Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2017

Ұлағатқа бастар ұлттық бағдар

400 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» бағдарламалық ма­қа­ласы руха­ният саласына үл­кен серпіліс әкелді. Мемлекет бас­шы­сының қазақ елінің рухани жаң­ғыруы туралы ойлары, әрбір аза­мат­тың санасын оятатын, ұлттық мүд­деге қызмет етуге шақыратын терең тұжырымдары аясында бү­гі­нгі таңда нақты істер жүзеге асы­рыла бастады. Соның бірі – «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша облыста бірқатар шаруалар қолға алынды.  

Ұлағатқа бастар ұлттық бағдар

Алдымен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру бойынша өңірлік комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Осы іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыстық мәдениет басқармасының бұйрығымен арнайы құрылған өңірлік жұмыс тобы қасиетті, киелі нысандардың тізімін іріктеп, киелі жерлердің өңірлік картасы жобасын жасады. Ол Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» орталығына жолданды. 

Оңтүстік өңірі тарихи-мәдени ескер­ткіш­­терге бай өлке. Бұл орайда орта­лық­­қа ұсынылған қасиетті, ки­елі жер­ле­р­дің тізімі 104-ке жетті. «Қасиет­ті Қазақстан» орталығымен жалпы рес­пуб­ли­­ка бойынша іріктелген 100 мак­ро­­ны­сан­дардың 22-сі оңтүстіктен. Бұл бас­қа обл­ыстармен салыстырғанда саны жа­ғы­нан екі есе көп көрсеткіш. Қалған та­рихи-мәдени ескерткіштеріміз облыс деңгейінде бекітілетін қасиетті, киелі жер­лердің микронысандар тізіміне ен­гізілетін болады. Сондай-ақ, өңірлік жұ­мыс тобы ел ауызында жүрген киелі жерлер туралы аңыз-әңгімелерді жи­нақтап, «Қасиетті Қазақстан» орта­лы­­ғына жолдады. ЮНЕСКО-ның бү­кі­ләлемдік мәдени мұралар тізіміне «Ұлы Жібек жолындағы ескерткіштер» аталымы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан ұсынылып отырған ортағасырлық 8 ескерткіш туралы бейнефильмдер түсіру жоспарланған еді. Қазіргі таңда, Түркістан қалашығы, Сауран, Отырар, Қараспантөбе, Жуан­төбе қалашықтары, Отырар оазисі ескер­ткіштері, Бөржар оба­лар қорымына түсі­рілімдер жүргі­зіл­ді. Мұнан өзге өңір­лік туризмді дамыту, тарихи-мәдени мұраларымызды на­сихаттап, жастарға патриоттық тәрбие бе­ру мақсатында «Көне жетігеннің сы­ры» атты телесериал және «Киелі Қа­зы­ғұрт», «Отырарды қорғау» атты ани­ма­ция­лық фильмдер түсірілуде. Атал­ған бей­нетуындылар ағымдағы жыл­дың жел­тоқсан айында толығымен бі­тіп, көрермен назарына ұсынылады. Сон­дай-ақ, облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ж­а­са­лу­да. Бұл да желтоқсан айында қолға ти­мек. 

Қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғау­шы күш ретінде де бағаланған Елбасы мақа­ла­сындағы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тілі­міз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жо­ра­лғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлт­тық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен ма­ғына жатыр. Шынында да, рухы биік аза­маттары бар елдің іргесі мәңгілік бо­лары хақ. Елбасы мақаласындағы жә­не бір бағыт – «Қазіргі заманғы қа­зақстандық мәдениет жаһандық әлемде» жобасы бойынша да қолға алған, атқарылған біршама жұмыстар бар. Мысалы, Көне Түркістан шаһары түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып жариялануына байланысты жыл басы Наурыз мерекесіне арналған Түркі әлемінің «Наурызнама» іс-шарасы өткізілді. Іс-шараға 23 мемлекеттен 300-ге жуық өнерпаз қатысса, Оңтүстік Қазақстан облысынан 500-ден астам мәдениет майталмандары өнер көрсетті. Түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі Түркістан төріндегі дүбірлі шараға шетелдік қонақтар, халықаралық ұйым өкілдері, қазақстандық зиялы қауым және өнер тұлғалары, бұқаралық ақпарат құралдары мен оңтүстікқазақстандық тұрғындар, жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты. Мұнан өзге ірі іс-шара Түркі әлемінің «Бұраң бел» би фестиваліне Қырғызстан, Әзербайжан, Венгрия, Сербия, Түрікменстан, Босния және Герцеговина, Румыния, Бол­га­рия, Башқұртстан, Татарстан, Түркия ел­де­рінен – 11, елімізден 8 би ұжымы қатысты. Ал Қазыбек би Келді­бек­ұлының 350 жылдығына арналған ха­лық­аралық «Наурыз» ақындар ай­ты­­сына Қырғызстан, Өзбекстан рес­пуб­ликаларынан және еліміздің өңір­ле­рі­нен қатысқан 20 ақын айтыс көрігін қыздырды. Сонымен қатар, қазақтың тұң­ғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған түркі әлемі театрларының «Театр көктемі-2017» ха­лықаралық фестивалі, түркі әлемінің «Күлкі жәрмеңкесі» халықаралық фес­ти­валі, Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарованың 125 жылдығына ар­нал­ған «ТҮРКСОЙ халықаралық опера жұлдыздарының фестивалі» жоғары дең­гейде өтті. Түркі әлемінің кітап көрмесі және түркітілдес мемлекеттердің ақын-жазушыларының, XIV ТҮРКСОЙ фо­то­суретшілерінің кездесулері де өзін­дік ерекшеліктерімен ел есінде қалды. 

Ұлттық рухы, руханияты жоғары, мә­дениеті озық ел көп нәрсеге қол жет­кіз­етіні анық. Ұлттық бірегей­лік­ті сақ­тау, ұлттық жаңғыру деген ұғым­ның өзі ұлттық сананың кемел­де­нуін қа­жет етеді. Елбасы ұлттық мә­де­ниетті сақ­тай отырып жаңғыру жә­не ұлттың дамуына кедергі болатын өт­кен­­нің кер­тартпа тұстарынан бас тарту қа­жет екенін қазақстандықтардың түсіне бі­луі керектігін баса айтты. Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынысы да жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған нақты тапсырма деп білемін. Яғни, ұлтты тану өлкені зерделеуден бас­талады. Елбасы мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыс орталығында «Туған жер – алтын бесігім» атты аудандардың күндері ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда, Ордабасы, Қазығұрт, Шардара, Отырар аудандарының, Арыс қаласының күндері өткізілді. Аталған жоба қала жұртшылығының мәдени бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға, халықтың туған жер­ге деген сүйіспеншілігін, жастардың пат­риоттық сезімін арттыруға өз септігін ти­гізуде. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Түркі әлемінің «Алтын сақа» ани­­мациялық фильмдер фестивалі, XX ТҮРКСОЙ суретшілер кездесуі, ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық ко­мис­­сиялары мен комитеттерінің VII мә­жілісі аясында Түркі әлемінің мате­ри­­алдық емес мәдени мұра бойынша ІХ семинары, Түркі әлемінің ынты­мақ­тас­тық күні, «Түркістан – Түркі әлемі­нің мә­дени астанасы» жылының жа­бы­лу сал­­танаты және ТҮРКСОЙ ха­лық­ара­лық ұйымына мүше елдері мә­дениет министрлерінің Тұрақты Ке­ңесінің XXXV отырысы сынды тағы бас­қа да бір­қатар шаралар өткізілетін бо­лады. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламалық ма­қа­ласы аясында берілген тапсырмалар мен рухани жаңғыру саласындағы ма­ңыз­ды мін­дет­тер үнемі біздің назарымыз­да бо­лып, күн­делікті атқарылар жұмыс­та­ры­мызда бағыт түзер бағдар­шам­ға айналып отыр.

Нұрболат АХМЕТЖАНОВ, 
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы