Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының финалында Нұрбек және Айбек Оралбайлар өнер көрсетті, деп жазады Egemen.kz.
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, Нұрбек Оралбай 85 келідегі финалдық сында Өзбекстан боксшысы Жасурбек Юлдошевке қарсы қолғап түйістірді. Қарсыласынан қарағанда тәжірибесі әлдеқайда мол отандасымыз 3 раундта да рингте еркін қимылдап, жеңіске жетті.
Ал әлем чемпионы, +90 келідегі Айбек Оралбай шешуші сында Қытай спортшысы Данабек Байкенжеге қарсы шаршы алаңға шықты. Отандасымыз жекпе-жекте қарсыласына ауыр соққыларын дарытып, әр раундты өз еншісіне жазды. Қорытынды есеп: 5:0.
Айбек бұған дейін 2022 және 2024 жылдары Азия чемпионы атағына қол жеткізген. Осылайша ол үшінші рет Азия чемпионы атанып отыр. Айта кетейік, бұған дейін тек Василий Левиттің ғана 3 дүркін Азия чемпионы деген атағы болған еді.
Ерлер және әйелдер құрамасын қоса алғанда ел боксшылары Азия чемпионатын 6 алтын медальмен қорытындылады. Күні кеше жеңістің бірінші тұғырынан көрінген бұрымды боксшыларды Президент құттықтады.