Маңғыстау облысында биыл тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 15,7%-ға азайды. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар 73,7%-ға, ауыр қылмыстар 8,1%-ға, орташа ауырлықтағы қылмыстар 29,5%-ға, онша ауыр емес қылмыстар 9,7%-ға төмендеген. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов айтты.
Спикердің айтуынша, кісі өлтіру 50%-ға, зорлау 9,1%-ға, ұрлық 43,8%-ға, алаяқтық 14,8%-ға, бұзақылық 16,9%-ға азайған. Барлық кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық, тонау және көлік айдап кету фактілері толық ашылды. Жалпы қылмыстардың ашылу көрсеткіші 2,9%-ға жақсарды.
- 2025 жыл Ішкі істер министрі тарапынан «Профилактика жылы» деп жарияланып, профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Соның нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 11,7%-ға, көшедегі қылмыс 5,4%-ға, жасөспірімдер қатысқан қылмыстар 24,2%-ға азайды. Есірткі қылмысына қарсы күрес те қарқынды жалғасуда. Заңсыз айналымнан 390 келіден астам есірткі заты тәркіленді, оның ішінде 4 келіге жуық синтетикалық есірткі бар, деді Сағындық Аяғанов.
Сонымен қатар, өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық, жасөспірімдер арасындағы төбелес және нашақорлықтың алдын алу бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік деңгейінің артуына оң әсерін тигізді.
-Полиция департаменті алдағы уақытта да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бар күшін салады. Біздің мақсатымыз – Манғыстау облысын қауіпсіз аймаққа айналдыру, деді Сағындық Аяғанов.
Маңғыстау облысы