Бүгін Қазақстан халқы үшін тарихи күн. Ел болып күткен LRT ресми түрде іске қосылды. Қазақстандағы ең ауқымды әрі көп талқыланған инфрақұрылымдық жобалардың бірі саналатын жаңа көлік жүйесі енді елорда тұрғындарына қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Онжылдықтың ең ауқымды жобасын өткен ғасырдағы тарихи бастамалардың бірі – Түркістан-Сібір теміржолымен салыстырсақ, LRT-ны Түрксібтің заңды жалғасы десек те болады. ХХ ғасырда Түрксіб Қазақстан экономикасы мен көлік саласының дамуына серпін берген стратегиялық жоба болды. Ол аймақтарды байланыстырып, жаңа өндіріс пен сауда бағыттарының қалыптасуына жол ашты. Бүгінгі LRT де елорданың жаңа көлік жүйесін қалыптастырып, қалалық мобильділікті жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді.
Астанадағы LRT аялдамаларының атаулары белгілі болды
Бүгін астаналық тұрғындар бірегей жаңа көлік түрінің алғашқы жолаушылары атанды. Жоба аясында жолаушылардың жайлылығына ерекше назар аударылған. Станцияларда эскалаторлар, лифтілер, автоматтандырылған билет жүйелері мен күту залдары қарастырылған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған барлық қажетті жағдай жасалған.
Мамандардың пікірінше, LRT желісіндегі рейстер ойдағыдай өтіп жатыр.
«Жобаның елорда дамуы үшін стратегиялық маңызы зор. Алғашқы рейстер жоспардағыдай өтіп жатыр. LRT Астананың жаңа келбетінің бір бөлігіне айналады. Қаланың халықаралық имиджі жақсарып, инвестициялық және туристік тартымдылығы артады», дейді «Университет» стансасының басшысы Рүстем Құттыбайұлы.
Станса басшысының айтуынша, қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жүйе халықаралық стандарттарға сәйкес келетін SIL 4 деңгейіндегі қауіпсіздікпен жабдықталған. Бейнебақылау, тұрақты мониторинг, күзет және төтенше жағдайларға әрекет ету жүйелері енгізілген. Мұнда пилотсыз басқару элементтері, цифрлық диспетчерлеу, PSD қауіпсіздік есіктері мен автоматтандырылған жүйелер жұмыс істейді.
Айта кетейік, LRT жобасын іске асыруға халықаралық серіктестер мен техникалық кеңесшілер қатысқан. Қазіргі таңда жүйенің жұмысын қамтамасыз ету үшін шамамен мыңға жуық маман тартылған.
Тарихи оқиғаның куәсі болған елорда тұрғындарының да қуанышында шек жоқ.
«Станциялар өте ыңғайлы жасалған. Барлығы автоматтандырылған. Бұл Астананың дамып келе жатқанын көрсетеді», дейді астаналық тұрғын Аруай Құлмырзаева.
Ел тарихындағы елеулі оқиғаның куәсі болу үшін өзге қалалардан келгендер де бар. Солардың бірі алматылық зейнеткер Шолпан Андабекова өзінің алғашқы жолаушылардың бірі болғандығына қуанышты екендігін жеткізді.
«Бүгін көптен күткен LRT-ның алғашқы жолаушысы атанып отырмыз. Лифт пен эскалаторлардың болғаны жақсы. Қоғамдық көлікте мұндай қолайлылық өте маңызды», дейді ол.
Осылайша, бір ғасыр бұрынғы Түрксіб Қазақстанды жаңа даму кезеңіне жетелесе, бүгінгі LRT Астананың заманауи әрі технологиялық мегаполис ретінде қалыптасуына жол ашатын жаңа көлік дәуірінің бастауы болмақ.
Президент Astana LRT жұмысын іске қосты
Алдағы уақытта LRT желісін кеңейту жоспарланған. Косшы бағыты бойынша екінші кезеңнің құрылысы басталып, жаңа желілер салу жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар ескі вокзал бағытын байланыстыратын жаңа тармақ жобаланып жатыр.