Немереңіз жазған хат немесе рухыңызбен сырласу

«Апа, жағдайыңыз қалай? Біздің жағдайымыз жақсы. Сіздікі ше? Сабағымды жақсы оқып жүрмін. Сізді қатты сағындым. Апа, сіз болмасаңыз ауылда түк те қызық жоқ».
Анашым! Бұл Шымкент қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы №9 лицейде сабағын үздік оқып жүрген 7 жасар қызымның, сіздің сүйікті немереңіз Іңкәрдің жазған хатын қаз-қалпында қайталап отырмын. Неғылған хат екенін айтайын. Қайсыбір күні жұмыстан кешқұрым үйге келсем, ерке қызым: «Көке! Ауылға қашан барамыз? Апамның басына апарып қоятын хат жазып қойдым», демесі бар ма? Немереңіздің мынадай тосын сауалына бірден жауап айта алмай, ептеп есеңгіреп тұрғанымда мән-жайды өзі баяндай жөнелді. «Мектепте Жанат апай «кімді қатты сағынсаңдар соған арнап хат жазыңдар» деп тапсырма берді. Ал мен апамды қатты сағынғаннан, соған хат жаздым. Екеуміз қызық ойнайтын едік қой. Тамақ ішкен кезде де пойыз ойнап отыратынбыз...».
Анашым! «Пүштанай» деп еркелететін тәмпіш мұрын қызымның әншейінде Алматыдағы Әлия, Ғалия әпкелерін, Рахымжан ағасын, ауылдағы қарашаңырақта қалған бауырым Мәліктің бала-шағасы Назерке мен Мағжанды
аузынан тастамай айтып жүретінімен іштей сізді – Күлпаршын апасын қатты аңсайды екен-ау. «Апа, сіз болмасаңыз ауылда түк те қызық жоқ» деген сөздің салмағы жүрегімді қаншалықты тілгілеп тастағанын түсінесіз бе?
Анашым! Менің ерке қызым сізді өзінен 2-3 жас кіші бағынышты адамнан бетер басынып, айтқанын орындатып, армансыз ойнайтын. Шаршап, ауырып тұрғаныңызға, ауыратын аяғыңызбен, алпамсадай ауыр, етжеңді денеңізбен орныңыздан қайта-қайта тұру, отыру қиын соғатынына қарамастан ойын үстінде қанша мәрте қайталатса да, дегеніне көнетінсіз. Іңкәрдің осы шарттарына аяғына дейін шыдауға, онысын бұлжытпай орындауға мойынсұнған сізден өзге оған әлі ешкім кездеспей жүр. Кездеспейді де. Кім білсін, ерке қызым осыны аңсайтын шығар, осыны түсінетін шығар. Марқұм әжем Күлжәмила екеуіңіздің араңыздағы ене мен келіннің сыйластығын ауылдағылар аузының суы құрып айтады. Келін болып енемен, ене болып келінмен ешбір кикілжіңге бармай өмір сүрудің өнеге тұтар тұсы көп-ақ.
Анашым! Ұл-қыздарыңыз бірінен кейін бірі жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірсе, бірінен кейін бірі ғылым кандидаттығын қорғап жатса, мұның бәрі сіз қамыр илеп отырып, сыпыраның басында оқытқан сабақтың, тағылымды тәлім-тәрбиенің нәтижесінде қаланған берік іргетас қой. Студент болып жүргенімізде емтиханға баратын, сынақ тапсыратын күні Сіз міндетті түрде жеті шелпегіңізді пісіріп, көрші-қолаңға тарататынсыз. Құран оқытып, перзенттеріңізге рахымын, шапағатын төксін деп, Алла тағалаға сыйынудан жалықпайтынсыз. Сүйенетін көке-жәкеміз жоқ болғанымен, сыйынатын Алла тағаланың қолдауының, сіздің адал ниет, шын тілеуіңіздің арқасы шығар, талай сынақтан сүрінбей өттік, әйтеуір. Тарыдай жетістігімізге жүрегі жарыла жаздап қуанып, таудай табыс көретін ақ пейіліңізді айтсаңызшы. Әпкем Әлияның кафедра меңгерушісі, інім Рахымжанның ғылым кандидаты деп жазылған кеудеге тағатын бейджігін қиылып сұрап алып, ауылдағы үйдің төріне іліп қойғаныңыз сол кезде ерсі көрінсе, қазір көңілге керемет ыстық сезілетін аналық махаббатыңыздың бағасын кештеу біліп жатқанымыз ба, қалай өзі?!
Анашым! 10 баланы өмірге әкелген нағыз Батыр анасыз. Бауыржан дейтін бауырымыз 1,5 айлығында шетінепті. Қалған тоғызымыз, 6 ұл, 3 қыз аман-есенбіз, құдайға шүкіршілік. Барлығымыз жоғары білім алдық. Сабақты жақсы оқып, адам болсын, басқа жаққа алаңдамасын деп сіз бізді жұмсамай, қара жұмыстың бәрін бір өзіңіз бел шешіп қалай істегеніңізге қазір қатты таңданамын. Таңданбағанда ше? Малдың қыстық азығына қжетті жем-шөпті түгелдей жалғыз өзіңіз әзірлейтінсіз. Кезінде атшаптырым аумақты қамтитын үйіргелік жердің шөбін бір өзіңіз ордыңыз. Бір өзіңіз орылған шөпті арқанмен арқалап, қораға таситынсыз. Сол бір өзіңіз атқарған тірлікті бүгінде Мәлік ағам ауылдағы сыныптастарын, мен қаладан достарымды көмекке шақырып, атқа сүйретпе жегіп жүріп әупіріммен әрең атқарамыз. Таң қылаң бере қолыңызға орағыңызды ұстап, шөп оруға кірісетініңізді көнекөздер таңдай қағып айтады. Одан бөлек үйдің әйелге тиесілі қат-қабат шаруасын да істеп үлгеріп, колхоздың қара жұмысына шығатыныңыз тағы бар. Сонда сіздікі неғылған күш-қайрат, неғылған ерік-жігер, неғылған мықтылық еді. Өзіңіз жиі айтатындай, расында да, анаңыз сізді «тастай етіп туған екен».
Анашым! Әкеміз Қамытбектің колхозда үлкенді-кішілі басшылық қызметтер атқарғандықтан ат үстінен түспей жұмыс істеп, үй шаруасына бертінде ғана араласа бастады. Бірде-бір рет бетіне қарсы келгеніңізді көрген емеспіз. Керісінше, әрдайым әкемізді жақтап сөйлеп, беделін арттыруға ұмтылатынсыз. Отбасында отағасына қандай сый-құрметпен қарау қажеттігін жақсылап саналарына сіңірсін деп ұдайы бірінші кезекте әкемізге көңіл бөлуге баулыдыңыз. Осыдан да шығар, әкемізді ауруханаға, шипажайға апарғанда қасында күтім жасау үшін қосақталып жүріп, қосымша ем-дом алатыныңыз болмаса Сіздің денсаулығыңызды тексертуге арнайы назар аудармайтынымыз неткен енжарлық еді, десеңізші. Ақыры, міне, не болды?.. Сыңарынан айырылған аққу сынды күй кешіп, қайғыдан қан жұтқан әкеміздің құлазыған, жабырқаған, жасыған көңілін көтерудің, көкейіндегісін дөп басудың ешбір ебін таппай, бабын білмей, әбден әлек-шәлегіміз шығып, уақыт жылжыған сайын сіздің қадіріңіз сезіле түсуде.
Анашым! Сіз мені «Айымтай» дейтінсіз. Қайтыс боларыңыздан бұрын Айымтайыңыздың үйіне әдеттегідей әкем алдында, сіз артында ауылдың дәм-тұзымен арқаланып келдіңіз. Бірер күн үйде болып, ауылға қайтарда Раушан келініңіз бен Заңғар немереңізбен қоштасып тұрып біраз қадам аттаған соң қайта айналып келіп, тағы бетінен сүйіпсіз. «Ой, осы апамның әдеті-ай деп қана қабылдадым, қайта-қайта қоштасқанын ешқандай жамандыққа жорымаған едім» дейді келініңіз. Расында да, сіздің бір әдетіңіз, қайта-қайта бетімізді сүйе беретінсіз. Үйге кірсек те, шықсақ та. «Қызықсыз, қазір ғана үйден шығып нан әкелуге дүкенге барып келдім ғой. Есікті ашып, тағы бет сүйіп жатырсыз» деп аздап қарсылық та көрсететінбіз. Сіз жауап қатпай күле салатынсыз. Енді, міне, күлкіңізді, бетімізден қайта-қайта сүйгеніңізді сағынып, бір жылдан бері зарығып біттік.
Анашым! Сіз іштей ырым ғып, зейнетақыңызды жинап жүріп тапқан қаржыңызға таңдаған сырғасын әперіп, Алматыдағы Рахымжан балаңыздың көңілі қалаған болашақ келіннің құлағына тағып қайту үшін, құдалықтың, тойдың күнін белгілеу үшін 22 наурызда – Ұлыстың ұлы күнінде әкеміз екеуіңіз сол жақта болуды ұйғарған едіңіздер. Ал 17 наурызда сіздің 68 жасқа толған туған күніңізге бәріміз жиналып, әкеміздің 70 жылдығы мен екеуіңіздің отау құрғандарыңызға 50 жыл толған «Алтын тойды» қалай атап өтуді ақылдасуды жоспарлаған болатынбыз. Амал қанша, сіз ауылға қайтқан күннің ертеңіне, Айымтайыңыздың туған күні – 12 наурызда қан қысымыңыздың қатты көтеріліп кетуі салдарынан бірдестен ес-түссіз құладыңыз. «Жедел жәрдем» көлігі аудандық аурухананың жан сақтау бөліміне апарғанымен, комага түскен күйі бір ауыз қайта тілге келместен, тым болмаса көзіңізді бір ашпастан, небәрі бір жарым тәулік жатып түс көргендей хал кештіріп, ойда-жоқта сізді бақилыққа аттанып кете барады деп кім ойлаған? Сізді ауруды жеңіп, аяғыңыздан тұрып кететініңізге үміт артпасақ та, тілге келіп, дауысыңызды естуді, тым болмаса көзіңізді бір ашқанды қалай күттік, қалай аңсадық, қалай армандадық, десеңізші. Өкінішке қарай, арман шіркін алдамшы болып шықты. Таңға қарай фәни дүниедегі талқаныңыз таусылды. Кім білсін, шаршамаудың, қабағын кірбің шалса да қабақ шытпаудың, ауырмаудың, еркектің де, әйелдің де жұмысын қатар атқарған ер мінезділіктің өтеуі осылай өтелген шығар.
Пейіште нұрыңыз шалқысын, анашым!
Рухыңызбен сырласып, іштегі шерді тарқатқан ұлыңыз – Айымтайыңыз –
Ғалымжан Елшібай
2010 жыл
P.S. Автордан: 17 наурыз аяулы анамыз Күлпаршынның туған күні. Әттең, тіршіліктегі талқаны таусылмағанда 75 жасын арқа-жарқа атап өтетін едік. Алла осылай жазса, тағдыры осылай болса, амал не... Анашым! Туған күніңізге байланысты туындаған толғанысымнан, толқынысымнан аруағыңыз бір аунап түсіп жатса, Аллаға ризашылығымыз шексіз. 7 жыл бұрын рухыңызбен сырласып жазылған хатты өзгертпей, өңдемей, қаз-қалпында қайта ұсынуды ұйғардым.