• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Қазан, 2025

Айтжанға пәтер сыйлады

30 рет
көрсетілді

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Хорватияның астанасы Загребте өткен әлем чемпионатында бас жүлдені олжалаған грек-рим күресі шебері Айтжан Қалмахановқа Ташкент облысының орталығы – Нурафшан қаласынан пәтер сыйлады.

Айтжан – Өзбекстанда туып-өскен қандасымыз. Бала кезінен балуандық өнерге ден қойған ол бірден дара талантымен оқшауланды. Әуелі 2022 жылы Римде жасөспірімдер, биыл Софияда жалауы жел­біреген жастар арасындағы әлем біріншіліктерінде жеңіс тұ­ғырының ең биік сатысына кө­терілді. Мамыр айында Амманда ересектер арасында Азия чемпио­ны атанды.

Загребтегі дүниежүзілік додада 63 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Айтжан шеберлігімен тәнті етті. 19 жастағы қандасымыз тұсаукесер кездесуінде Еуропа чемпионатының екі дүркін жүлдегері, украиналық Александр Грушинді ойсырата ұтса, ширек финалда еліміз құрамасының белді мүшесі, әлем чемпионатының финалисі, Азия чемпионы Ержет Жарылқасыновты мерзімінен бұрын жеңді. Жартылай финалда жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, молдовалық Виталий Еременконы оңай еңсерген Айтжан финалдық жекпе-жекте Оңтүстік Корея оғыланы, Азия ойындарының қола жүлдегері Ханджэ Чунды айқын басымдықпен ұтты.

Жалпы, күрестің бұл түрінен Өзбекстан балуандарының алтын алмағанына табаны күрек­тей 24 жыл болған екен. Осылай­ша, қазақтың қайсар ұлы А.Қал­махановтың арқасында ала шапанды ағайындарымыз ширек ғасыр бойы аңсаған армандарына қол жеткізді.