• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2015

AES компаниялар тобы Өскеменде балабақша салады

234 рет
көрсетілді

ӨСКЕМЕН. 19 ақпан. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Өскемен қаласында түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Жергілікті кәсіпорындардың күшімен балабақшалар, түрлі спорттық нысандар ашылып, тұрғындардың игіліне қызмет етіп жатыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің кезекті жарқын үлгісі ретінде Өскемен қаласының әкімдігі мен Қазақстандағы AES компаниялар тобы балабақша құрылысы туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Аталған меморандум аясында AES компаниялар тобына кіретін AES Шүлбі ГЭС-і мен AES Өскемен ГЭС-і «Еуразия Орталық Азия қорына» балабақша құрылысына арналған қаражат бөледі. Бұл қаражатқа Өскемен арматура зауыты маңында 140 орындық балабақша салынып, қала меншігіне тегін берілетін болады. – Қазақстандағы AES компаниялар тобының басшылығына қала тұрғындарының ризашылығын жеткізгім келеді. Бұл – біздің өзара серіктестігіміздің бастауы деп білемін, – деді қала әкімі Темірбек Қасымжанов. Қазақстандағы AES компаниялар тобының вице-президенті Альфия Жұмаева бүгінде компанияның әлеуметтік жауапкершілігі аясында түрлі жобалардың қолға алынғанын жеткізді. – Біздің энергетик ретіндегі басты міндетіміз – тұтынушыларды сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету. Алайда, біз облыстың экономикалық өміріне қатысумен ғана шектелген емеспіз. Компанияның әлеуметтік жобалары да баршылық. Бүгінгі меморандум компанияның осы бағыттағы жұмысының жалғасы, – деді вице-президент. Қазіргі кезде Өскеменде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағытында 20-дан астам меморандум жүзеге асырылуда. Мәселен, №24 мектеп жанындағы хоккей модулі, жекпе-жек сарайы, жеңіл атлетика кешені пайдалануға берілді. Кәсіпорындардың әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, әлеуметтік жобаларға қаражат бөліп отырғаны қуантады. Думан Анаш. Дерек: egemen.kz. Сурет: Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Соңғы жаңалықтар