• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Музей Бүгін, 12:09

«Музей түні»: Қазақстанда ерекше мәдени кеш қалай өтеді?

50 рет
көрсетілді

Қазақстанда бүгінде 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам бірегей жәдігер сақталған. Жыл сайын ел музейлеріне 6,5 миллионнан аса адам келеді. Бұл тұрғындардың тарихқа, мәдениетке және ұлттық мұраға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді, деп жазады Egemen.kz.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, музейлер енді тек тарихи мұраны сақтайтын орын ғана емес, ағартушылық, тәрбие және ұлттық бірегейлікті нығайтатын заманауи мәдени орталыққа айналып келеді.

Сонымен қатар салада ауқымды цифрландыру үдерісі жүріп жатыр. Елдегі музейлер мен қорық-музейлерде заманауи электронды кіру жүйелері енгізіліп, бірыңғай E-museum платформасы іс жүзінде бүкіл Қазақстанды қамтыған.

Қазір бұл жүйеге еліміздің 20 өңіріндегі 284 музей қосылған. Цифрлық каталогқа музей қорының 66 мыңнан астам жәдігері енгізіліп, 750 үшөлшемді модель жасалған. Сондай-ақ келушілерге 15 виртуалды тур қолжетімді. Бұл жобалар тарихи мұраны жаңа технологиялық форматта таныстыруға мүмкіндік береді.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, музейлер біртіндеп заманауи ғылыми-зерттеу және білім беру орталықтарына айналып жатыр.

Өткен жылы ғана республикалық музейлерде 1,5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде 187 көрмені шамамен 800 мың адам тамашалаған.

Соңғы жылдардағы маңызды жобалардың бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Алтын Орда» залының ашылуы және «Тәуелсіз Қазақстан» залы экспозициясының жаңартылуы болды. Министрлік мұндай бастамалар ел тарихының маңызды кезеңдерін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Бүгін, 18 мамыр күні, еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Музей түні» акциясы өтеді. Бұл кеште музейлер мен қорық-музейлер келушілерге ерекше форматтағы бағдарламалар ұсынады.

Музей түні – ұлт тарихын ұрпақ жүрегіне жақындататын жоба

Қонақтарды кешкі экскурсиялар, интерактивті көрмелер, шығармашылық кездесулер, тарихи квестер, театрландырылған қойылымдар, мультимедиялық жобалар, жарық және дыбыс шоулары, сондай-ақ жасанды интеллект элементтері қолданылған бағдарламалар күтеді.

Бұдан бөлек, келушілер қолөнершілердің туындыларымен танысып, ұлттық ойындарға қатысып, дәстүрлі тағамдардан дәм тата алады. Этноауылдарда рухани кездесулер мен киіз үйдегі түнгі шай дастарханы ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы «Музей түні» де тарих пен мәдениетке қызығатын мыңдаған адамды біріктірмек.

Соңғы жаңалықтар