АСТАНА. 19 ақпан. Зимбабве президенті Роберт Мугабенің алда атап өтілетін туған күніне піл, оған қоса, тіпті арыстан да сойылатын түрі бар. Бұл туралы «Газета.Ru» хабарлады.
Жасы 91-ге толатын диктатордың бұл жолғы туған күні кең көлемде атап өтілгелі отыр. Ол 28 ақпанда Виктория сарқырамасына жақын жердегі көрікті спа-отельде өтпекші. Шараға 20 мыңға жуық адам шақырылыпты.
Белгілі болғандай, мерекелік дастарханға ас мәзірін даярлау үшін жалпы құны 105 мың еуроны құрайтын екі піл, екі буйвол, бес антилопа және бір арыстан сойылады. Бұл жануарлардың бәрін жергілікті фермер жеткізіп береді. Бұдан бөлек, Қытайдан тіке жолмен 27 піл жеткізіледі.
Табиғатты қорғаушылар Зимбабве диктаторының бұл әрекетін айыптап жатыр. Бұған жергілікті тұрғындар да наразы. Олар Мугабені бағалы ресурстарды жойып жіберіп, орнын қайта толтырмайды, деп айыптауда. Ал президентке ұсынылып отырған жануарлар оның жыл сайынғы аңшылығындағы квотаға кіреді екен.
Бұған қоса, бұл елді тәуелсіздік алғалы бері «темір қолымен» басқарып келе жатқан Мугабенің туған күнін дүрілдетіп бірінші рет тойлауы емес екен. Ол өткен жылы 90-ға толғанында әуеге 90 шар ұшырып, мерекелік дастарханға 90 сиыр сойғызып, салмағы 90 кило келетін пирог пісіртіпті. Сол той мемлекет үшін 40 млн. доллар шығын әкелген.
Ал президент 100-ге толғанын қалай тойлайтынын қазірден ойластырып жатқан сияқты.
Ел конституциясына сәйкес президент мемлекетті 99 жасқа толғанша басқара алады.
Мұрат Айтқожа.