• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:28

Салада ынтымақтастық арта түседі

20 рет
көрсетілді

Джеффри Пьюн,

Аризона университетінің профессоры:

– Қазіргі жоғары оқу орны – тек дәріс оқитын орын емес, қоғамның интеллектуалдық қуатын қалыптастыратын, жаңа идеялар мен технологиялар өндіретін білім индустриясының басты өзегі. Университет енді тек білім беруші емес, елдің экономикалық, мәдени, инновациялық дамуына ықпал ететін орталыққа айналуға тиіс.

Бүгінгі заман университеті үш бағытта дамып келеді. Біріншіден, білімді беру, яғни оқыту үдерісі – кез келген оқу орнының басты миссиясы. Осы арқылы студенттер іргелі ғылымды меңгеріп, тәжірибелік қабілетін шыңдайды. Екіншіден, жаңа білім жасау – ғылыми зерттеу мен ізденістің нәтижесі. Нағыз университет жаңа идеяларды тауып, оларды ғылыми айналымға енгізеді. Үшіншіден, білімді айналымға енгізу, яғни алынған ғылыми нәтижелерді нарық талабына бейімдеу – қазіргі заман талабы. Бұл бағыт интеллектуалдық меншікті дамытып, жаңа технологияларды коммерцияландыруға жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда, кейінгі жылдары Аризона университеті мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мем­лекеттік университеті ара­сындағы серіктестік – қазақ­стандық жоғары білім жүйесінің жаңа кезеңге аяқ басқанының айқын көрінісі. Төрт-бес жыл бойы табысты жүзеге асып келе жатқан микро-кампус жобасы соның дәлелі. Жоба аясында екі елден 200-ден астам студент білім мен тәжірибе алмасып, халықаралық ғылыми байланыс нығайды. Мұндай бастамалар Қазақстан мен АҚШ жоғары оқу орындарының ынтымақтастығын жаңа сапа­лық деңгейге көтеріп, білім беру кеңістігін халықаралық стандарттарға сай етуге мүм­кін­дік беріп отыр.

Менің пайымымша, ендігі негізгі мақсат – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тек оқыту бағытымен шектелмей, әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру. Бұл – бір ғана оқу орнының емес, тұтас аймақтың ғылыми және технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық жоба. Зерттеу университеті дегеніміз – жаңа білім өндіретін, оны қоғам мен экономика қажетіне ұсы­на­тын, инновациялық эко­жүйенің өзегіне айналған оқу орны. Егер М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мем­ле­кеттік университеті осы ба­ғыт­та жүйелі түрде дамыса, онда аймақтық инновациялық кластерлердің, технопарктер мен стартаптардың қалып­тасуына да қуатты серпін бе­ре­ді. Сондықтан қазіргі міндет – университеттің ғылыми инфра­құрылымын күшейтіп, ха­лықаралық жобаларға бел­сенді қатысу, сондай-ақ жас­тарды зерттеу мәдениетіне баулу. Себебі ғылым мен білімнің тоғысқан тұсында ғана елдің интел­лектуалдық әлеуеті артады.