Өңірде екі жылдан бері вагон құрастыру зауыты жұмыс істеп тұр. Бұл – мұнайлы облыстағы маңызды инвестициялық жобаның бірі.
«Texol» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазаваның айтуынша, зауытта жобалаудан сериялық шығаруға дейінгі өндірістің толық циклі іске қосылды. Мұның бірнеше маңызды тұсы бар. Біріншіден, жаңа өнеркәсіптік экожүйенің инновациялық өзегіне басымдық беріліп отыр. Екіншіден, Орталық Азиядағы жүк тасымалдау әлеуетінің өскені ескерілді. Үшіншіден, істен шығуы мүмкін жылжымалы құрамды уақтылы ауыстыру мен жаңа вагондарға сұраныстың артқаны әсер етіпті.
«Жобаға салынған бастапқы инвестиция көлемі шамамен 170 млн долларды құрайды. Ал жобаны толық жүзеге асыру кезіндегі инвестиция 160 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Зауыттың қуаты – жылына 6 мың вагон құрастыру. Біздің зауытта жаңа өндіріс орнында осьтік жүктемесі 23,5 мың тоннаны көтеретін жартылай вагондар мен фитингтік платформалар шығарылады. Қазір вагон-цистерналарды шығару толық жолға қойылды. Енді алдағы уақытта астық және минералдық тыңайтқыштарды тасымалдайтын жабық вагондарды, ұзын базалық вагон-платформаларды, еуропалық жолтабан үшін жылжымалы құрамды шығаруды көздеп отырмыз. Зауыт толық қуатына 2027 жылы көшеді», дейді Ш.Абхазава.
Оның пікірінше, зауыт мамандары сұйытылған газ бен мұнай өнімдерін, құрғақ жүктерді тасымалдауға арналған теміржол вагоны мен цистерналарды құрастырумен шектелмейді. Вагондардағы түрлі ақауды жөндейді. Мақсат – вагон құрастыру кластерін қалыптастыру.
Зауыттың бас директоры Аманқос Құлмағамбетовтің дерегіне қарағанда, компания сериялық өндірісті іске қосумен қатар сертификатталған өнім желісін айтарлықтай кеңейтіп отыр. Өйткені барлық сынақ сәтті өтіп, қажетті сертификаттар алыныпты.
«Біз ашық вагондарды, платформалар мен екі типті цистернаны шығарамыз. Ашық вагондарды жабуға арналған қақпақты шығару өндірісі игерілді. Бұл бөлшек ведомствоаралық сынақтан өтті. Жылжымалы құрам мен оның қосалқы бөлшектерін өндіретін кәсіпорынға берілетін бірегей сәйкестендіру коды мен шартты таңбалау нөмірі бар куәлік алынды», дейді А.Құлмағамбетов.
Зауыт мамандары 1520 мм жолтабанда жүретін барлық үлгідегі жүк вагондарын шығаруды мақсат етіп отыр. Бұл ұзындығы бойынша әлемде екінші, ал ТМД елдері аумағында бірінші бірегей вагон болмақ.
«Компанияда жеке конструкторлық бюро бар. Біздің мамандар вагон түрлерінің жобасын өздері жасайды. Сол жобаға сәйкес вагондар өз зауытымызда құрастырылады. Вагондардың сертификатын дайындап береді», дейді зауыт директоры.
Биылғы ақпанда Атырау вагон құрастыру зауыты Қазақстан тауар өндірушілерінің тізіміне әмбебап жартылай вагон өндіруші ретінде тіркелді. Бұл кәсіпорынның отандық өндіруші мәртебесін ресми түрде алғанын растайды. Енді зауыттың дамуына, өнім көлемін арттыруға, еліміздегі жүк вагондарын шығаратын жетекші кәсіпорынға айнал-уына жол ашылды.
Директордың дерегіне қарағанда, зауыттың ауқымды жоспары бар. Нақтылай айтқанда, әрқайсысы 40 футтық екі контейнерді, жабық вагондарды тасымалдауға арналған ұзын базалық платформалар өндірісі мен қысымға шыдайтын ыдыстар санатына жататын цистерналарға қазандар дайындау қолға алынады.
«Елімізде дәл осындай өндіріс орны жоқ. Тіпті Ресей мен Беларусьтегі кәсіпорындарда мұндай технологиялар әзірге қолжетімді емес. Біздің зауыт бастапқыда кең ауқымды өнім номенклатурасы бар вагон жасау кешені ретінде жобаланған болатын», деді А.Құлмағамбетов.
Рас, өндіріс өрісін кеңейтуге сапалы шикізат қажет. Материалдардың бiр бөлiгi iшкi нарықтан сатып алынады. Алайда елімізде жоғары талапқа сәйкес қазанға арналған болат әзiрге қажеттi көлемде шығарылмайды. Сол себептен зауыт басшылары бұл мәселені отандық металлургиялық кәсіпорындармен бірлесе шешуге ұмтылып отыр.
«Жергілікті кадрларды даярлауға ерекше назар аудардық. Қазір зауытта 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Штат кеңейіп келеді. Кәсіпорын базасында нақты технологиялар мен бұйымдар шығаруға мамандарды даярлайтын жеке оқу орталығы құрылды. Өйткені біз дәлдігі миллиметрмен өлшенетін халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейміз. Бұл тиімді технологиялық кластерді құруға мүмкіндік береді», дейді А.Құлмағамбетов.
Былтыр аталған компаниялар тобы жүк вагондарына арналған доңғалақ жұптарын шығарып, толық циклде күрделі жөндеуден өткізетін шеберхананы іске қосты. Мұндағы жұмыс толығымен автоматтандырылған.
«Бұл жобаның маңыздылығы өндірісте ғана емес, өнеркәсіпті әртараптандырудың нақты бағыты саналады. Осыған дейін сырттан әкелінетін бөлшектер ғана енді өзімізде өндіріле бастады. Жалпы, «Махамбет» өнеркәсіптік-өндірістік кешені индустриялық аймаққа айналды. Мұнда вагон жөндеу, компоненттер шығару, газ терминалдары мен арнайы техникалық қызмет көрсететін нысандар шоғырланған. Жақын арада құйма өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл қадам жергіліктендіру деңгейін 96%-ға дейін жеткізіп, импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтады», деді облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров.
Кәсіпорын басшыларының пікіріне сүйенсек, ұзақмерзімді келешекте жобаны дамыту отандық қамту мен өнеркәсіптік кооперацияға қуатты серпін береді. Ал зауыт өнімдері ішкі нарықта ғана емес, одан тыс елдерде де сұранысқа ие болады. Пайдалану мерзімі 30 жылдан асатын отандық вагондар мен қазандарға, сондай-ақ контейнерлік тасымалдауға арналған жабық вагондар мен платформалар сұранысқа ие болып отыр.
Атырау облысы