Бүгінде автокөлік өнеркәсібі ел экономикасының маңызды қозғаушы күшіне айналды. Бір кездері сырттан келетін көлікке тәуелді болған нарық қазір өз өндірісін ұлғайтып, жаңа технологияларды игере бастады. Осы тұрғыда саланың жүріп өткен жолын және қай бағытта дамитынын саралау маңызды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отандық автокөлік өндірісі 2003 жылдан бастау алады. Сол жылы елімізде алғаш рет «Нива» құрастырылды. Алғашқы бес жылда «Азия Авто» зауыты жылына орта есеппен 3,4 мың көлік өндірді. 2010 жылдан бастап сала жедел индустрияландыру бағдарламасының аясында қарқынды дами бастады.
Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, 2010-2014 жылдары өндіріс көлемі 11,4 есе ұлғайған. Бұған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ықпал еткен. Осы Қостанай облысы өндіріс картасына қосылып, жеңіл автокөліктердің 15%-ы осы өңірде шығарылды. Үкімет жергіліктендіру деңгейін 30%-ға дейін жеткізуге бағытталған шаралар қабылдады. Соған қарамастан, нарықта импорттың үлесі басым күйінде қалды.
«2014 жылы 2010 жылмен салыстырғанда импортталған автокөліктер саны 5,8 есе артты. Бұған көлік саласындағы кәсіпорындардың негізгі құралдарының тозу деңгейінің жоғары болуы (40%-ға дейін), сондай-ақ өндірістік кәсіпорындар қуатының төмендігі себеп болуы мүмкін», дейді институт сарапшылары.
Индустрияландыру бағдарламасының 2015-2019 жылдарға арналған кезеңінде автокөлік өндірісі қайтадан басым бағытқа енді. Жылына 200 мың көлік шығару мен жергіліктендіруді 50%-ға жеткізу міндеті қойылды. Алайда қаржы нарығындағы өзгерістер бұл межеге жетуге кедергі келтірді.
«2014-2015 жылдары рубль құнсызданып, ресейлік көліктерге сұраныс артты. Соның әсерінен 2015 жылы өндіріс 3 есе төмендеді. Жыл басындағы сатылым да өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 40,4%-ға құлдырады. Осыдан кейін саланы қолдау мақсатында жеңілдетілген несие, 4%-дық лизинг, утильалым енгізу және ҚҚС-тан босату шаралары қолға алынды», дейді сарапшылар.
Сол кездегі статистика аталған шаралардың оң нәтиже бергенін көрсетіп отыр. Мәселен, 2019 жылы 2014 жылмен салыстырғанда импорттық көліктер 73,6% азайған, ал өндіріс көлемі 21,7% өсіп, 44 мың автокөлікке жеткен.
Автоөнеркәсіп өрісі
Индустрияландыру бағдарламасының үшінші кезеңінде мемлекет қаржылай құралдар арқылы қолдау көрсетті. Негізгі міндет – автокомпоненттер өндірісін дамыту болды. Осы бағытта автоәйнек, қалыпталған бөлшектер, шанақ, редуктор, беріліс қорабы, дискілер мен басқа да бөліктерді шығаруға басымдық берілді. 2021 жылы отандық компаниялар 32 елден жалпы сомасы 517,1 млн долларға шанақтарды импорттаған. Импорттың жартысына жуығы көрші Ресейге тиесілі. Ішкі жану қозғалтқыштары 20 елден, шассилер 13 елден әкелінген.
Сарапшылардың мәліметінше, 2010-2021 жылдар аралығында отандық өнімдердің құндық көлемі қолданыстағы бағамен шамамен 50 есе өскен.
Бүгінгі беталысДамудың даңғыл жолына түскен автоөнеркәсіп кейінгі жылдары адымын кеңейте түсті. Қазақстанның автокөлік одағының (ҚАО) дерегінше, елде 2021 жылы – 92,7 мың (+23%), 2022 жылы – 113,2 мың (+22%), 2023 жылы – 147,6 мың (+30%), 2024 жылы – 145,2 мың (-2%), 2025 жылы – 171,4 мың бірлік (+18%) автокөлік өндірілген. Былтырғы көрсеткіш – автоөнеркәсіп тарихындағы рекордтық меже. Биыл бұл көлемді 22%-ға дейін (209 мың) ұлғайту жоспарланып отыр. Нарыққа келсек, былтыр елде 234,8 мың автокөлік сатылып, көрсеткіш 15% өсті. Жалпы сатылымдағы отандық көліктердің үлесі 69%-ды құрады. Елеулі үрдістің бірі – қытайлық брендтер үлесінің артуы. Былтыр барлық сатылған жеңіл автокөліктер ішіндегі Қытай брендтерінің үлесі 39%-ды құрады. 2020 жылы 2 мың Қытай бренді сатылса, былтыр ол 85,6 мың бірлікке жеткен. Бүгінде автокөлік өнеркәсібінде 11,6 мың адам еңбек етеді. Бір жылда жұмыс орындары 62% өсіп, саланың жұмыспен қамтудағы рөлі күшейді.
Қазір елде 11 кәсіпорын автокөлік құралдарын өндіреді. Атап айтқанда, олар: Орал қаласындағы UARM, Қостанайдағы KIA, Allur, Көкшетаудағы Камаз-Инжиниринг, Астанадағы Orbis Machinery, Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan, Hyundai Trans Kazakhstan, Hyundai Trans Almaty, Семейдегі SemAZ, Daewoo bus, Саран қаласындағы QazTehna. Енді Алматы қаласында Orbis Auto жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Айта кетейік, елімізде шиналар, аккумуляторлар, мультимедиялық жүйелер, орындықтар, резеңке кілемшелер өндіріледі.
Көлік кептелісі шектен шықты: Әрбір жүргізуші жылына кемінде 50 сағат көшеде қаңтарылып тұрады
Жыл басындағы көрсеткіш өсімнің сақталғанын дәлелдеп отыр. Қаңтар мен ақпан айларында 27,6 мың жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатылған. Бұл туралы ҚАО президенті Анар Мақашева мәлімдеді.
«Ақпан айындағы төмендеуге қарамастан, алғашқы екі айдағы қорытынды елдегі жаңа автокөліктер нарығы оң қарқынды сақтап отырғанын растады. Айта кету керек, ақпандағы ең танымал ондыққа кірген барлық модельдер ел аумағында өндіріледі. Бұл – азаматтарымыздың отандық автоөнеркәсіп өнімдеріне деген сенімінің жоғары екенінің дәлелі», дейді А. Мақашева.
Сонымен қатар қаңтар-ақпан айларында елімізде жаңа энергия көздерін пайдаланатын (NEV) 708 жеңіл автокөлік сатылып, өткен жылмен салыстырғанда 4,2 есе артқан.
ҚАО мәліметіне сүйенсек, ақпан айындағы дерек бойынша елде 5,89 млн жеңіл автокөлік бар. Оның ішінде 3 жылға дейінгі көліктер үлесі – 6,8% ғана, ал 20 жылдан жоғарылар – 41,5%. Байқағандай, азаматтардың көбі ескі көлікті тізгіндеп жүр. Сол себепті автоиндустрияның маңызды міндетінің бірі – автопаркті жаңарту болып отыр.
Даму бағдарыСарапшылар автоөнеркәсіптің алдағы даму бағытын әр қырынан бағалайды. Олардың пікірінше, сала біртіндеп жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, өндіріс құрылымы күрделеніп келеді. Автонарықты бақылау және талдау агенттігінің бас директоры Артур Мискарян жаңғыру үдерісінің әлдеқашан басталып кеткенін жеткізді.
«Елдегі кәсіпорындар біраз уақыттан бері жеңіл автокөліктердің шанағын дәнекерлеу мен бояу кезеңінде жұмыс істеп келеді. Ауыл шаруашылығы техникасы, жүк көліктері мен автобустар сегментінде өзіміздің мамандардың инженерлік шешімдері енгізіліп, біртіндеп қалыптау операциялары игеріліп жатыр. Сонымен қатар әртүрлі өңірлерде орналасқан кластерлерде автокомпоненттер өндірісі дамып келеді. Яғни, сала жұмысы тек ірі торапты құрастырумен ғана шектелмейді», дейді А. Мискарян.
Сонымен қатар ол ілгерілеуде іркіліс тудырмайтын, алайда алдағы уақытта шешімін табуы керек бірнеше мәселеге тоқталды.
«Салада кадр тапшылығы байқалады. Әсіресе техникалық және инженерлік мамандар жетіспейді. Бұдан бөлек, саланың үйлесімді дамуы үшін отандық өнімнің көршілес елдердің нарығына шығуына жол ашу маңызды. Бұл бағытта мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі әрі қарқынды жұмыс қажет», деді сарапшы.
Ал автосарапшы Арсен Шакуовтың пайымдауынша, автоөнеркәсіп бүгінде жаңа жаңғыру кезеңіне қадам басты. Ашып айтсақ, қарапайым құрастырудан біртіндеп толыққанды өндіріс кезеңіне өтіп келеді.
«Былтыр ғана қос зауыт іске қосылып, оның базасында өзге де маркалар шығарыла бастады. Бұл толық циклді өндіріске аяқ бастық деген сөз. Қостанайдағы зауыт толық инвестиция негізінде ашылды. Осыларды ескерсек, еліміз жақын болашақта өз автокөлік брендін жасауға жақындай түседі», дейді А. Шакуов.
Оның пікірінше, қазір саланы тежеп отырған нақты кедергілер жоқ деуге болады.
«Әлемдік автоөнеркәсіп пандемиядан кейін толық қалпына келе қойған жоқ, дегенмен елімізде бұл сала тұрақты дамып келеді. Мемлекет тарапынан қолдау бар, инвесторлар тартылып жатыр. Еліміздің географиялық орналасуы да тиімді, сондықтан ол логистикалық тұрғыдан тартымды алаң саналады. Қазір басты міндет – өндірісті арттырып, экспортты күшейту», дейді А. Шакуов.
Тағы бір маңызды сұрақ – ұлттық автокөлік бренді қалыптасуы мүмкін бе? Артур Мискарянның сөзінше, бұл әбден мүмкін, оған қажетті техникалық алғышарттар бар.
«Қазірдің өзінде бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Шетелдік технологиялық серіктестер, елдегі реттеуші органдар және ықтимал өндірістік қатысушылар арасында тиісті келіссөздер жүргізіліп жатқаны белгілі», деп жауап берді сарапшы.
Арсен Шакуов болса, қазіргі өндірістік және логистикалық база болашақта ұлттық брендтің қалыптасуына негіз бола алатынын айтады.
«Мысалы, Малайзиядағы Proton бренді бастапқыда шетелдік технологияларға сүйеніп дамыды. Сол сияқты елімізде де халықаралық брендтердің өндірістік алаңдары негізінде болашақта қазақстандық атаумен жаңа автокөлік шығару ықтималдығы бар. Әсіресе электрлі көліктер дәуірінде бұл мүмкіндік арта түседі», деді А. Шакуов.
Сарапшылар сала алдағы жылдары тұрақты өсімін сақтап, біртіндеп жаңа сапалық деңгейге өтетінін айтып отыр. Қысқа мерзімде түбегейлі өзгерістер болмағанымен, өндіріс пен экспорттың артуы ұзақ мерзімді дамуға негіз қалайды.
Қазақстанда көлікті сақтандыру нарығы соңғы 10 жылда алты есе өсті
Қорыта айтқанда, автоөнеркәсіп қысқа уақыт ішінде қарапайым құрастырудан өндірістік тізбегі күрделенген әлеуетті салаға айналды. Ендігі міндеттер жүйелі жүзеге асса, еліміз ішкі сұраныспен шектелмей, өңірлік нарықта бәсекеге қабілетті ойыншы ретінде орнығады.