Премьер-министр Олжас Бектенов Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы «С5+1» форматы шеңберінде мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері бойынша Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Кеңес жұмысына дипломатиялық корпустың, оның ішінде жаңадан тағайындалған АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт, сондай-ақ халықаралық компаниялар мен іскер қоғамдастықтың өкілдері және мемлекеттік органдар басшылығы қатысты.
Отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Премьер-министр елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстан маңызды саяси кезеңнен өтуде. 15 наурызда болатын жалпыхалықтық референдумда азаматтар жаңа Конституцияның жобасы бойынша дауыс береді. Жаңа Конституция Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларын айқын көрсетеді. Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық циклді толыққанды іске қосуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда», деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар 19 ақпанда Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысының ерекшелігіне назар аударылды.
«Кеше Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің бірінші отырысына қатысып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бастамасына қолдау білдірді. Қазақстан Газаны қалпына келтіру үдерістеріне қатысуға мүдделі. Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынастардың орнықты дамуы Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді», деді О.Бектенов.
Жиынға қатысқан АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт екі ел арасындағы байланыстардың тереңдеп келе жатқанына тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонда жаһандық аренада сөйлеген сөзі әсерлі болды. Біз бүгінде жоғары деңгейде орныққан екіжақты қарым-қатынастарымыздың одан әрі кеңеюін күтеміз. Коммерциялық ынтымақтастығымыз былтыр рекордтық көрсеткішке жетті. Тек өткен жылдың 4-тоқсанының өзінде қазақстандық және америкалық компаниялар арасындағы мәмілелер көлемі 17 млрд долларға жетті. Бұл нәтижелер біздің көзқарасымыздың бір екенін және екі елдің экономикалық өсімін көрсетеді. Оның игілігін халқымыз көрмек, сонымен бірге өзара қарым-қатынасымыз нығая түседі», деді АҚШ елшісі.
Отырыста шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейту, ұзақмерзімді капиталды, технологияларды, үздік халықаралық тәжірибелерді тарту, бизнеске ашық әрі болжамды орта қалыптастыру мәселелері талқыланды. Инвестор-компаниялардың өкілдері инвестициялық өзара іс-қимылдың оң динамикасы мен салық реформасы аясында реттелетін ортаның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға, цифрландыруға, өндірісті локализациялауға, озық технологияларды енгізуге, тұрақты экономикалық өсімге бағытталған ұзақмерзімді әріптестікті қалыптастыруға басымдық берілді.
«Ситибанк Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Сәуле Жақаева «С5+1» алаңдарындағы уағдаластықтарды жалғастыру мақсатында бюджетке салмақ түсірмей, US EXIM кепілдігі арқылы теміржол, авиациялық және аэронавигациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға қаржы тартылғанын айтты. Оның айтуынша, бұл қадам елдің технологиялық деңгейі мен транзиттік әлеуетін күшейтеді.
«Eurasia Group Kazakhstan» бас операциялық директоры Сергей Глокке Үкіметтің қолдауымен елімізде John Deere техникасын өндіруді локализациялау, сервистік инфрақұрылымды кеңейту мен АӨК-те кооперацияны тереңдету жоспарлары туралы айтты. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы зауытта ауыл шаруашылығы техникасы мен көкөніс өсіруге арналған жабдықтар желісін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ отандық мамандар АҚШ-тағы John Deere кәсіпорындарында біліктілігін арттырады. Сергей Глоккенің айтуынша, былтыр Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы кадрлық әлеуетті күшейтуге серпін берді. Ауыл шаруашылығы секілді жетекші салаларға мамандар даярлау басым бағыт болып қала береді.
«Wabtec Corporation» компаниясының ТМД елдері мен Моңғолиядағы далалық сервистер және техникалық қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Ғайни Дүйсенова кәсіпорындарда цифрлық технологияларды енгізу арқылы өндірісті кеңейту жоспарларын бөлісті. Еліміз америкалық «Wabtec Corporation» холдингінің өңірдегі өндірістік серіктестері арасында көлемі жағынан екінші орында тұр. Ынтымақтастық жылдарында елде 700-ден астам локомотив шығарылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 100 теміржол техникасын құрайды. ҚТЖ-мен әріптестік шеңберінде локомотивтер мен дизельді қозғалтқыштарды шығаруды одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Елімізде теміржол инфрақұрылымын дамыту, «осал тұстарды» жою бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарды ескере отырып, локомотив паркін жаңарту және өндірістік қуаттарды кеңейту елдің транзиттік әлеуеті мен өткізу қабілетіне серпін береді.
«Freedom Holding Corp.» бас атқарушы директоры Тимур Турлов «C5+1» форумы аясында OpenAI және NVIDIA-мен жасалған келісімдер елімізге білім беру мен ЖИ-ді дамыту саласында түбегейлі жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты. Оның айтуынша, бұл бастамалар цифрлық экономикаға кадрларды жүйелі даярлауды көздейді әрі Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасын қоса алғанда, заманауи есептеу инфрақұрылымын қалыптастыруға негіз бола алады.
«Deloitte Kazakhstan» компаниясының салық практикасы жөніндегі серіктесі Елдос Сыздықов елде жүргізіліп жатқан салық реформасы аясында қабылданған өзгерістерге оң баға берді. Сонымен қатар ҚҚС-ты уақтылы қайтармағаны үшін өсімпұлды уақытша алып тастау мен әкімшілендіру рәсімдерін жетілдіру теңгерімді сипатқа ие екенін, ал жаңа нормалар ашықтықты арттыруға, іскерлік ортаны нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Жалпы, арнайы салық режімдерінің параметрлерін қайта қарау, ең алдымен, теңгерімсіздіктерді жоюға, салық салудың әділ жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Көтерілген мәселелерге қатысты Қаржы және Сыртқы істер министрліктерінің басшылары өз пікірін білдірді.
Өз кезегінде Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қолайлы инвестициялық ахуал құруға бейілді екенін атап өтті. Жаһандық технологиялық тізбектерді қалыптастыру аясында Үкімет халықаралық технологиялық компанияларды ынтымақтастыққа тартуға, серпінді цифрлық жобаларды жүзеге асыру үшін инфрақұрылым құруға басымдық береді. Отырыс қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға Америка сауда палатасымен бірлесіп алдағы жұмыстарда жиында айтылған бастамалар мен бизнес ұсынымдарын ескеру тапсырылды.