Премьер-министр Олжас Бектенов отандық IT-компаниялардың өкілдерімен Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қойылған міндеттер шеңберінде білім беру, спорт пен өнеркәсіп саласындағы ЖИ-стартаптарды қолдау мәселесін талқылады.
Отандық Paradigm Shift (CodiPlay) компаниясының өкілдері жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы айтып берді. AI Kitap – бұл мектеп пәндері бойынша әр оқушының деңгейіне қарай оқу материалын лайықтауға арналған, прогреске талдау жасайтын әрі білімдегі олқылықтарды анықтайтын цифрлық оқулық. Оның жұмыс нұсқасы әзірленді, AI Kitap AITU-мен интеграцияланып жатыр.
OlympIQ – спортты дамытуға арналған технологиялық платформа. Жүйе аналитикалық, операциялық, медициналық, ұйымдастырушылық деректерді жасанды интеллект арқылы өңдеуге мүмкіндік береді. Оның жол картасы әзірленді, прототиптердің алғашқы нұсқалары дайындалды.
Премьер-министрге AI Kitap және OlympIQ жобаларын қанатқақты режімде енгізу қарастырылатын мектептер мен спорт федерацияларының тізбесі жасалғаны айтылды.
«Жасанды интеллект технологияларын дамыту – Үкіметтің басты міндеті. Біз отандық компаниялардың өнімдерін жан-жақты қолдауға дайынбыз», деді О.Бектенов.
Бұған қоса кездесуде компанияның өндірістік үдерістерді оңтайландыруға, энергетика мен көлік салаларының тиімділігін арттыруға, операциялық шығындарды азайтуға, тәуекелдерді басқаруға көмектесетін технологияларды жасап шығару бастамалары қаралды. Оның өнімдеріне маңызды салаларға енгізілген деректерді талдау, болжау мен автоматтандырудың интеллектуалды жүйелері кіреді.
Кездесу қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға IT-мамандардың айтқан ұсыныстарын қарастыру туралы тапсырма берілді.