• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

5 мың қарағай: Қостанай облысының машина жасаушылары Аманқарағай орманына көшет отырғызды

40 рет
көрсетілді

Қостанай облысында 2022 жылғы табиғи өрттен зардап шеккен Аманқарағай орманын қалпына келтіруге арналған ауқымды волонтерлік акция өтті. AGROMASH және Allur машина жасау кәсіпорындарының 300-ден астам қызметкері 5 мыңнан аса қарағай көшетін отырғызды. Іс-шараны ұйымдастыруға жұмысшы жастардан құрылған «Еңбек жастары» қозғалысы бастамашылық еткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Акция Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық жобасының аясында өтті. Бағдарлама экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатты сақтау мәселелері төңірегінде қоғамды біріктіруге және елдегі экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған.

«Таза Қазақстан»: Келешек мектептерінің оқушылары экоакцияға қатысты

Аманқарағай орманы − Қазақстандағы маңызды табиғи нысандардың бірі. Көптеген кәсіпорын қызметкерлері үшін орманды қалпына келтіруге атсалысу азаматтық жауапкершіліктің көрінісі ғана емес, жүрекке жақын жеке оқиғаға айналды. 2022 жылы дәл осы азаматтар халықты эвакуациялау мен ірі өрттің салдарын жою жұмыстарына да қатысқан болатын.

AGROMASH зауытының президенті Динара Шүкіжанова орманды қалпына келтіруге қатысу төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының бір-біріне көрсеткен қолдауының жалғасы екенін атап өтті.

«Аманқарағайда алапат өрт болған кезде біз шет қалмадық. Бұл − менің туған жерім, сол сәтте жүрегіміз қан жылады. Жалын үйлерге таяп қалған кезде адамдардың есігін қағып, заттарын жинауға көмектестік, алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Оны еске алудың өзі ауыр, бірақ ұмыту мүмкін емес. Күйіп кеткен ағаштардың жанынан өткен сайын сол күндердің ауыртпалығы сезіледі. Бүгінгі шарамыздың мақсаты − жоғалтқанымызды қалпына келтіріп, өңірдің болашағына үлес қосу», деді ол.

Іс-шара барысында волонтерлік бастамалар мен жастар қозғалыстарының елдің экологиялық күн тәртібін жүзеге асырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, адамдарды ортақ игі құндылықтар төңірегінде біріктіреді және іс жүзіндегі патриотизмнің үлгісіне айналады.

«Таза Қазақстан»: Бір күнде елімізде 46 мың гектардан астам аумақ тазартылды

«Еңбек жастары» қоғамдық, әлеуметтік және экологиялық жобаларға белсенді қатысатын кәсіпорындардың жас мамандарын біріктіреді.

«Бізді туған өлкеге пайдалы іс жасап, орманды қалпына келтіруге нақты үлес қосуға деген ортақ ниет біріктірді. Көшеттерді өз қолыңмен отырғызғанда, болашақ ұрпаққа не қалатынын тереңірек түсінесің. Біз өндірісте машина жасауға бейімделгенбіз, бірақ зауыттан тыс жерде де өз жерің, өз мемлекетің үшін еңбек етіп, игілік жасау маңызды. Мен үшін патриотизм − құр сөз емес, нақты іс. Бүгін біз дәл сондай маңызды іс үшін жиналдық», деді Allur зауытының машина-контактілі дәнекерлеу учаскесінің дәнекерлеушісі Диас Беріков.

Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, экологиялық акцияға қатысу өңірдің дамуына нақты үлес қосып, экология мен тұрақты даму саласындағы маңызды мемлекеттік бастамаларды қолдауға мүмкіндік берген.

«Семиозер орман шаруашылығы мекемесі» КММ жетекшісі Ринат Серденбаев өңір экожүйесін қалпына келтіру ісіндегі бизнес пен волонтерлік қауымдастықтың үлесін ерекше атап өтті.

«Өрттен кейін төрт жыл өткен соң Аманқарағай табиғаты қалпына келе бастады. Ұзақ уақыт тыныш күйде жатқан қарағай тұқымдары өне бастады. Дегенмен орманға біздің көмегіміз қажет. Отырғызу үшін біз екі жылдық көшеттерді пайдаланамыз. Ірі ағаштарға қарағанда олар жергілікті ортаға тез бейімделіп, топырақпен жақсы бітісіп кетеді. Бұл олардың жерсіну көрсеткішін арттырады. Ұзақ уақыт қажет. Бірақ біз болашақ ұрпақ үшін еңбек етіп жатқанымызды түсінеміз, сондықтан жұмысымыздың мәні ерекше. Мұндай бастамалар табиғи мұраны сақтау жолында қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырады. Әсіресе еңбек ұжымдары мен жастардың белсенді қатысуы өте маңызды», деді Ринат Серденбаев.

Еске салайық, 2022 жылы Қостанай облысында болған табиғи өрт өңір тарихындағы ең ірі апаттардың бірі болды. Соның салдарынан шамамен 25 мың гектар орман алқабы зардап шекті.

Соңғы жаңалықтар