• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:43

Бюджет-салық саясатының жаңа бағдары

10 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқасына қатысып, бюджет-салық саясатының басымдықтарын белгіледі.

Вице-премьер ведомствоның мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтіп, қызметкерлердің жас буыны елдің бюджет жүйесін тиімді басқару жұмысын лайықты жалғастырып келе жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, Үкіметтің эко­номикалық блогінің алдында ауқымды міндет тұр. Оны жүзеге асыру көбіне Қаржы министрлігінің жүйелі әрі мақсатты жұмысына байланысты.

«Өткен жылы мемлекеттік қар­жы­ны шоғырландыруға арналған бюджет-салық реформасы жүргізілді. Бүгінде оны жүзеге асыруда Қаржы министрлігі шешуші рөл атқарады. Мемлекеттің әлеуметтік бағдарын сақтай отырып, бюджет шығыс­тарын қатаң тексеріп отыруымыз қажет», деді С.Жұманғарин.

Биылғы басымдықтың бірі – тиімсіз шығыстарды анықтап, бюджеттік бағдарламаларды оңтайландыру мақсатында жан-жақты қайта қарау. Салықтық әкімшілендіруге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл 4 трлн теңгеден астам салық түсіру міндеті қойылды. Бұл ретте әкімшілендіру цифрлық құралдарға негізделіп, әділ болып қалуға әрі бизнеске артық қысым жасамауға тиіс.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин қаржы блогінің цифрлық трансформациясы жүйелік сипат алғанын атап өтті. «Smart Data Finance» талдамалық базасы құрылып, салық төлеушілердің қызметін қадағалау жүйесі енгізілді. Бұл ретте барлық цифрлық шешім үздіксіз жұмыс істеуге тиіс. Себебі салықтық басқарудың жаңа моделі цифрлық қызметтің сапасына тікелей қатысты.

Сондай-ақ алқа барысында биз­несті жаңа Салық кодексіне біртіндеп бейімдеу үшін «Таза парақ» бір реттік акциясы жүзеге асырылып, Салық кодексінің жаңа нормаларын имплементациялау мәселесі Жобалық кеңсе шеңберінде апта сайын талқыланатыны айтылды.

Микро және шағын бизнес биыл 1 сәуірге дейін негізгі борышын өтеген жағдайда, өсімпұл мен айыппұлды есептемей, жеңілдетілген жою рәсімін пайдалана алады. ҚҚС бойынша есепке уақтылы қойылмағаны үшін салынатын айыппұл да жойылады.

Салық қатынастарын қайта іске қосу шеңберінде: 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін ұсынылған есеп беру бойынша, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдегі міндеттемеге камералдық бақылау тоқтатылды; 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін салық кезеңдері бойынша салықтық тексерулер мен әкімшілік жазалар тоқтатылды; 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған мәмілелер мен тіркеулерді жарамсыз деп тану туралы талап қою тоқтатылды.

Бұл шаралар салық төлеу ерікті­лігін арттырып, мемлекет пен бизнес­тің жаңа өзара іс-қимылы үлгісін қалыптастыруға арналған.

Биыл салық жүйесін цифрландыру жалғасады. Оңайлатылған де­клара­цияны автоматтандыру, салық есеп­тілігі нысандарын алдын ала толты­ру, салық төлеушілерге арнап ЖИ-сервис енгізу, Мемлекеттік кірістер комитетінің дерекқорын басқа ведомстволармен интеграциялау жоспарланған. Заңды тұлғаларға төлемдерді автоматты түрде есептен шығаратын «Салық әмияны» тетігі енгізіледі.

«Цифрлық ҚҚС» жобасы шең­берінде негізгі ақпараттық жүйе­лерді интеграциялау жалғасады. Мем­­лекеттік сатып алу саласында цифр­лық теңге қолданылатын қанатқақты жобаны іске қосу көзделіп отыр.

Қазір мемлекеттік кірістер органдары 42 қызмет түрін көрсетеді. Оның 39-ы (92%) электрондық форматқа ауыс­тырылды. 13 қызмет толық авто­мат­тандырылған, 37-сіне eGov.kz пор­талында қол жеткізуге болады. Биз­несті сүйемелдеудің проактивті сервистік үлгісіне көшу жұмысы одан әрі жалғасады. 

Соңғы жаңалықтар