Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Құқық қорғаушылардың халықаралық кеңесі

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресейдің Иркутск қаласында Қазақстан мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрліктерінің бірлескен алқасының үшінші отырысы өтті.

Алқа отырысына еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов пен Ресей Федерациясының Ішкі істер министрі Владимир Колокольцев, сондай-ақ, екі ел министрлерінің орынбасарлары, орталық аппараттарының басшылары мен ТМД-дағы Ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру жөніндегі бюросының (БКБОП СНГ) директоры, осы бюроға Қазақстан Республикасынан тағайындалған өкіл және жекелеген өңірлердің ІІД басшылары қатысты.

Алқалы кеңеске қатысушылар өткен жылы Өскемен қаласында ұйымдастырылған Бірлескен алқаның екінші отырысында қабылданған шешімдердің сәтімен жүзеге асырылып жатқанын, соның ішінде шекаралық ынтымақтастық айтарлықтай арта түскенін атап өтті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей ішкі істер органдарының жетекшілері заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайта түсудің бағыттарын жан-жақты қарастырды. Нәтижесінде, осы мәселе бойынша Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінде, дәлірек айтқанда, Каспий теңізі аумағында жедел алдын алу операцияларын өткізу туралы шешім қабылданды.

Оған қоса, тараптар заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты дамыту, ұлттық заңнамалардағы өзгерістер туралы мәліметтерді жедел алмасу және осы бағыттағы тиімді жұмыс тәжірибесімен бөлісуді жандандыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Басқосу қорытындысында делегация басшылары заңсыз есірткі айналымына қарсы күресте ведомствоаралық ынтымақтастықты жетілдіру, сондай-ақ, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы екіжақты уағдаластықты жүзеге асыруға қатысты құжаттарға қол қойды. Бірлескен алқаның алдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, келесі отырысты Қазақстанда өткізу жөнінде шешім қабылданды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»