Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан Азия чемпионатының ерлер арасындағы финалдық сыны өтіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
70 келіде әлем чемпионы Төрехан Сабырхан ересектер санатындағы алғашқы Азия чемпионатының финалында иорданиялық Зеяд Ишаишке есе жіберді.
3 раундтың қорытындысы бойынша 5:0 есебі тіркеліп, Зеяд Ишаиштің қолы көтерілді. 20 жастағы Төрехан бәсеке барысында ширек финалда Шамшер Саидовты (Тәжікстан), кейін Ван Пейченды (Қытай) қапы қалдырды.
Айта кетейік, жазғы Азия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері Ишаиш 2024 жылы өз елінде өткен Азия чемпионатының финалында отандасымыз Асланбек Шымбергеновпен жұдырықтасып, жеңілген еді.
Төреханға дейін 60 келіде шаршы алаңға шыққан Оразбек Асылқұлов үндістандық Сачин Сачинді қапы қалдырып, чемпионаттың алтын жүлдесін қанжығалады.
Сондай-ақ күні кеше қыздар құрамасы Азия біріншілігін 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен қорытындылады. Жеңістің бірінші тұғырынан көрінген бұрымды боксшыларды Президент құттықтады.