• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 20:45

Астанада жазушы-этнограф Төрехан Майбастың кітабы таныстырылды

100 рет
көрсетілді

Бүгін, 22 сәуірде елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы-этнограф, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Төрехан Майбастың «Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, Парламент депутаттары, белгілі ғалымдар мен өлкетанушылар қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Жиынды журналист Қамбар Ахмет жүргізіп, Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнінің қоғамды рухани-мәдени құндылықтарға баулудағы маңызына тоқталды.

Көптеген прозалық, этнографиялық кітаптың авторы Төрехан Майбас баспасөз бен әдебиет саласында ұзақ жылдан бері өнімді еңбек етіп келеді. Сонымен қатар кейінгі ширек ғасырдан астам уақыт этнографиямен түбегейлі айналысып, бұл бағыттағы ізденістері түрлі жинақ болып жарық көрді. Атап айтқанда «Елқұжат», «Абадан», «Шікіл», «Үшінші ауыл», «Оныншы ауыл», «Айбар», «Жауһар», «Портреттер» атты кітаптары, «Айбөкен» әңгімелері мен хикаяттары оқырманның оң бағасына ие болды. Сонымен қатар қаламгердің таңдамалышығармалары «Сарыарқа кітапханасы» жобасынан орын алды.

Жазушының жаңа кітабы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау» бағдарламасы бойынша жарық көрді. Кітапта жұрт жадынан өше бастаған салт-дәстүрлер, көне наным-сенімдер мен ұмытылған ұғымдар жан-жақты талданған.

Іс-шара барысында сөз алған белгілі қаламгер, академик Бауыржан Омаров, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы автордың көпжылдық еңбегінің ғылыми және рухани салмағына жоғары баға берді. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов ұлттық мұраны сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтсе, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садық еңбектің тарихи маңызына тоқталды.

Салтанатты жиында академик Дихан Қамзабекұлы,Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әуесбаев, Құдайберген Бексұлтанұлы, Аманжол Әлтаев, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің өкілдері сөз сөйлеп, автордың өлкетану мен этнография саласындағы өнімді еңбегін айрықша атап өтті.

Кеш соңында жазушы-этнограф Төрехан Майбас жиналған қауымға алғыс айтып, тірнектеп жинаған мол мұрасын халқының кәдесіне жарату қаламгерлікпарызы екенін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар