орайда, әлбетте ең алдымен Қытайдың қа­зір­гі инвестициялық белсенділігі, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы арқылы Орталық Азия елдерінің нарығындағы үлесін қарқынды түрде арттырып жатқаны басты уәж ретінде алға тартылды. 

Бұған Жапон тарапының да өз жауабы бар. Орталық Азия + Жапония диалогы осы бес елмен тең дәрежедегі қарым-қа­ты­­нас өрбітіп, әлеуметтік-экономикалық да­муы­на көмектесуді мақсат етеді. Бұл кө­мек Жапон қоры, Жапон халықаралық ын­тымақтастық агенттігі (JICA) аясында жү­зеге асырылып келеді. Осы ретте, JICA же­лі­сімен жүзеге асатын көмекке ерекше тоқ­талуға болады. 

Жалпы, JICA аясында көмектің 3 тү­­рі көрсетіледі, оның біріншісі тех­но­ло­гиялық көмек негізінен кадрларды оқы­ту, тағлымдамадан өткізу, білік­ті­лі­гін арттыру сипатында болса, екіншісі – қайтарымсыз гранттар ұсыну, үшіншісі төмен пайызбен несие қаражатын беру есе­бінен жүзеге асады. Бұл орайда атал­ған көмектерді ұсынарда әр елдің эко­номикалық жағдайы, дәлірегінде хал­қы­ның жан басына шаққандағы табыс дең­гейі ескеріледі. Әр елге жасалатын кө­мек көлемінің де әртүрлі болатыны содан. Оған қоса, Жапония халықаралық ын­ты­мақтастық агенттігі оқыту, кадр даяр­лау, технологиялық көмек көрсету бағы­ты­на көбірек маңыз береді. Дегенмен, инфра­құ­рылымды жаңарту, көлік тасымалын же­тіл­діру саласында да түрлі жобаларды жү­зеге асырады. Мысалы, біздің ел­де, Астанада сумен қамту және кәріз жүйе­ле­рін жаңғырту, жол құрылысы, медицина және табиғат апаттарының салдарын еңсеру, алдын алу бағыттарында көмек көрсетті.  Бірақ бүгінгі таңда Қазақстанға грант және жеңілдікті несие түрінде көмек көрсету аяқталған деуге болады. Өйткені, Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан қазір халқының жан басына шаққандағы табысы жоғары елдер санатында. Мұны біздің 2015 жылдан бері көмек алушы емес, көмек беруші до­нор елге айналып, ресми көмек туралы заң­на­ма қабылдағанымыз да растай тү­седі. Сон­­дықтан Жапония қазір негізінен тех­но­логиялық көмек көрсету, кадр даярлау, табиғат апаттары кезінде әрекет ету, алдын алу, салдарын еңсеру бағытына көбірек көңіл бөліп отыр.

Қытаймен бәсекелесу Жапонияның мақсаты емес

10-шы Токио диалогына панелдік сес­сиясының модераторы, тәуелсіз са­рап­шы ретінде қатысқан Орталық Азия­ны зерттеу орталығының профес­соры Уяма Томохиконың айтуынша, Жапония  Орталық Азия өңірінде Қы­тай­мен экономикалық бәсекелестікті мүл­де мақсат етіп отырған жоқ. «Қы­тай қазір қарқынды дамушы ел. Бұл қар­қын тежелмеуі, көрші елдермен ты­ғыз экономикалық ынтымақтастыққа ұмтылуы тиіс. Егер Қытайдың қазіргі экономикалық даму қарқыны тежелетін болса, оның өңірдегі елдерге теріс салдары да болуы мүмкін. Ал Жапония Орталық Азия мемлекеттерімен осы форматтағы тең­құқылы ынтымақтастықты жал­ғас­тыру арқылы өңір елдерінің тұтастай да­муы­на атсалысуды көздейді», дейді У.Томохико. Оның пайымдауынша, бұл мақ­сат бұдан әрі да солай жалғасын табуы тиіс. Бұл пікірді Жапония Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия жөнін­де­гі арнаулы өкілі Тошихиро Айки де қуаттады. Ол Жапонияның біздің елдермен өткен 25 жылдағы ынтымақтастық нәтижелерін жоғары бағалай отырып, алдағы ширек ғасырда да бұл саясат жалғасатынын атап көрсетті. 

Осылайша, Токиода өткен оныншы диалог өз жұмысын қорытындылады. Оның басты түйіні – Орталық Азия ел­де­рі Жапониямен  ынтымақтастықтың осы форматын жалғастырып қана қой­май, оның инвестициялық мазмұнмен то­лы­ға түскенін қалайды. Бұл ой па­нел­дік тал­қылаулар кезінде, әсіресе, Өзбек­стан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрік­мен­станның өкілдері тарапы­нан баса ай­тылды. Сондықтан, дәл қазіргі кезеңде өңірдің өз ішіндегі өзара байланыстарының жақсара бастауы, әсіресе, Өзбекстанның қа­дамдары, оның көрші елдермен ынты­мақ­тастыққа бет бұруы инвестиция салу мәселесінде барлық мәселені ерекше екшеп алғанды жөн көретін жапондық компаниялардың назарын аударады деген үміт бар.   

Фредерик Старр, Орталық Азия-Кавказ институты, Жібек жолын зерттеу бағдарламасының басшысы: 

Мен Орталық Азия + Жапония диалогын өте маңызды, алдағы кезеңдер үшін аса қажет, ынтымақтастықтың бірегей форматы деп бағалаймын. Мұнда Жапонияның «аға мемлекет» болу ниеті мүлде жоқ. Бұл – Орталық Азия елдері үшін тиімді. Сон­дықтан мен дәл осы форматтағы Орталық Азия + Жапония диалогын Үндістан тарапына да ұсынар едім. Біз көп жағдайда Қытайдың қазіргі экономикалық өрлеу үде­рісін айтамыз, бірақ Үндістанның әлеу­етін ұмытып кете береміз. Бұл елдің әлеу­меттік-экономикалық қуаты зор және ол таяу уақытта көрініс беретін болады. 

Айбын Шағалақ,
«Егемен Қазақстан» –
Токиодан (Жапония)