Ұлына Керей деп ат қойған сәбидің ата-анасы – Железин ауданында тұрады. Әкесі Рүстем Ысқақов шаруа қожалығында жұмыс істейді. Анасы Айнагүл болса мектепте мұғалім. Керейге аға болатын үйде үлкен ұлдары бар. Ал облыс орталығындағы перзентханада Кереймен қатарлас туған ұлдарына Жәнібек деп ат қойған екінші ата-ана, Ақназар мен Назерке Абайділдиндер қалада тұрады. Назерке студент болса, жолдасы Ақназар жұмыста. Ұлдарына Жәнібек есімін аталары қойыпты.
Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу құрметі халықаралық деңгейде аталып өтетінен де бәріміз хабардармыз. Содан, Керей мен Жәнібек секілді ұлдар дүниеге келді деген жақсылық хабар сүйіншілей әкімдіктерге, жұртшылыққа жетті. Сөйтіп, қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Жанар Тоқаева, Рүстем, Айнагүл Ысқақовтар мен Назерке, Ақзанар Абайділдиндерге екі сәби болашақта Керей мен Жәнбек ұлы аталарындай еліне қызмет етсін деген тілекпен туу туралы куәліктеріне 100 мың теңгенің сертификаттарын қоса табыс етті. Ұрпақтар жалғасы, ата-баба жолы, тілек қабыл болды деген де осы шығар.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.
Суреттерде: Ақназар, Назерке Абайділдиндер; Рүстем мен Айнагүл Ысқақовтар.