Жақында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның тапсырмасымен Астана қаласында аспаптар орталығы ашылды. Министр орталыққа көне аспаптарды жаңғыртып, дамытып жүрген Азамат Бақияны алдырып, ғимаратын, қаржысын, т.б. мәселелерді реттеп, қазақ өнеріне үлкен қамқорлық жасап отыр.
«Қазақта домбыра, қобыз, сыбызғыдан өзге музыкалық аспаптар болмаған» деген кеңес идеологиясына сай қасаң пікірге 70-жылдары Болат Сарыбаевтың «Қазақтың музыкалық аспаптары» атты еңбегі ойсырата соққы берген еді. Содан кейін «Сазген», «Адырна», «Алтынай», «Мұрагер», «Отырар сазы», т.б. көптеген ансамбль дүниеге келіп, ұлт аспаптарының үнін бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік туды.
Қазір музыкалық топтың бәрінде дерлік ұрмалы аспаптар бар. Тіпті домбырада жеке орындалған күйдің өзі де қағыс ерекшеліктерімен осы ұрмалы аспаптың рөлін атқарады, яғни ырғақ оң қол қағыстарына еніп кеткен. Мысалы, Құрманғазының «Бұқтым-бұқтым» күйінің қағыстары, домбыра шанағының бетін сұқ саусақпен ұрғылап, ұрмалы аспапқа имитация жасайды. Ал енді оркестр, ансамбльдерді, әсіресе этно-фольк-фьюжн-эстрадалық топтарды ұрмалы аспаптарсыз елестету мүмкін емес.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігі ұрмалы аспаптар орталығын ашып, Ахмет Жұбанов, Болат Сарыбаев сынды асыл ағалардың арманын орындағанын көріп, марқайып қалдым. Орталыққа барып, қазақтың тек ұрмалы аспаптарының саны жиырма үштен асатынын, олардың дыбыстарын естіген жан кең дүниеге сыймай, рухтанатынын байқадым. Қазақтың көне аспаптарын насихаттау ісіне ниеттес, мақсаттас, армандас жас жігіттердің тас түйін болып біріккені, қазақ музыкалық аспаптарын қалпына келтіріп, жаңғыртып жатқандары – шын мәнінде ерлік!
Болат Сарыбаевтың «Қазақтың музыкалық аспаптары» атты еңбегінде ұрмалы аспаптар саны оннан ғана асатын. Азамат Бақия бастаған жігіттер ұрмалы аспаптардың саны бүгінде жиырма үшке жетіп отырғанын айтады. Жігіттердің айтуынша, бұл жай жорамал емес, ғылыми негізде дәйектелген деректер. Олай болса қазақтың ұрмалы аспаптарына көз жүгіртіп, санап көрсек.
1. Дабыл, 2. Даңғыра, 3. Кепшік, 4. Қос дүңкілдек, 5. Қол дабыл, 6. Шыңдабыл, 7. Дудыма, 8. Қоңырау, 9. Тұяқ, 10. Шың, 11. Зырылдауық, 12. Шашақты асатаяқ, 13. Нар дауылпаз,14. Жорық дабыл, 15. Аттаныс дабыл, 16. Сақпан, 17. Асатаяқ, 18. Шартылдақ, 19. Сылдырмақ, 20. Тоқылдақ, 21. Дауылпаз, 22. Дүңгіршік, 23. Күлдіреуік.
Міне, мұншама аспап ұлттың нағыз байлығы, нағыз қазынасы емес пе? Қазақтан басқа қандай ұлт дәл осындай көп санды ұрмалы аспаптарымен мақтана алады? Ендігі басты мақсатымыз – бұл аспаптарды тез арада қолданысқа енгізу болуға тиіс. Әйтпесе, ұлттық құндылық саналатын аспаптар музейден орын алып, «өлі жәдігерге» айналып, шаң басып қалары күмәнсіз.
Музыка әлемінен халқымыздың ұрмалы аспаптары өзіндік орын алмай жатқаны бөлек мәселе. Қазақ жастарының бұл аспаптарға қызығушылығы аз емес. Десек те, аспаптардың жетіспеушілігі, ұстаздардың болмауы, музыкалық оқу орындарында ол аспаптар арнайы мамандық ретінде оқытылмауы сияқты күрмеуі шешілетін, бірақ арнайы назар аударуды қажет ететін жайттар аз емес.
Осы орайда жоғарыда келтірілген дәйекті дәлелдер негізінде музыкалық білімнің қарашаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінен «Қазақ ұрмалы аспаптары» кафедрасы ашылса деген ұсыныс бар. Білім алушыларды ұрмалы және үрмелі аспаптар мамандығына баулып, оркестрде ұлттың өз ұрмалы аспаптарын жарқыратып көрсететіндей кәсіби мамандар даярласақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ата-бабадан қалған мәдени мұраны заман талабына сай жаңғыртып, әлемге насихаттау қажет» деп үнемі айтады. Президенттің ұлттық мұраны заман талабына сай жаңғырту туралы осы ойын біз сөз етіп отырған «Қазақ ұрмалы аспаптары» кафедрасын ашу арқылы жүзеге асыруға болады. Өйткені ол кафедрада оқыған өнерлі жастар, болашақта музыкалық топтар құрып, әлемге қазақтың ұлттық музыкасын, оның ішінде ұрмалы аспаптарын насихаттап, таратары сөзсіз. Сондықтан да ұлттың рухын жаңғырту мақсатындағы кішкене ғана өтінішімізді барша қазақ жұрты мен министрлік қолдайтынына кәміл сенеміз.
Төлепберлен Тоқжанов,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры