Аймақтар • 30 Тамыз, 2017

1 сом 50 тиындық «Москвич»

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бағасына қарап ойларсыз. «Москвич» болғанда әбден мініліп, ерқашты болған, салабасы шығып күресінде қалған, тот жеген ескі қаңқасы ғой деп.
Олай емес. Жап-жаңа. Қазір емес, әрине, бұрын. Алған ке­зін­де.

1 сом 50 тиындық «Москвич»

Ол кезде Кеңес одағының дү­ріл­деп тұрған шағы. Басшы, қос­шыдан қарапайым еңбек адамы жоғары құр­меттеледі.
Созақтық диқан Асаубай Ба­қиев ша­руақор, егістік басын­да күн-түн жүруге бар азамат болатын. Жүгерілігі аттылы кісі кірсе таптырмайды. Со­циа­листік жарыста жүгерісінің әр гектарынан 129 центнерден өнім алады. Одақтан келген комиссия төбесімен көк тіре­ген жүгері алқабын көріп таңғал­ған­дарынан біраз уақыт бастарын шайқап тұрыпты. 

Бұл – 1980-жылдардың аяғы. Ол кезде Асаубай ағамыздың жа­лын­дап тұрған шағы. Оған комис­сияның бағасы емес, өз жұ­­мы­сының рахаты керек. От­басын еш­нә­р­седен тарықтыр­мауы керек. Жылдар өтеді. Өнім жо­ғары. Бір күні хабар келеді. Социалистік жа­­рыс­тың жеңімпаздарын қорытындылаған бәйгеде Асау­бай Бақиевке «Мос­­­­­квич» ав­токө­лігі сыйға беріліпті. Тегін.

Асаубай Бақиев ақсақал: «Поштаға тү­бір­тек үшін 1 сом 50 тиын төледім. «Мос­квич­ті» базардан айдап қайттым», дейді.

Созақ ауданындағы Құмкент ауылының азаматы Асаубай ақсақал бүгінде сексеннің сең­гі­ріне шықса да еңбектен қал­маған. Үй іргелік бау-бақшасы көз қызықтырады.

– Бүгінде агротехниканың дамыған заманы. Тыңайт­қыш­тардың түрі де көп. Сонда да бау-бақшасына қарай алмай, арам­шөпке бастырып алатындар жетеді. Ал мен тыңайтқышты бір-ақ рет беретінмін. Күн ыс­тықта суаруға болмайды. Жүгері алқабына күзде де, қыста да су жіберіп, құнарландырып отырдым. Осы дақылды баптаудың жақсы тәжірибесін жинақтадым. Қазір кеңес сұраған диқандарға білгенімді үйретіп келемін.
«Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей», деген ғой ұлы Абай атамыз. Ал ең­бек жасаған адамның үйінде бе­реке бар, несібесі мол. Жұмыс жоқ деген жастарға қарным ашады, – дейді Асаубай ақсақал. 

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы