Биылғы Наурыз мейрамында Алматы театрлары «Қара жорға» биінің ырғағымен тоғысты. Алматының беткеұстар театрлары көктемнің келгенін әйгілейтін мереке қарсаңында бір үйдің баласындай «Қара жорға» биледі.
Осынау ауқымды перформансқа Алматыдағы Наталия Сац атындағы театр мұрындық болды. Оған Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетті.
Ғаламат би шеруіне Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Республикалық академиялық неміс драма театры да қосылды.
Жоғарыдағы театрлардың бағыты мен жанры, шығармашылық мектептері басқа болса да, «Қара жорға» биінің ырғағы оларды біртұтас мерекелік сахнаға айналдырды. Бұл әрі тарихтан тамыр алған ынтымақтың жарқын нышаны іспетті әдемі әсер қалдырды.
Өз кезегінде «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі бірегей хореография әзірлеп, флешмобтың кәсіби деңгейде өтуіне үлес қосты. Жобаның жүзеге асуына Almaty TV телерадиокомпаниясы да ерекше ықпал еткенін атап өткен жөн. Арна хабар таратушы ғана емес, негізгі ақпараттық серіктес әрі идеялық қолдаушы ретінде түсірілім жұмысын ұйымдастырып, медиялық қолдау көрсетті. Соның арқасында мерекелік көңіл күйді миллиондаған көрермен экран арқылы сезіне алды.
Ерекше тоқтала кететін тағы бір жайт, флешмобқа қатысқан драма актерлері кәсіби бишілермен бірге, небәрі бір аптаның ішінде дала биін шебер меңгеріп, мәдени мұраға деген сүйіспеншілігін сыйғыза білді.
АЛМАТЫ