• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Айтыс Бүгін, 08:00

Айтыстың ақтаңгері

10 рет
көрсетілді

Түркістанда белгілі айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің, «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері, Түркістан қаласы мен Отырар ауданының құрметті азаматы Бекарыс Шойбековтің мерейтойына арналған «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» атты «Наурыз» республикалық ақындар айтысы өтті.

Аламан айтысқа елімізге танымал сөз шеберлері, кіл мықтылар қатысып, өзара бақ сынасты. Сахна төрінде өткен тартысты додада ақындар суырыпсалмалық өнердің үздік үлгісін көрсетіп, ел бірлігі, ұлттық құндылық пен қоғамдағы өзекті мәселелерді кеңінен жырлап, көрерменге ерекше рухани серпіліс сыйлады. Әрине, Бекарыс Шойбеков те ақындар назарынан тыс қалған жоқ. Оның қоғамдағы орны, айтыс өнеріне қосқан үлесі, адами болмысы ақындар жырына арқау болды. Әзіл-шыны аралас жыр жолдары да арналды. Мысалы, Иранғайып ақын: «Атқа мінсе қалады қызық болмай, Ат басындай алтын да, күмісің де. Айтыстың шайын ішіп көрмеседе, Айтыс үшін баратын «у» ішуге. «Арыстан», «киллер» ақын атанды ғой, Мейірім болмаған соң дым ішінде. Безбүйрек Бекарысты дәл осылай, Мақтаймын деп ойламаппын тірісінде...» деп әзілдесе, Еркебұлан Қайназар: «Бекеңді «Арыстан» деп текке айтпайды, Арттағы інілері құрақ ұшқан. Туып-өскен жерінде жатыр оның, Қожа Ахмет Ясауидің пірі Арыстан. Мұзбалақ Мұқағали айтқандайын, Сөзімді келтірейін құрап ықшам. «Бір Арыстан өмірден өткенімен, Өмір сүріп келеді тірі арыстан», деп жырға қосты.

Айтыстың қазылар алқасына ақын, «Отан» орденінің иегері, Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман төрағалық етіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Көп­шіліктің көңілінен шыққан жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлдені Астана қаласынан келген Иранғайып Күзенбаев иеленді. Ал ІІ орын түркістандық Даурен Ақсақалов пен Батыс Қазақстан облысынан Жансая Мусинаға бұйырды. ІІІ орынды Қызылорда облысынан Мұх­тар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанхан еншіледі.

Айта кетелік, Түркістандағы Дос­тық үйінде Бекарыс Шойбековтің «Ай­тыстың алтын айдар Бекарысы» атты төрт томдық кітабының тұсауы кесіліп, сахна шеберлерінің абызына, ақылшысына айналған Жүрсін Ерман мен айтыстың қазіргі ұйым­дастырушысы Аманжол Әлтай бастаған топ жылы лебіздерін білдірді.

 

ТҮРКІСТАН 

Соңғы жаңалықтар