• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 17:23

Олжас Бектенов Серджио Гор және Кристофер Ландаумен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

20 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов АҚШ Президентінің арнайы өкілі Серджио Гормен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен кездесу өткізді. Онда екі ел арасындағы сауда, инвестиция және технология салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесу барысында Үкімет басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Ол бұл келіссөздер екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам екенін айтты.

Қазақстан Үкіметі шетелдік, оның ішінде америкалық инвесторлар үшін де қолайлы жағдайлар қалыптастыруға бағытталған жүйелі реформаларды жалғастырып келеді. ҚР Ұлттық банкінің дерегінше, 1993 жылдан бері АҚШ-тан тартылған тікелей инвестициялар көлемі $61,2 млрд-тан асты, бұл елдегі жалпы ТШИ-дің 13 пайызынан көп. Соңғы бес жылда өзара сауда айналымы екі еселеніп, $4,2 млрд-қа жеткен.

Тараптар өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және цифрлық технологиялар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту жолдарын қарастырды.

Сонымен қатар, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтар баяндама жасады.

Көлік-транзит саласындағы жаңа түйісу нүктелеріне назар аударылды. Энергетика секторында бірлескен жобалар шеңберінде озық технологияларды жаңғырту мен енгізудің маңыздылығы атап өтілді. АӨК саласындағы әріптестік маңызды бағыт болып саналады. Қазақстан әлемдегі астық пен ұнды ең ірі экспорттаушылардың ондығына кіреді. Осы ретте астықты терең өңдей отырып, одан әрі АҚШ, ЕО, Қытай және Үндістан нарықтарына экспорттау бойынша бірлескен жобалар талқыланды.

Цифрлық салада Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы мен Astana Hub технопаркінің әлеуетін пайдалану арқылы серіктестікті нығайту жоспарланып отыр. Бүгінде онда 1700-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ Калифорния штатында ашылған Silk Road инновациялық орталығы арқылы АҚШ-тың жетекші компанияларымен бірлескен акселерациялық бағдарламалар жүзеге асырылып отыр.

Кездесу соңында тараптар сауда-экономикалық қатынастарды барлық бағыттар бойынша тереңдетуге дайын екендерін растады.