• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Денсаулық Бүгін, 16:55

Елімізде 14-17 жастағы қыздарға вакцина салынады

60 рет
көрсетілді

Қазақстанда 14-17 жас аралығындағы қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қосымша вакцина егу басталады. Бұл туралы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің биылғы 13 мамырдағы қаулысында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құжатқа сәйкес, вакциналау 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті түрде жүргізіледі. Екпе ата-анасының немесе заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімінен кейін салынады.

Қосымша иммундау 4 валентті «Гардасил» вакцинасымен жүргізіледі. Вакцина АПВ-ның 6, 11, 16 және 18 типтерінен қорғайды. Екпе үш кезең бойынша салынады:

бірінші доза – кез келген күні; екінші доза – алғашқы егуден кейін 2 ай өткен соң; үшінші доза – алғашқы егуден кейін 6 ай өткен соң.

Вакциналау білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде және емханалардағы егу бөлмелерінде өткізіледі.

Папиллома вирусына қарсы вакцина қыздарға да, ер балаларға да қажет

Қаулыда иммундау кезінде сақталуға тиіс талаптар да көрсетілген. Атап айтқанда, егу бөлмелерінде физикалық арақашықтық сақталып, бір мезетте үш қыздан артық шақырылмайды. Бір егу бригадасына күніне 40 баладан артық вакцина салмау ұсынылған.

Сондай-ақ екпе алғандар вакцинадан кейін 30 минут дәрігер бақылауында болады. Мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтер түсіндіру жұмысына тартылып, балалардың психоэмоциялық күйіне назар аударылады.

Медицина қызметкерлері әрбір ата-ана мен жасөспірімге вакцина туралы толық ақпарат беруге міндетті. Оларға екпенің әсері, ықтимал жанама белгілері және вакцинадан бас тартудың салдары түсіндіріледі.

Құжатта вакцинадан кейінгі ықтимал реакциялар да көрсетілген. Алғашқы үш күнде дене қызуы көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, қалтырау, екпе салынған жердің қызаруы мен ауырсынуы байқалуы мүмкін. Сирек жағдайда аллергиялық реакциялар мен жүйке жүйесіне қатысты белгілер тіркелуі ықтимал.

Дегенмен, мамандар бұл белгілердің көбіне уақытша екенін және 3 күн ішінде басылатынын атап өтті.

Қаулы 14 мамырдан бастап күшіне енді.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі 1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде 11-13 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы 398 мыңнан астам екпе салынғанын хабарлаған еді. Оның ішінде 248 мың қыз бірінші дозаны, 150 мың қыз екінші дозаны алған. Ресми мәліметке сәйкес, вакцинадан кейін асқыну жағдайлары тіркелмеген.

Адам папиллома вирусы қандай ауру

Соңғы жаңалықтар