Дауыс берудің аяқталуына байланысты Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ақпараттық кеңістікке жүргізілетін мониторингті жалғастырып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы күні бойы дауыс беру рәсіміне қатысты типтік фейктер мен манипуляциялық материалдардың таралуы тіркелгенін айтты.
Сайлау учаскелерінің жабылуымен мұндай ақпараттық шабуылдардың белсенділігі, әдетте жаңа кезеңге өтеді. Орталықтың болжамы бойынша, жалған ақпараттың қарқыны түпкілікті бәсеңдегенге дейін негізгі екпін дауыс беру процесінен дауыстарды санау рәсімі мен оның нәтижелеріне күмән келтіруге ауысады.
Атап айтқанда, ақпараттық кеңістікте мынадай мәліметтер таралуы мүмкін:
дауыс берудің нәтижелері алдын ала белгілі болды делінген «ақпараттың тарап кетуі»; жалған экзит-полл нәтижелері; «дауыс санау кезінде бюллетеньдерді ауыстыру» туралы негізсіз мәлімдемелер; «сайлау жәшіктерін» немесе құжаттаманы «жасырын алып кету» туралы хабарламалар; желіде таратылатын, қорытынды нәтижелер ретінде ұсынылған «құжаттар» мен кестелер; «референдумды өтпеді деп тану» туралы негізсіз мәлімдемелер.Түрлі елдердегі электоралдық науқандарды бақылау тәжірибесі көрсеткендей, қандай ма ақпараттық шабуылдардың бір бөлігі келесі күні де таралуы мүмкін. Бұл кезеңде дауыс берудің жекелеген эпизодтарын бұрмалап көрсету, сондай-ақ референдумның маңыздылығын төмендетуге бағытталған жарияланымдар жиі пайда болуы мүмкін.
Айта кетейік, Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама бойынша Exit poll нәтижесі жарияланды. Қазақстандықтардың 86,7%-ы референдумда «Иә, қабылдаймын» деп жауап берген.
Сонымен қатар референдумда 9 126 850 азамат өз таңдауын жасады. Ол тізімге енгізілген азаматтардың 73,24 %-ын құрады. Айта кетейік, референдумның ресми нәтижелері 2026 жылғы 21 наурызға дейін жарияланады.