• RUB:
    4.82
  • USD:
    443.35
  • EUR:
    475.54
Басты сайтқа өту
06 Қараша, 2010

Әр қадамы адал іс, адал тірлік

813 рет
көрсетілді

Ел дәулетін еселеп, болашақ ұр­пақ үшін талмай еңбек еткен алдың­ғы толқынды әруа­қытта қастерлеп отыру – кейінгі тол­қын үшін парыз. Күш-қуатының бар кезін­де, өн­діріс пен шаруашылықты басқарып, ха­лықты еңбекке ұйым­дастырған аза­мат­тарымыз бар­шылық. Солардың бірі – қай салада ең­бек етсе де тындырымды іс-әре­кетімен, адами қасиетімен үлгі болған, облыс дең­гейін­дегі бас­шылық қызметтерде білікті ұйымдас­тыру­шылығымен таны­лып, ілтипатқа бөлен­ген, Жетісу өңірінің экономикасы мен әлеу­мет­тік саласының дамуына айтар­лықтай үлес қос­қан еңбек ардагері – Әзтай Меңлібайұлы Ерсалиев. Ол тағдыр тауқыметін бір кісідей-ақ тартқан. Тоғыз жасқа толғанда асқар таудай әкесінен, он үшке жеткенде аяулы анасынан айрылған. Оның үстіне, балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыс­тағы ауыр жыл­дармен тұспа-тұс келіп, өз замандас­тарын­дай тылда шыныққан буын өкілі. Қабырғасы қара жұмыста қатайып, бұғанасы Алматы зоо­техникалық және мал дәрігерлік инсти­тутында бекіген. Әзтай аға институтты тәмамдаған соң ма­мандығы бойынша Алакөл, Ақсу, Пан­филов аудандарында алғашқы қызметін бастады. Уақыт өте оны қандай қызметке жі­бер­се де адал атқарғанын Панфилов аудан­дық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары және ауылшаруашылық инспек­циясының бастығы болған уақы­тынан айқын аңғаруға болады. Бұл өңір сол кезде облыс көлемінде ғана емес, Қазақстан бойын­ша көп мөлшерде жүгері өндіретін іргелі аймаққа айналғаны белгілі. Әзағаңның ұйымдастыру­шылық қасиетін, басшылық жігер-құлшы­нысын ескерген аудан, облыс басшылығы оны “Көктал” кеңшарына дирек­тор етіп жібереді. Экономикасы төмен­деп қал­ған кеңшарды басқарған жылдары ол ауыл­дың ажары ашылып, қазынасын молай­тады. Мал басының өсіп, халықтың әлеумет­тік ахуалы жақсарды. Қазір ондай деректер айтылса, көбіміз сол табысқа оңай қол жет­кізілгендей қабылдаймыз. Қазіргі құндылық­тар мүлде басқаша болып барады ғой. Деген­мен, еселі еңбегі еленбей қалмапты. Соның дәлелі 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайлануы, ал 1964 жылы оған “Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген зоотехнигі” атағының берілуі дер едік. Табысы еселенген кеңшардың жұмысы­мен танысуға Д.А.Қонаев­пен бірге М.Бей­се­баев, А.Асқаров, А.Мо­розов,  Г.Мельник ба­рып, Ә.Ерсалиевтің жаңашыл бастама­ларына, атқарған ісіне оң баға беріпті. Осыдан кейін оның абыройына абырой қосылады. Орда бұзар отыз жасында сол кездегі Алматы облысының басшысы Асанбай Асқаровтың ұсынуымен кеңшар директорынан облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орын­басары қызметіне жоғарылатылды. “Өткен жылы сен басқарып отыр­ған шаруа­шылықта екі рет болдым. Кең­шар­дың экономика­сын көтеруде іс­теп жат­қан жұмы­сы­ңа ауданда жә­не облыста дұрыс баға беріп отыр. Сондықтан сені осы қызметке ауыс­тырайық деп шештік”, деген Асанбай Асқаров ілтипатын Әзағаң еске алып, “Со­дан кейін Асекең менің көзімше, сол кездегі Қазақ­стан Компа­р­тия­сы Орталық Ко­ми­тетінің екінші хатшысы В.Н.Ти­товпен сөй­­лесті. Сонда В.Н.Титов: “Мұн­дай қызметке аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығынан алу керек еді”, деді-ау шамасы. Асекең сонда: “Бірінші хатшы­лар­дың ішінде жоғары ауылшаруашылық білімі барлары жоқ. Сондықтан осы ұсыны­сымызды қолдауыңызды сұраймыз” деді өтініп. Сөйтіп, ертесінде Әзекең В.Титовтың қабылдауында болып, онымен қырық минөттей әңгімелеседі. Кеңшардың барлық көрсеткіштерін айтып, ең соңында қазір қолда 130 мың қой бар екенін еске салады. Бұл сөз Орталық Комитеттің екінші хатшы­сының “шамына” тиіп кетсе керек, ол аяқ астынан ашу шақырып: “Қалайша шаруа­шылықта 130 мың қой бар?” деп қайта сауал қояды. Сонда барып, мәселенің мәнісін сезе қойған Әзағаң мұның мән-жайын тәптіштеп баяндайды. Ол: “Жылдың аяғында кеңшарда 90 мыңға жуық қой қалады, оның 50 мыңы саулық, ал 35 мың қой етке өткізіліп, қалғаны шығындарды жабуға және шаруашылықтың мұқтажына жұмсалады” деген уәжді алдына тартады. Сонда барып В.Титовтың көңілі орнына түскендей болып: “Некоторые области Российской Федерации не имеют 100 тысяч овец”, дейді. Ә. Ерсалиев екі жылдай Алматы облы­сында елі үшін туып, елі үшін қажыр-қай­ратын жұмсап, артына өшпестей із қал­дырған тұлға Асанбай Асқаровтың жетек­шілігімен жемісті еңбек етеді. Асекең­мен қызметтес болып, асыл азаматтан алған үлгісі оның одан кейінгі қызметінде үлкен пайдасын тигізді. 1968 жылдың басында Талдықорған облысы қайта құрылатын болғанда Д.Қонаевтың тікелей ұсынысымен 6 адамды ұйымдастыру бюросына сайлайды. “Жер жәннаты – Жетісу үшін, ел, халық үшін жақсы қызмет істеңдер” деп үлкен міндет жүктейді. Рес­публика бас­шысының батасын алған Әзтай Меңлібайұлы сол кезден бастап, 22 жылдан астам уақыт облыс деңгейінде жоғары лауа­зым­дарда қызметтер атқарды. Ең бастысы, қазақтың арда туған азаматы Димаш ағасы­ның амана­тын ақтауға барын салды. Әзтай Ерсалиев Талдықорған облыстық атқару коми­теті төрағасының бірінші орынба­сары, облыстық партия коми­тетінің екінші хатшы­сы, кезінде өзге азамат­тармен бірге көп жұ­мыс ат­қарыл­ғанына мысалдар аз емес. Бұл жыл­дар елге де, жерге де өз же­мі­сін берді. Қа­пал, Бөрлітөбе, Кер­бұлақ ау­дан­дары және бірнеше жаңа шаруа­шы­лық­т­ар құрылды. Бұл шаруашы­лық­тар қант қызылшасын өсірумен айна­лысты. Тынымсыз жұ­мыс, маңдай тердің нәтижесінде қант қызылшасын өндіру 500 мың тонна­дан 1 миллион тоннаға дейін жетті. Бұрыннан бар екі қант зауытына тағы да Ақсу мен Алакөл аудан­дарын­дағы екі қант зауыты іске қосылды. Сол жылдары Талдықорған облысы республикада өндіріл­ген қанттың 40 пайызын берді. Бұрын облыстың солтүстік аудандары етке малды Семейге айдап ұтыла­тын болса, мұның орнын толтыру үшін Ала­көл­ден ет ком­бинаты бой көтерді. Қой саны 3 миллионға жетті. Бұл көрсеткіш жағынан рес­публика бойынша алдыңғы орынның бірін­де болды. Ал дерекке көшсек, ірі қара саны 250 мыңға, жылқы 73 мыңға, түйе 4 мың 300-ге жеткен. Міне, қандай еңбек, нет­кен көрсеткіш! Бұл әрине, ұжым­дық жұмыс­тың нәтижесі екенін Әзекең әрдайым айтып отырады. Жоғарыдағыдай еңбегі үшін екі мәрте “Еңбек Қызыл Ту” орденімен, “Халық­тар достығы” және “Құрмет белгісі” орден­дері­мен, бірнеше рет медальмен марапатталды. “Құс қанатымен қонады, адам мінезімен жағады” дегендей, әріптестері, замандастары Ә.Ерсалиевтің көптеген шаруашылық бас­шы­ларын тәрбиелеп өсіргенін, қандай қыз­метте жүрсе де адал, іскер, тура сөйлетін ада­ми мінез-құлқын сүйсіне еске алады. Олар Әзекеңнің дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар бергенін айтады. Аға тәрбиесін көрген, бү­гінде жоғары қызметтерде жүрген Қ.Сұл­танов, С.Ақымбеков, Т.Нұрқиянов, С.Та­жиев, С.Мұқанов, А.Тұрғанбеков, Е.Ке­лем­сейітов, Н.Жантілеуов, Ж.Кульчиков, Б.Қа­сымжанов, А.Әбдікәрімов, М.Жол­жанов, Б.Капсаламов, тағы басқаларды ұрпақ жалғастығы осы деп Әзағаң мақтан етеді. Бүгінде Әзтай Ерсалиев ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған бақытты азаматтың бірі. Отбасының ұйытқысы бола білген зайыбы Зарият екеуі екі баладан немере-шөбере сүйіп отыр. “Мен бақы­тымды – адал еңбек пен сүттей ұйыған отбасымнан тапқан адаммын! Ең бастысы, Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев мемлекеттігі­міздің тұғырын нықтап одан кейінгі Тәуелсіз еліміздің күн сайынғы табысын көруді жазған тағдырыма дән ризамын. Адамда мұнан өзге қандай арман, қандай бақыт болсын!” деді асыл аға ағынан жарылып. Нұрлан ҚАЛҚА, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреты.