24 Қыркүйек, 2016

Еуропалық одаққа үміткерлікке қабылданды

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Босния және Герцеговина өткен жылдың 15 ақпанында Еуропалық одаққа мүшелікке өтуге тапсырыс берген еді. Сол кезде мұндай тапсырыстың түскенін ЕО-ның Шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерика Могерини мәлімдеген болатын. Могерини ханым мұ­ны аталған ел үшін де және Еу­ропалық одақ үшін де жақ­сы жаңалық ретінде қа­был­­даған еді. Брюссельде Бос­ния және Гер­це­го­винаның Еуро­па­лық одаққа өтуі үшін ЕО-ның бар­лық стан­дарттарына сәйкес кел­мей­тініне қарамастан, Сараевоның мү­шелікке тапсырысы қаралатыны атап көрсетілген болатын. Сол тұста Босния және Гер­це­говина төралқасының төрағасы Драган Чович өз елінің үміткер ретіндегі мәртебесі көпке созылмайтынына үміт артқан еді. «Бізді реформалардың ұзақ жолы күтіп тұр. Бірақ алған бетімізден қайтпаймыз», деген еді Д.Чович. Өз кезегінде, ЕО-ны кеңей­ту және көршілестік саясаты жөніндегі еурокомиссар Йохан­нес Хан «Босния және Герце­го­винаның ЕО-ға мүшелігі бір­неше ай, тіпті бірнеше жылдан кейін де мүмкін емес» екенін көлденең тартқан болатын. 2015 жылдың 1 маусымында 2008 жылы қол қойылған ЕО мен Босния және Герцеговина ара­сындағы тұрақтандыру және ассоциация туралы келісім күшіне енді. Бұл Сараевоға Еуропалық одаққа қосылуға ресми тапсырыс беру үшін бейресми мүмкіндік ашқан еді. Күні кеше Еуропалық одақ елдері Еуропалық комиссияға Босния және Герцеговинаның кандидат мәртебесін алғанын нақтылауды тапсырды. «Біз ЕО-ға ұмтылып отырған елдерге қарай қадам жасауға тиіспіз», деп атап өтті Словакия сыртқы істер министрлігінің жоғары шенді өкілі Иван Корчок. Енді Босния және Герце­го­ви­наның экономикасы бағамдалып, демократияға қатысты ахуалы мен заң үстемдігі және адам құ­қы мәселелері сарапталатын болады. Бұл елдің мүшелікке қатыс­ты міндеттемелерді сақтауға қабі­лет­тілігін байқау үшін қажетті қағи­даттар болып табылады. Осы оқиғаға орай, Босния және Герцеговина премьер-ми­нис­трі Денис Звиздич былай деп мәлімдеді: «Біз үшін бұл күн – шын мәнінде тарихи күн... Сөй­тіп, еліміз Еуропаға қатысты ба­ғы­тын, яғни өзінің болашағын ай­қын­дай­тын болады. Бұл жағымды жаңа­лық, әсіресе, жастар үшін маңыз­ды». Атап көрсететін жайт – елдің ЕО-ға енуі үшін бірнеше ай немесе тіпті бірнеше жыл қажет бо­луы ықтимал.