Астанада «SARAP» эксперттік клубының «ХІІ Азаматтық форум нәтижелері: азаматтық белсенділік – ел дамуының қайнар көзі» тақырыбында отырысы өтті. Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.
Жиында ХІІ Азаматтық форум форматының тиімділігі, форум барысындағы ұсынымдар, ҮЕҰ біліктілігін арттыру мәселелері, сондай-ақ азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейтудегі цифрландыру мен жасанды интеллектінің рөлі талқыланды.
Іс-шараға мемлекеттік органдар мен академиялық қауымдастық өкілдері, ҮЕҰ мүшелері мен сарапшылар қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова кіріспе сөзінде XII Азаматтық форумның нәтижелеріне жан-жақты талдау жасап, негізгі жетістіктер мен өзекті мәселелерге тоқталды. Оның ішінде азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру бағыттарын атап өтті.
Жиынға Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым модератор болды.
«Азаматтық форум 2003 жылдан бастап мемлекет пен қоғамдық бірлестіктердің ынтымақтастығын нығайту, өзекті міндеттерді анықтау және азаматтық секторды дамыту мәселелерін талқылауға арналған тұрақты алаңға айналды. Оның ішінде биылғы форум «Әділетті Қазақстан: азаматтық қоғам мен мемлекеттің серіктестігі» тақырыбы аясында жауапкершілік пен сенімге негізделген қоғамдық диалогті жаңа деңгейге көтеруге деген ұмтылысты көрсетті. Сондықтан диалог үздіксіз болуы керегін және талқыланатын мәселелердің ауқымын ескеріп, «SARAP» эксперттік клубының отырысын XII Азаматтық форумның қорытындыларына арнаймыз деп шештік», деді ол.
«Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ вице-президенті Гүлнар Құрбанбаева биылғы азаматтық форумның ұйымдастыру барысына тоқталып, Х және ХІ форумдарда айтылған ұсынымдардың жүзеге асу нәтижесін баяндады.
«Талдау көрсеткендей, Х және ХІ форумдарда айтылған, Үкімет жоспарларына енгізілген ұсыныстардың басым бөлігі жүзеге асырылды. Бұл үдерісті азаматтық қоғам институттарының талдамалық және зерттеу жұмыстары сүйемелдеді, бұл ұсынылған шаралардың объективтігі мен тәжірибелік маңызын арттыруға мүмкіндік берді»,деді спикер.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Темірлан Төлеу «Мемлекеттік қаржыландыру аясындағы ҮЕҰ әлеуметтік жобаларының тиімділігін бағалау» атты зерттеу жұмысының нәтижелерін таныстырды.
«Зерттеу қатысушыларының, сарапшылардың, ҮЕҰ өкілдері мен бенефициарлардың пікірі бір арнада тоғысады: әлеуметтік жобалар, әсіресе, мемлекет қаржыландыратын жобалар – мақсатты топтардың мәселелерін шешуде тиімді құрал. Дегенмен қазіргі уақытта әлеуметтік жобаларды іске асыру механизмі толық жетілмеген, бірнеше проблемалық тұсы бар. Негізгі мәселенің бірі – қаржыландырудың қысқамерзімді сипаты. Сауалнамаға қатысушылардың айтуынша, бұл фактор әлеуметтік жобалардың тұрақты нәтижелерге қол жеткізуіне және олардың ұзақмерзімді ықпалына айтарлықтай әсер етеді», деді сарапшы.
Ал Astana IT университетінің ассистент-профессоры, PhD Мерген Дүйсенов жасанды интеллектінің азаматтық қоғамның дамуындағы рөліне тереңірек тоқталды.
«Жасанды интеллект азаматтық қоғам үшін қоғамдық деректерді талдаудан бастап, шешімдер қабылдау процесіне бірлесе атсалысуға дейінгі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұрын азаматтар бақылаушы немесе пікір білдіруші рөлінде болса, енді олар ЖИ көмегімен цифрлық басқарудың толыққанды қатысушыларына айнала алады», деді ол.
Одан бөлек, «Сенімен Болашақ» РҚБ төрағасы Жансая Бердімұратқызы үкіметтік емес ұйымдардың біліктілігін арттыру жөнінде баяндама жасады. Ал Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ Философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD Толғанай Мұстафина ЖИ саласындағы еліміздің мүмкіндіктері туралы айтты.
Іс-шара аяғында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды әрі алдағы уақытта осы саладағы бастамалардың сәтті жүзеге асырылуына мүдделі екенін жеткізді.