Республика күні қарсаңында Егемендік декларациясын қабылдаған XII сайланған Жоғарғы Кеңестің депутаты, белгілі қайраткер, Мәжілістің I, II шақырылымдарының депутаты, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Қайролла ЕРЕЖЕПОВПЕН әңгімелескен едік.
– Қайролла Жеткізгенұлы, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толды. Аса маңызды тарихи оқиғаның басы-қасында болғандықтан, сол бір әсерлі сәт көз алдыңызда сақталған болар?..
– Иә, Маңғыстау өңірінен Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланған депутаттық кезеңім ел тарихында ерекше маңызға ие оқиғалармен тұспа-тұс келді. Әсіресе ата-бабамыз ғасырлар бойы арман еткен Егемендік туралы декларацияны қабылдау – ас та төк қуаныш, бұл жаңалықтан артық жаңалық, бұл қуаныштан үлкен қуаныш болар ма екен? Халық арасында «ақ түйенің қарны жарылды» делінетін нағыз ақжарылқап мереке, қазақ даласының төрт қиыры түгел қуанып, шет мемлекеттердегі қандастар бас киімдерін аспанға ата шаттанған ұлы мейрам болды. Бұл қуаныштың әсері мен шаттығы өмір бойы жүрегімізде, көз алдымызда қалатыны анық.
– Олай болса, қазақ халқы үшін маңызды құжатты қабылдау туралы естелікті тағы бір жаңғырта еске алып, баяндап берсеңіз.
– 1990 жылы-ақ одақтың шаңырағы шайқалып, сол жылдың мамыр айына дейін Балтық бойы мемлекеттері мен Армения одақтан шығып, Әзербайжан мен Грузия тәуелсіздігін жариялады. Жаз мезгілінде, яғни маусым-тамыз айларында Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан басқа республикалар өз декларациясын қабылдады.
Мен Қазақ КСР XII сайланған Жоғарғы Кеңесінің ғылым және халыққа білім беру комитетінің мүшесі едім. Соның алдында 24 сәуір күні сессия ашылғанда Қазақ КСР-нің Президенті институты енгізіліп, Н.Назарбаевты Президент етіп сайлаған едік. Сайлаудан соң Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны әзірлеуге кірістік. Қазан айында Декларация жобасын комитеттерде талқылау басталды. Талқылау үлкен пікірталаспен, өте қызу жүрді, балама жобалар ұсынғандар да болды. Талас-тартыс болуы орынды еді, өйткені бұл Декларация болашақ Конституциямыздың негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі болды. Осылайша, әбден талқылау, пікірталас, ұсыныс-жобалар нәтижесінде 1990 жылы 25 қазанда Декларация қабылданды. Маңызды сәттің бүкіл елді қуанышқа бөлеген әсерін жоғарыда айтып өттім, ал саяси маңызына келсек, бұл өте үлкен, аса маңызды тарихи да саяси құжат еді. Декларация арқылы Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігін жариялау еліміз үшін өз дамуының жолын дербес анықтау мүмкіндігін ашты. Сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының жобасын әзірлеу керектігі айқын бола түсті. Осы жылы 15 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен оның төрағасы басшылық еткен, 35 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Құрамына Жоғарғы Кеңес депутаттарынан басқа жекелеген заңгер-ғалымдар, қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кірді. 1991 жыл толықтай болашақ Конституцияның тұжырымдамалық ережелерін айқындауға арналды.
– Тәуелсіздікті жариялау бақыты да сіздің буынға бұйырған екен...
– Тәуелсіздікті жариялау және қалыптастыру, нығайту жолындағы қат-қабат, қым-қуыт жұмыс елін сүйген, елдің ертеңін ойлаған қазақтың небір марғасқа ұлдарының жұдырықтай жұмылуымен жүзеге асып жатты. Небір «сен тұр, мен атайын» дейтіндей өз саласының жүйріктері өмір бойы жиған білімдері мен біліктерін төл мемлекетіміздің іргесінің берік, шаңырағының биік болуына жұмсады. Күллі қазақ баласы, қазақ даласы бірге қуанып, бір тілекке, бір мақсат, бір мүддеге жұмылған шақ болды. Азаматтар ерекше екпінмен, айрықша леппен жұмыс атқарды, тәуелсіздіктің басында тұрған олардың әрқайсысын құрметпен атауға болады.
1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы заң қабылданды және осы күні Алматыда Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Араға алты күн салып «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Аталған заңның 1-бабында «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет» деп жарияланды, сөйтіп, республика аумағында өкімет билігін толық иемденуге, әрі ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге құқылы болды.
Арада 35 жыл уақыт өтті. Егемендікті еліміз үшін ең қастерлі мереке деп есептеймін және сол кезде ел үшін қиындығы мол болса да сүйініші зор, аласапыран істің бел ортасында жүргенім үшін өзімді бақытты сезінемін. Ұлық күннің ұлағаты – бізге мерей, ұрпаққа аманат. «Тәуелсіздік» деп аталатын бағымыз баянды болып, болашаққа жалғаса берсін деп тілейміз, біздің тілек осы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Гүлайым ДӘУІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы