Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығынан кейін білім саласын жаңғыртудың жаңа кезеңі басталды. Аталған құжатта мектептерді цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, оқыту сапасын арттыру, жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізу мәселелері айқын белгіленген. Бұл бастама білім беру жүйесін халықаралық талаптарға бейімдеп, саланы сапаландыру мақсатын көздейді.
Осы орайда Ұлытау облысында ЖИ технологияларын білім жүйесіне енгізу жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, аймақтағы 87 білім ошағында «Цифрлық сауат» және «Информатика» пәндері аясында, сондай-ақ пәндік оқытуда да жасанды интеллект элементтері көмекші құрал ретінде қолданылады.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарында Testter.kz (EdooX.com), BilimLand, Google Workspace for Education платформасындағы Gemini жүйесі, Roqed AI, Aqyl AI платформалары пайдаланылып, білім алушыларды ҰБТ, МОДО және халықаралық зерттеулерге (PISA, TIMSS, PIRLS) даярлау қолға алынған.
Айталық, платформаларды білім алушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге, оқушылардың білім жетістігін мониторингілеуге, сыртқы бақылаулар, халықаралық зерттеулерге дайындау мақсатында оқу үдерісінде қолданады. Сонымен қатар жеке оқу траекториясын қалыптастыру мен интерактивті цифрлық контент әзірлеу мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Заманауи цифрлық білім платформаларын енгізу білім сапасын арттырады.
Жалпы, облыс көлемінде 5 341 педагогтің 3 547-сі цифрландыру және жасанды интеллекті қолдану бағыттары бойынша оқытудан өтті. Бұл көрсеткіш облыс педагогтерінің 66 пайыздан астамын қамтиды. Сонымен бірге педагогикалық кеңестер мен әдістемелік алаңдарда жасанды интеллектіні қолданудың этикалық нормалары мен деректерді қорғау талаптары және академиялық адалдық қағидаты түсіндірілді. Оқу үдерісіне жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен енгізу бойынша практикалық ұсынымдар беріледі.
Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 тамызға дейін қанатқақты жобаны іске асыру аясында мектептерді техникалық жабдықтармен, оның ішінде тұрақты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
Бүгінде облыстағы барлық 87 білім беру ұйымы интернет желісіне тұрақты қосылған. Өткен жылы 46 мектеп қанатқақты режімде «Starlink» жерсеріктік технологиясына қосылып, шамамен 150 Мбит/секунд жылдамдыққа қол жеткізді. Бұл шалғай ауыл мектептеріндегі оқушылардың сапалы цифрлық білім ресурстарына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге жол ашып отыр.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Маратбек Жақыпбекұлының айтуынша, аймақта педагогтердің жасанды интеллект технологияларын қолдану дәрістері жүйелі түрде өтіп келеді.
«Бүгінде Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мұрындық болып, 3 мың педагог ЖИ технологияларын меңгеру үшін арнайы оқытудан өтті. Сонымен қатар «Ustazga AI» жобасы аясында «Amanat» партиясымен бірлесіп, 547 педагогке мамандандырылған біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды. Аталған курстар практикалық бағытта құрылып, ЖИ құралдарын сабаққа енгізу, инновациялық әдістерді қолдану және оқу үдерісінің цифрлық трансформациясын қамтамасыз етуге арналған», деді ол.
Шынында, білім жүйесін кешенді цифрлық трансформациялау – уақыт талабы. Сондықтан оны тиімді пайдалану оқыту сапасын арттырып, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейтуге, әрбір оқушыға сапалы білім беруге мүмкіндік береді.
Ұлытау облысы