Елімізде кеден жүйесі мен интернет-сауда саласында ірі өзгерістер жүріп жатыр. Соның бірі – үдерістерді толық цифрландыруға арналған KEDEN атты жаңа ақпараттық жүйе. Ол қазіргі қолданылып жүрген «Астана – 1» платформасының орнын басуға тиіс. Екінші, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) электрондық сауда ережелерін өзгертті. Осының бәрі сыртқы сауданы жеңілдетуді мақсат етеді. Бірақ кәсіпкерлер жаңа жүйелер дайындықсыз іске қосылса, жүк рәсімдеуде кідірістер туындап, бизнеске қосымша шығын әкелуі мүмкін деп алаңдап отыр.
Әсіресе бизнес өкілдері алаңдаулы. Олардың пікірінше, кейбір сервистердің тұрақсыз жұмыс істеуі декларация беру үдерісін қиындатып жібереді. Сөйтіп, жүктің шекарада немесе уақытша сақтау қоймаларында тұрып қалуына себеп болуы кәдік. Тез бұзылатын өнімдерді импорттайтын компания өкілі, кеден брокері Ерке Жұманова мұндай жағдайлар бизнеске өте қауіпті екенін айтады.
«Тез бұзылатын тауарларға уақыт – маңызды фактор. Мұндай өнімдер үшін әр минут, тіпті әр секунд маңызды. Егер кедендік рәсімдеу уақытында жүргізілмесе, кәсіпорындар үлкен шығынға ұшырайды. Сондықтан жаңа жүйені толық іске қоспас бұрын оның нақты жұмыс жағдайында қалай жұмыс істейтінін тексеру қажет. Жүйе үлкен жүктемеге төтеп бере алатынына көз жеткізу керек. Сонымен қатар тез бұзылатын тауарларға ерекше назар аудару артықтық етпейді. Кәсіпкерлер мен кеден арасындағы үдерістерді барынша жеңілдету маңызды», дейді ол.
Кеден саласында 20 жыл тәжірибесі бар импорт брокері Сабина Дарушова да жаңа жүйе енгізу кезінде техникалық тұрақтылық ерекше маңызды екенін айтады.
«Бізде жүйе жұмыс істемей қалған жағдайлар болды. Мұндай кезде сыртқы экономикалық қызметке қатысатын кәсіпкерлер тауарларын рәсімдей алмай қалады. Соның салдарынан бизнес шығынға ұшырайды. Кейбір жағдайда ақпараттық жүйелердегі техникалық ақаулар салдарынан кәсіпкерлер бірнеше күн бойы кедендік декларация тапсыра алмай қалған. Ал бұл жүк тасымалының тоқтауына, қоймаларда тұрып қалуына және айыппұлдарға әкеледі», дейді ол.
Жалпы, кедендік ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысы ел экономикасына айтарлықтай әсер етері анық. Себебі импорттық тауарлардың едәуір бөлігі дәл осы кеден арқылы өтеді. Егер жүйеде ұзақ уақыт ақау болса, бұл жеткізу тізбегіне әсер етіп, тауарлар кешігіп, баға шарықтай түседі. Сондықтан да бұл саладағы кез келген өзгеріс алдын ала дайындық жасалғаннан кейін ғана енгізілуі керек. Ал кейінгі кездері кеден саласы көзге көп түсіп кетті. Өзгерістер көп.
Соның ішіне Еуразиялық экономикалық одақта электрондық сауда ережелері кіреді. Оны да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл бастама алғаш рет 2020–2021 жылдары интернет-сауданы заңдастыру идеясы ретінде көтерілген. Қазір бұл үдеріс трансшекаралық сауданы реттейтін толыққанды халықаралық құқықтық экожүйе қалыптастыруға бағытталған. Қазір ЕАЭО құрамындағы 5 мемлекет электрондық сауда туралы жаңа келісімді аяқтау кезеңінде тұр. Болашақта осы құжат трансшекаралық интернет-сауданы барынша ашық әрі түсінікті етуге тиіс. Еліміз келіссөздерге белсенді қатысып келеді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, келісім жобасын талқылау барысында отандық бизнеске жағдайды нашарлатуы мүмкін нормалардың 12-15%-ы қайта қаралған.
Мысалы, бастапқыда келісім жобасында «біртұтас нарық» ұғымын енгізу ұсынылған. Бірақ отандық сарапшылар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл терминге қарсы шыққан. Оның орнына «өзара электрондық сауда» деген ұғымды қолдану ұсынылған. Бұл шешім ұлттық мүддені қорғау әрі нарықтың қазіргі жағдайын ескеру мақсатында қабылданған.
«Біз сауданы қолдаймыз. Бірақ нарық жеткілікті деңгейде бәсекеге қабілетті болғанға дейін сырттан қатаң реттеу енгізуге болмайды. Қазір еліміздегі электрондық сауда нарығы негізінен тұтынушы рөлінде. Яғни отандастарымыз шетелдік платформалардан көбірек сатып алады, ал біздің платформалар басқа елдердің нарығына әлі толық шыға қойған жоқ. Сондықтан ортақ қатаң стандарттарды бірден енгізу отандық платформаларды ірі ойыншылармен тең емес жағдайға қоюы мүмкін», дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Рас, қазір отандық маркетплейстер негізінен ішкі нарықта жұмыс істейді. Ресей немесе Беларусь тұрғындары біздің платформалардан сирек сатып алады. Сарапшылар осы жаңа келісім толық іске қосылған кезде жағдай өзгеруі мүмкін деп отыр.
«Ең көп талқыланып жатқан мәселелердің бірі – шетелден жеке тапсырыспен келетін тауарлардың қауіпсіздігін бақылау. 2025 жылы 11 желтоқсанда өткен Үкіметаралық кеңес осы мәселені реттеу туралы тапсырма берген. Соған сәйкес 2026 жылдың соңына дейін тауарлардың қауіпсіздігін растаудың жаңа ережелері енгізілуге тиіс. Жаңа жүйе бойынша көптеген тауарға жеңілдетілген хабарлама тәртібі енгізіледі. Бұл жағдайда шетелдік сатушы немесе өндіруші тауардың қауіпсіздігі туралы декларацияны өзі рәсімдей алады. Мұндай тауарларды ЕАЭО зертханаларында міндетті түрде тексерудің қажеті болмайды. Декларация маркетплейс операторы арқылы тауардың сипаттамасында жарияланады», деп түсіндірді ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері.
Бұл құжатта тауардың ЕАЭО техникалық регламенттеріне ғана емес, халықаралық стандарттарға немесе жөнелтуші елдің нормаларына сәйкес келетіні көрсетілуі ықтимал. Ал адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін «осал» санаттағы тауарларға толық сәйкестік тексеруі міндетті түрде жүргізіледі.
Тағы бір маңызды өзгеріс – электрондық сауда операторлары институтының енгізілуі. Бұл нормалар ЕАЭО «Кеден» кодексінде бекітіледі. Еліміз бұл хаттаманы 2025 жылы 4 қазанда ратификаттаған. Жаңа жүйе аясында халықаралық интернет-сәлемдемелерді жеткізу, арнайы қоймаларда сақтау мен кеден органдарымен өзара әрекет ету міндеті кәсіби операторларға жүктеледі. Бұл операторлар мемлекет алдында толық жауап береді және азаматтарды артық бюро- кратиядан босатуға тиіс. Сонымен бірге сатып алушылардың таңдауы сақталады, олар тауарды оператор арқылы немесе өз бетінше рәсімдей алады.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, бұл өзгерістер ЕАЭО-ның барлық мемлекеттері тиісті хаттаманы ратификациялаған жағдайда 2026 жылғы шілдеде күшіне енеді.
Сонымен қатар елімізде интернет-саудаға қатысты тағы бір маңызды ереже жұмыс істейді. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап елде «Google салығы» енгізілген. Бұл салық шетелдік интернет-компанияларды еліміздегі онлайн-сатылымдар кезінде қосылған құн салығын төлеуге міндеттейді. 2026 жылдан бастап бұл салықты қолдану шарттары нақтырақ анықталды. Егер сатып алушы елімізде тұрса, төлем отандық банк немесе электрондық әмиян арқылы жасалса немесе сатып алушының IP-мекенжайы мен телефон коды +7 – бізге тиесілі болса, шетелдік платформа елімізге салық төлейді. Дегенмен интеграциялық үдерісте әлі де бірқатар қиындық бар. Мысалы, 2025 жылдың соңында Ресейдің Сыртқы істер министрлігі кедендік хаттаманы ратификаттау туралы бұрын жіберілген нотаны кері қайтарған. Бұл Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында кейбір техникалық мәселелер бойынша талқылау әлі жалғасып жатқанын көрсетеді.
Ал ҰКП-ның пікірінше, кеден мен электрондық сауда жүйесінің цифрлануы халықаралық сауданың жаңа кезеңін білдіреді. Бірақ мұндай реформалардың табысты болуы, ең алдымен, жүйелердің техникалық тұрақтылығына, реттеудің теңгерімді болуына, бизнеске қолайлы жағдайдың жасалуына байланысты. Жаңа жүйелер толық дайын күйінде іске қосылса, олар сыртқы сауданы жеңілдетеді. Ал егер жүйелерде ақаулар болса, цифрландыру бизнеске кедергі келтіруі мүмкін.