• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Елорда Бүгін, 15:32

Астанада мектеп бітіру кеші қашан өтетіні белгілі болды

Астанада 18 маусымда жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтеді. Осы орайда қала әкімдігі тарапынан ата-аналар мен түлектерге мерекелік іс-шаралар кезінде қауіпсіздік талаптары қатаң сақталу қажет екені ескертіліп отыр, деп жазады Egemen.kz.

Аталған ескерту – түлектердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.

«Мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге, автокортеж ұйымдастыруға, таңды қарсы алу шараларын өткізуге, сондай-ақ қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға жол берілмейді», делінген әкімдіктің хабарламасында.

Соңғы қоңырау: Елімізде 215 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты

Сондай-ақ аттестат тапсыру рәсімін ұйымдастыру мен өткізу кезінде ата-аналарға, заңды өкілдерге немесе оқушыларға ақша, сыйлық, түрлі жарналар мен өзге де материалдық заттар жинауға қатаң тыйым салынатыны ескертілді.

Бір айдан соң мектеп бітіру кеші өтеді: Қымбат кеш − мәртебе ме, ысырап па?

«Мектеп бітіру кешінің басты құндылығы – қымбат мейрамхана мен мерекелік дастарқан емес. Оның шынайы мәні – ұстаздарға алғыс білдіру, мектеппен қоштасу, сыныптастармен ерекше естеліктерді бөлісу және болашаққа сеніммен қадам басу. Ата-аналар мен түлектерді осы айтулы күнді жоғары мәдени деңгейде өткізуге, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өзара жауапкершілік танытуға шақырамыз», делінген хабарламада.

Бұған дейін аталған мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пікір білдіріп, еліміздегі көптеген мерекенің әлдеқашан «даңғойлық жәрмеңкесіне» айналып кеткенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар