Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ азаматтардың бойында жаңа дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығып жатқанын, саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз бен мәдени кодымыз өзгере бастағанын көрсетті.
2025 жылғы 23 маусымда құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде: «Заң мен тәртіп қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды факторлардың бірі», деді.
Осы ойлардың өзі бүгінгі заңнаманы ұлттық дүниетаныммен сабақтастыра қарау қажет екенін аңғартады. Қай қоғамда да қылмыс болады, әр мемлекет оған тосқауыл қоятын тетіктерін қалыптастырады. Бірақ заң нормалары халықтың тарихи санасынан, әдет-ғұрпы мен моральдық ұстанымынан алшақ кетсе, оның өміршеңдігі де әлсірейді. Осы тұрғыдан келгенде, қолданыстағы заңдардағы «жақын туыс», «туыс» ұғымдарын кеңейту қажет деген ұсыныс өзекті. Мысалы, «Неке және отбасы туралы» кодекстің 1-бабында жақын туыстар қатарына ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер, ата, әже, немерелер жатқызылған. Қылмыстық-процестік кодекстің 7-бабының 11) тармағында да осы мазмұнда түсінік берілген. Ал аталған кодекстің 1-бабында туыстар дегеніміз – үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін ортақ ата-бабалары бар адамдар делінсе, ҚПК-нің 7-бабының 50) тармағында «арғы атасы бір, үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін туыстық байланыстағы адамдар» деп көрсетілген. Алайда «үлкен атасы», «арғы атасы бір» деген тіркестердің ауқымы нақты емес. Неше атаға дейінгі туыстық айтылып тұрғаны ашылмаған.
Ал қазақ дүниетанымында бұл мәселе әлдеқашан жүйеленген. Қасым ханның «Қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» тәрізді құқықтық дәстүрлерден бастау алған «жеті ата» қағидасы бар. Жеті атаға дейін адамдар өзара туыс саналған, ер адамның жетінші ұрпағына дейін бір атадан тарайтын адамдардың некелесуіне қатаң тыйым салынған. Бұл қағида бүгінгі заңнамада көрініс таппағанымен, халық жадында сақталып келеді. «Атамыз Алаш, керегеміз ағаш» деп шежіре таратуы, қыз алыспас бұрын жеті атасын сұрауы – соның айғағы.
Оның астарында тек этнографиялық емес, биологиялық мән жатқанын ғылым да теріске шығармайды. Қандық жақындық тектің бұзылуына, кем-кетік не әлсіз ұрпақтың дүниеге келу қаупіне әкелуі мүмкін екені айтылып жүр. Мемлекет басшысының 2015 жылғы Жолдауындағы «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» деген пікірі осы тұста айрықша мәнге ие.
Қазақтың туыстық атауларының өзі бұл ұғымның қаншалық кең екенін танытады. Әке, ата, арғы ата, баба, тек ата, түп ата, жеті ата деп жоғарылайтын жүйе бар. Төмен қарай немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежат деп жалғасады. Алыс туыстар жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын деп аталады. «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген ұл жеті рудың қамын жер» деген мақалдардың шығуы да тегін емес.
Жеті ата дәстүрін бұзғандарға берілетін жаза да ауыр болған. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман – Мамыр» дастаны соның көркем куәсі. Қалқаман мен Мамырдың төрт атадан қосылуы ел ішінде үлкен дау тудырып, Мамыр қаза табады. Қалқаманға да өлім жазасы сұралғанда Әнет баба: «Қалқаман жүйрік атпен шауып өтсін, Көкенайдың оғы тисе өлгені, тимесе жаза жоқ, бітімі солай», дейді. Мұнда мәселе жай ғашықтық хикаясы емес, қан тазалығы мен елдік тәртіпке қатысты құқықтық танымның қаталдығы көрінеді.
Қазақ қоғамында жеті атаға толған соң ғана «Жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық» деп енші бөліскен. Ақ боз үй тігіліп, ақ боз бие сойылып, ақсақалдар бата берген. Содан кейін ғана екі жақ қыз алысып, қыз берісіп, құдандалық орнатқан. Бұл – туыстық шекараны биологиялық жағынан ғана емес, әлеуметтік жағынан да айқындаған жүйе.
Қазақ «қарға тамырлы» дейді. Яғни сұраса келе, қарын бөле болып шығуы әбден мүмкін. Әр адамның өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты бар. Бірақ қазіргі заңнамалар негізінен өз жұртын ғана қамтиды. Нағашы, жиен, бөле, немере ағайын, құда, бажа, балдыз, қайын аға, қайын іні, қайын ата, ене секілді қатынастар құқықтық айналымнан тыс қалып отыр. Мұның зардабы тәжірибеде байқалады. Мәселен, бір немесе бірнеше туыстан құралған сот құрамымен істердің қаралуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда қарсылық білдірілсе де, «жақын туыс болып табылмайды» деген уәжбен қанағаттандырылмай жатады. Тәжірибеде төрағалық етуші судья мен сотталушының қорғаушысы бір-біріне құда болып шыққан іс те кездесті. Мемлекеттік айыптаушының қарсылығы «құда» ұғымы жақын туысқа да, жай туысқа да жатпайды деген негізбен қабылданбаған. Соның салдарынан алқабилер қатысқан сот отырысы осы екі құданың қатысуымен жалғасып, үкім шыққан. Қарсылық қанағаттандырылмаса да, іске қатысқандардың бәрі олардың өзара құда екенін біліп отырды. Мұндайда сот төрелігінің сыртқы бейтараптығына көлеңке түспей қоймайды.
Қазақ даласында мұндайға ежелден күмәнмен қараған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген Төле бидің сөзі бекер айтылмаған. Бұл тәмсіл билік айтушының туыстық, жақындық, жекжаттық байланыстан жоғары тұруы керектігін еске салады.
Тағы бір түйткіл – ерлі-зайыптылардың құқықтық мәртебесі. Неке және отбасы туралы кодексте ата-аналар жақын туыс саналады, бірақ ерлі-зайыптылар жақын туыс қатарына кірмейді. Сондай-ақ некесін қиып, бір шаңырақ астында өмір сүріп, ортақ ұрпақ тәрбиелеп отырған адамдарды кім деп танимыз? Егер ата-ана жақын туыс делінсе, жұбайы мен зайыбын да осы санатқа қосу қисынды.
Кодекстегі «жекжаттық» ұғымының берілуі де даулы. 1-баптың 1-бөлігінің 16) тармағында «жекжаттық – ерлі-зайыптылардың бірінің екінші жұбайының жақын туыстарына қатысы» деп жазылған. Ал орысша мәтінде: «свойство – отношение одного из супругов к близким родственникам другого супруга» делінген. Қазақша нұсқаға үңілсек, «екінші жұбайының туыстары» деген қате мағына шығады. Бұл жерде «екінші» сөзі артық әрі жаңсақ түсінік береді. Демек, аударма сөзбе-сөз емес, мағынасына қарай жасалуы керек.
Жалпы «жекжат», «жамағайын», «жамағат» атаулары да бірізді емес. Халықтық қолданыста, энциклопедиялық түсінікте және кодекстегі мағынасы үш түрлі болып кетеді. Жекжат – қандас туыстық емес, құдандалық не өзге жақындық байланысынан туған қатынас. Құданың құдасы, нағашының бөлесі, жиеннің балдызы тәрізді қатынастар осы ұғымға жақын. Бірақ мұндай адамдарға қандас туыс мәртебесін беру де, мүлде сырт қалдыру да дұрыс емес. Қазақ ұғымында мұның бәрі нақтырақ «қайын жұрт», «құда-жекжат» тәрізді атаулармен ажыратылады. Сондықтан заң мәтіндеріндегі «жекжат» сөзін де саралап, қажет жерінде «қайын жұрт» атауымен алмастырған жөн.
Азаматтық қатынастарды реттейтін негізгі актілердің өзінде де олқылық болады. Азаматтық процестік кодексте, Азаматтық кодекстің Жалпы және Ерекше бөлімдерінде жақын туыстар мен туыстар ұғымы мүлде көрсетілмеген. ҚР АК Жалпы бөлімінің 144, 145-баптарында «қайтыс болған адамның артында қалған жұбайы» деген сөздер жүр. Егер қайтыс болған адам ер кісі болса, артында қалған адам зайыбы емес пе? Ал орысша мәтіндегі «пережившего супруга умершего» тіркесі жұбайға да, зайыпқа да ортақ мағына береді. Ендеше мемлекеттік тілдегі мәтін де нақтылануы керек.
Қылмыстық-атқару кодексінің 104-бабы 3-бөлігінің 11) тармағында «жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары, сондай-ақ сотталған адаммен некеде тұрмайтын, онымен ортақ балалары бар адамдар» деген ұғым бар. Демек, заң шығарушы мұндай қатынастың барын бір кодексте мойындайды, бірақ өзге салаларда оған анықтама бермейді. Ал өмірде некесіз бірге тұрып, ортақ бала өсіріп отырған азаматтар аз емес. Бұл қатынастар әкімшілік, азаматтық, қылмыстық істерде де ұшырасады. Алайда елімізде тек мемлекеттік тіркеуден өткен неке ғана танылады. Осы себепті некесіз, бірақ ортақ балалы адамдардың құқықтық байланысын бір жүйеге түсіру қажет. Сондай-ақ туыстық тек қанмен не неке арқылы ғана өлшенбейді. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» дейді қазақ. Кейде достар, көршілер, құрбы-құрдастар, алыс ағайындар адамға ең жақын жандарға айналады. Нағашысының қолында өсіп, туған баласындай бауыр басқан жиендер де аз емес. Мұны заңдағы асырап алумен шатастыруға болмайды. Дегенмен осындай қатынастардың да қоғамдық өмірде салмағы бар. Ендеше заңнамада тым болмаса осындай жақындық қатынастарын ескеретін ұғымдық өріс болуы тиіс. Сондықтан туыстық қатынастарды заң мәтіндерінде біріздендіріп, кемінде үш топқа бөліп қарастыру орынды. Біріншісі – жақын туыстар. Бұған ата-әже, ата-ана, жұбайы не зайыбы, балалары, немерелері, шөберелері, асырап алушылар мен асырап алынғандар, ата-анасы бір және бөлек аға-інілер мен апалы-сіңлілер, сондай-ақ некеде тұрмаса да ортақ баласы бар адамдар енгізілуі мүмкін. Екіншісі – туыстар. Мұнда нағашы ата-әже, нағашы аға-апа, нағашы іні-қарындас, бөле, жиен, жезде, жеңге, күйеу, келін, бажа, абысын, құда-құдағай тәрізді қатынастар қамтылғаны жөн. Үшіншісі – қайын жұрттық туыстар. Бұған қайын ата, қайын әже, қайын әке, қайын ене, қайын аға, қайын апа, қайын іні, балдыз, қайын сіңлі және осы әулетке жақын өзге байланыстар енуі керек.
Мұндай ұғымдардың бәрі өзге тілдерге дәлме-дәл аударыла бермеуі мүмкін. Бірақ осы уәжбен қазақы атауларды заңнан ысырып тастау дұрыс емес. Орыс тілінің өзінде түркі тілдерінен енген екі мыңнан астам сөз бар: джигит, аркан, арба, казна, курган, аманат, арык, капкан, базар секілді мысал жетеді. Демек, құқықтық ұғымдар да ұлттық негізден нәр алуға тиіс.
Заң қабылдағанда халықаралық стандарттар мен өзге мемлекеттердің тәжірибесіне сүйену орынды. Бірақ сонымен бірге ғасырлар бойы қалыптасқан төл құқықтық санамызды, әдет-ғұрып нормаларын да ұмытпауымыз керек. Жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасы – соның бірі. Бұл тыйым түркі жұртында дәл қазақтағыдай сақталған бірегей құбылыс. Соған қарамастан, әлі күнге дейін ешбір заңнамада нақты бекімеген. Ал көршілес Өзбекстан 2019 жылы қаны бір және немере бауырлардың отбасын құруына заң жүзінде тыйым салды. Қырғызстан да Отбасы кодексінің жаңа жобасына осыған ұқсас шектеуді енгізіп, 2024 жылы қоғамдық талқылауға шығарды. Бізде болса, Неке және отбасы кодексінің 11-бабының 3) тармақшасында тек «жақын туыстардың» арасында неке қиылуына жол берілмейтіні ғана жазылған. Жеті ата тұрмақ, жай туыстардың өзі толық қамтылмаған.
Түптеп келгенде, бұл мәселе жай атау түзету не термин толықтыру ғана емес. Бұл – қазақтың құқықтық санасын, туыстыққа қатысты ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымын, тілдік дәлдігін, моральдық өлшемін заң мәтініне жақындату мәселесі. Егер заңнамаларда туыстық атаулар нақтылап жазылып, жеті атаға дейін қыз алыспау тыйымы құқықтық норма ретінде көрініс тапса, бұл қазақы жөн-жоралғы мен салт-дәстүрдің сақталуына да, құқық қолдану тәжірибесінің әділ әрі түсінікті болуына да қызмет етер еді.
Айболат БЕКТЕН,
Қазақстан Бас прокуратурасы жанындағы
Құқық қорғау органдары академиясыныңКәсіби оқыту институтыныңПрокурорлық қадағалау кафедрасыныңдоценті, аға әділет кеңесшісі