• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Республика күні Кеше

Маңғыстауда Республика күніне орай 100-ден астам іс-шара өтеді

20 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысында 25 қазан - Республика күніне орай 100-ден астам мәдени-спорттық іс-шара өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маңғыстау облысы әкімі бірінші орынбасарының бекітуімен «Маңғыстау облысында 25 қазан - Республика күнін атап өтуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары» жасақталды.

- Аталған жоспар төрт негізгі бағытты қамтиды. Олардың қатарында ұйымдастыру-дайындық іс-шаралары, ақпараттық-имидждік жұмыс, салтанатты іс-шаралар және жалпы республикалық іс-шаралар бар. Атап айтқанда, 24 қазан күні қала және аудан әкімдерінің қатысуымен салтанатты жиындар өтеді. 25 қазан күні - ҚР Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі ұйымдастырылады. Осы күні «Береке Fest» акциясы аясында отандық өнімдер жәрмеңкесі өтіп, тауарлар халыққа қолжетімді бағамен ұсынылады. Жастардың патриоттық рухын көтеру мақсатында 100 оқушы бір мезетте Мемлекеттік Әнұранды орындау флешмобы түсірілді. Бұл бейнеролик мереке қарсаңында әлеуметтік желілерде жарияланады,  деді өңірлік ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Інжу Тұрарова.

Сонымен қатар, 23 қазан күні  мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында «Адал қоғам – Quiz» зияткерлік сайысы өтеді.

25 қазан күні сағат 14:00-де Ақтау қаласы «Достық» үйінде «Отбасы – бақыттың бастауы» атты «Отбасы Fest» фестивалі және сағат 13:00-де «Renaissance by Sulo» қонақ үйінде шығармашылық пен табиғатты үндестіретін «GREEN BEAT» экологиялық фестивалі ұйымдастырылады.

Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова ұлттық мереке күніне орай  ұйымдастырылатын мәдени іс-шараларға тоқталды.

- 22 қазан күні сағат 21:00-де «Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрі» ұжымының ҚР Республика күніне орай «Ақтау түні» атты концерті өтеді. 23 қазан күні сағат 19:00-де «Абай» мәдени-демалыс кешенінде «Еңсесі биік - егемен ел» атты мерекелік концерт өтеді. 24 қазан күні сағат 15:00-де «Достық» үйінде облыс әкімінің қатысуымен салтанатты мерекелік іс-шара өтеді. Іс-шараға елімізге танымал жұлдыздар Қуандық Рахым және «IL Canto» квартеті қатысады. 23 қазан сағат 19:00-де Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында «Біз де ғашық болғанбыз» қойылымы, 24 қазан сағат 19:00-де «Махаббат қызық мол жылдар» қойылымы және 26 қазан күні сағат 19:00-де Н.Сауданбекұлы «Әлиханның аманаты» спектаклі сахналанады. Облыстық музей және кітапханаларда «Еркін елдің ертеңі» мерекелік іс-шаралар, әдеби-сазды кештер, кітап көрмелері, мәдениет үйлерінде мерекелік концерттер ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, 25 қазан күні сағат 19:00-де Бейнеу ауданы Бейнеу ауылында «Текті жырдың сазымен, бабалар рухын оятам» атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Елшібаеваның шығармашылық концерті ұйымдастырылады,  деді Әсем Әшірова.

 

Маңғыстау облысы