Қазақстанға келген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) делегациясы елдің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымын реттеу жүйесіне кешенді талдау жүргізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова делегация жетекшісі доктор Алирэз Хадиммен кездесу барысында ұлттық жүйені жетілдіру бағыттарын талқылады. Бағалау тіркеу, фармакоқадағалау, инспекциялау, лицензиялау, зертханалық және клиникалық зерттеулерді қадағалау сияқты негізгі салаларды қамтиды.
Апта бойы өтетін аудит нәтижесінде ұлттық реттеу жүйесін нығайтуға арналған жаңа жол картасы әзірленбек. Министрдің айтуынша, заңнамалар жаңартылып, заманауи цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкестікке ерекше назар аударылған.
ДДСҰ сарапшылары Қазақстанның аймақтағы беделді орны мен реттеу процестеріндегі жетістіктерін атап өтті. Олардың пікірінше, еліміз зертханалық инфрақұрылым мен бақылау жүйесінде жоғары кемелдік деңгейіне жақындап келеді.