Ертіс-Баян өңірінің әдебиеттану ғылымы Тәуелсіздікпен бірге жаңарып жаңғырды. 1990–2000 жылдары осы саланы көрнекті ғалым, жазушы Қуандық Мәшһүр Жүсіп дамытса, бүгінде бұл дәстүрді филология ғылымдарының докторы, профессор Сейфитден Сүтжанов сәтті жалғастырып келеді. Қуандық Фазылұлы әйгілі ҚазПИ-дегі академиктер Қажым Жұмалиев пен Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті болса, ҚазМУ-дың түлегі Секең едәуір жыл Алматыдағы Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қыздар мемлекеттік педагогика институтында қызмет істеп, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішұлы, Рымғали Нұрғали сынды майталмандардан тәлім алды.
Павлодардағы Абай атындағы жалғыз қазақ мектебін үздік бітірген Секең шығармашылыққа жастай жақын болды. Университетті тәмамдаған соң Мемлекеттік кітап палатасында он бес жыл библиограф, аға редактор қызметін атқарды. Көркем туындылары әдеби ортада жақсы бағаланып, «Қазақ әдебиеті» газетінен бастап республикалық басылымдарда әдеби-сын мақалаларымен танылды.
Нәтижесінде, ақыл тоқтатқан шағында ғылымға келді. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына біртуар ғалымдар Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібаев, Сейіт Қасқабасов, Мүсілім Базарбаев, Шамшиябану Сәтбаева, Шерияздан Елеукенов тәрбиесін алып жетілді.
Алғашқы жетекшісі профессор Бейсенбай Кенжебаев еді. Ол кісі бақиға озған соң, профессор Серік Негимов қосымша жетекшілік етті. 1994 жылы «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және оның әдеби мұрасы» атты кандидаттық диссертациясын сәтімен қорғап шықты. Туған жері Керекуге қоныс аударған соң, зерттеуін сәтті жалғастырды. 2006 жылы академик С.Қирабаевтың кеңесшілігімен «XX ғасыр басындағы қазақ және түркі халықтары әдебиетінің типологиялық сипаты» атты докторлық диссертациясын қорғап, тың тақырыпты игерді. Әдебиеттану абызы Серік Смайылұлы: «Сейфитден адалдығымен, момындығымен сүйкімді» деп отыратыны да есімізде. Ғалымның «М.Ж.Көпейұлының шығармашылық өмірбаяны», «Қазақ-түркі әдеби байланыстары», «Алаш және түркі руханияты» атты еңбектері әдебиеттануға үлес болып қосылды.
Профессор Сейфитден Назымбекұлының ғылыми-педагогикалық әлеуеті С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Ә.Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогика униерситетінде тең көрінді. Ұзақ жыл қазақ әдебиеті кафедрасын басқарып, «Мәшһүртану», «Абайтану», «Аймақтық тұлғатану» курстарын жаңаша оқытуды жүзеге асырды. Әдебиеттанудың өзекті мәселесін көтеріп, ондаған ғылым кандидаты мен магистрін дайындады. Педагогикалық тәжірибесі ескеріліп, мемлекеттік «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантын жеңіп алды.
Қаншама жыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Докторлық диссертация кеңесінің мүшесі болып, орталық және солтүстік Қазақстан өңірі ғылыми мамандарын әзірлеудің басы-қасында жүрді.
Ұстаздық пен ғалымдық жолы жемісін беріп, «Мәшһүр мұрасы», «Рухани алмасу арналары», «Әдеби байланыс негіздері», «Мәшһүртану курсы», «Сопылық таным тағылымы», «Әдебиеттік өлкетану», «Түркі халықтары әдебиеті» (Б.Құралқановамен бірге), «Тұлғалар тағылымы» кітаптары жарық көріп, Кереку әдебиеттану мектебін байытты.
«Қазақ-түркі әдеби байланыстары» еңбегінде ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі түркі халықтарының қарым-қатынасы, жәдит бағытындағы ой-пікір сабақтастығы, туындылардың концепция бірлігі, ислам ілімі аясындағы алмасулар, сюжеттік, идеялық сарындастық тарихи-генетикалық, топологиялық тұрғыдан зерттелсе, «Мәшһүртану курсы» кітабында аса тылсым Мәшекең әлемі, құбылысы, мұрасы, тағылымы байыпталады. Ғалымның «Сопылық таным тағылымы» атты оқу құралында Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп сынды әдебиет алыптарының шығармашылығындағы сопылық сарын сараланады.
Біздің түсінігімізде Сейфитден Назымбекұлының «Әдебиеттік өлкетану» еңбегі – отан мен өңір үйлесімін тең ұстаған, отарсыздандырудың жолын көрсеткен елеулі жұмыс. Ертіс-Баян өңірінен шыққан елге танымал саңлақтар, би-шешендер, әнші сазгерлер, ақын-жазушылар, ғалымдар өмірі мен шығармашылығы тарихи таным аясында дәйектелген. Автор әйгілі Шоң, Торайғыр би, Жаяу Мұса, Иманжүсіп, Естай, Майра, Нұрлыбектен бастап Ж.Шанин, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Д.Әбілов, З.Шашкин, Қ.Бекхожин, Е.Бекмаханов, Б.Шалабаев, АШамкенов, М.Әлімбаев, Ш.Шөкин, М.Жаманбалинов, Қ.Ыдырысов, Е.Ерботин, Қ.Исабаев, Ж.Әбділдин, Ш.Сәтбаева, Б.Уахатов, Р.Тоқтаров, А.Жақсыбаев, Қ.Жүсіпов, Н.Оралбаеваға дейінгі тұлғалардың ғұмырбаяны мен мұрасындағы тың дүниелерді, тосын сәттерді байыптаған.
Ғалымның «Алаш арыстарының жолында», «Ұлылар мұрасын ұлықтаған», «Ұлт тарихын тереңнен танытқан», «Өлең болып өрілген өмір», «Өршіл жырлар иесі», «Мұхтар мектебінің мақтанышы», «Ақын ағаның ақ көңілі», «Ұстаз үлгісін үлпектеп», «Дәуірмен үндес дарын», «Тектінің тегінен», «Ұстазын ұлық тұтқан тұлға», «Мағауин және «Мен», «Атадан ұл туса игі...», «Тәуелсіздік толғаулары», «Тұнықтан туған тұлпар жырлар», «Сылдырлап сыршыл келісім», «Жерлес жазушының жазбалары», «Біз оны «Бөкең» дейтініміз», «Өлкетану ілімін өрістеткен», «Шәкәрім мұрасының шырағданы», «Сырлы әлемнің сырын ашқан» т.б. ой-толғамдары оқырманды бірден өзіне баурайды. Сезімін де, сенімін де арттырады.
Мерейлі белеске көтерілген белгілі ғалым, ұстаз, әдіскер, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Сейфетдин Назымбекұлы қазір де Кереку әдеби-мәдени ордасының, жоғары мектебінің жуан ортасында. Оқыған қауымға абыройлы, шәкірттеріне қадірлі. Ауыл-аймағы, отбасы-әулеті әз тұтады.
Тынбай еңбек ететін ақжүрек зиялының азаматтық, ұстаздық, ғалымдық қасиеті жас буынға жұғысты болсын деп тіледік.
Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
филология ғылымдарының докторы, профессор