Жетісу облысы Ақсу ауданында блогерге төрт жыл бұрын жасаған әрекеті үшін 216 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Данияр Бейісқали есімді блогердің айтуынша, ол Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасын қоқыс жәшігінен тауып алып, оны ретке келтіріп, үйіне іліп қойған. Ол бұл әрекетін Instagram парақшасында «рәмізге құрмет көрсету, оны сақтап қалу мақсатында жасалған» деп түсіндірген.
«Мен мұны символға құрмет ретінде жасадым, оны сақтап қалғым келді», деген ол өз жазбасында.
Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі реттеледі
Алайда арада төрт жыл өткен соң бұл жазба Ақсу ауданы әкімдігінің назарына іліккен. Әкімдік өкілдері полицияға жүгініп, оны «мемлекеттік рәмізді мақсатсыз пайдалану» ретінде қарастыруды сұраған. Полиция блогердің жеке тұлғасын анықтап, оған айыппұл салған.
Құқық қорғау органдары мемлекеттік рәміздер заңмен ерекше қорғалатынын еске салып, оларды тек белгіленген тәртіпте ғана пайдалануға болатынын атап өтті. Азаматтарға мемлекеттік символдарды заңсыз қолданбау туралы ескертілді.