• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:02

Басты ұстаным – ұлттық заңнама мен халықаралық норма

10 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция жобасына байланысты референдумның өту барысын бақылау үшін Қазақстанға келген Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясының байқаушыларымен кездесті.

Мәулен Әшімбаев ТүркПА мис­сия­сының мүшелеріне ілтипат білдіріп, олардың мониторингі Қазақстандағы демократиялық институттардың дамуына және қоғамдағы сенімнің нығаюына ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл тәжірибе өтіп жатқан үдерістердің ашықтығы мен объективті бағалануына қосымша мүмкіндік беретінін айтты.

Сұхбат барысында Сенат төрағасы Қазақстанның Таяу Шығыстағы қақтығысты халықаралық құқық және Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы аясында дипломатиялық жолмен бейбіт реттеуді қолдайты­нына  ерекше назар аударды.

Өз кезегінде делегация басшысы Осман Местен миссияның объективтілік қағидаттарына берік екенін атап өтті. Ол референдумның елдің ұлттық заңнамасына және халықаралық нормаларға сай та­быс­­ты өтуіне тілектестік білдірді.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Қазақстанға жаңа Конституцияға байла­нысты референдумға халық­аралық байқаушы ретінде келген Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы Парла­ментаралық Ассамблеясының өкілдерімен кездесті.

Кездесуде Палата спикері ТМД ПАА өкілдеріне жаңа Ата заң жоба­сының негізгі ережелері туралы жан-жақты айтып берді. Соның аясын­да елдің алдағы даму бағдары, оның ішінде адам капиталын дамыту, мем­лекеттілікті нығайту, Тәуелсіздік пен егемендікті күшейту және ішкі сая­си тұрақтылық пен қоғамдық ке­лі­сімді сақтау мәселелері сөз болды.

Өз кезегінде халықаралық байқау­шылар Қазақстанда референдум­ды ұлттық заңнамаға және халықаралық тәжірибеге сәйкес жоғары деңгейде ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ олар референдумға мониторинг жүргізу жөніндегі жоспарлары туралы айтып берді.

Сенат төрағасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы өкіл­дерімен де кездесті. Олар Қазақ­станға Конституцияға байланыс­ты референдумға халықаралық байқаушы ретінде келген.

Мәулен Әшімбаев ҰҚШҰ ПА делегациясын Ұйымның 20 жыл­ды­ғымен құттықтап, осы алаң аясында жү­зеге асырылып жатқан көпжақты ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Ол Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл ат­қаратын құрылым ретінде қарас­тыратынын атап өтті.

Сонымен қатар Сенат төрағасы жаһандық тұрақсыздық күшейіп, халықаралық ахуал шиеленісе түскен қазіргі жағдайда заманауи сын-қатерлерді нақты бағалап, құбылмалы әлемнің талаптарын ескере отырып, мемлекеттік басқару мен даму жүйесін қалыптастыру айрықша маңызды екенін айтты.

Өз кезегінде халықаралық бай­қаушылар Қазақстанда жүр­гізіліп жатқан реформаларға оң баға берді. Сонымен қатар олар референдумды Қазақстан заңнамасына және халықаралық тәжірибеге сәйкес ұйымдастырудың маңызын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар