• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Кеше

Мәжілісте салалық банктер құру мәселесі көтерілді

40 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева жұмыс тобы Қазақстанда салалық банктерді құруға салынған тыйымды алып тастауды талқылап жатқанын хабарлады. Бұл мәселе осыған дейін талай рет үкіметтің қытығына тисе    депутаттар бастамадан бас тартпайтынға ұқсайды. Өйткені мұндай институт дамыған елдерде, ТМД мемлекеттерінде де бар. Қазақстандық шенеуніктер алған бетінен қайтпай, қырсығып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Халықаралық санкцияның астында қалған Ресей  Агробанкі арқылы  жыл сайын рекордтық көлемде астық жинап, әлемге экспорттайды.

Солтүстік көрші 100% мемлекет қатысымындағы "Ресей ауыл шаруашылығы банкін" ("Россельхозбанк" АҚ) 2000 жылы құрып алды. Ол сақтандыру ("РСХБ — Страхование", "РСХБ — Страхование жизни"), ауылдағы мүлікті басқару ("РСХБ Управление Активами"), ауыл шаруашылығы техникасын арзан лизингке беру ("РСХБ-Лизинг") және өзге де маңызды қызметтерді ("РСХБ-Факторинг", РСХБ-Интех) "бір терезе" қағидатымен ұсынады.

Бәсекелестіктен қауіптенетін банктік лобби Қазақстанда Агробанкті құру жобаларын бұғаттап тұр.

 «Сондай-ақ мамандандырылған салалық банктер - аграрлық, құрылыс және басқа банктерді құруға тыйым салуды алып тастау арқылы банк нарығының неғұрлым икемді құрылымын қалыптастыру туралы ұсыныстар талқыланды. Олар экономиканы неғұрлым дәл кредиттеу құралына айналып, әмбебап банктерде капиталдың шамадан тыс шоғырлануын төмендетуі мүмкін»,   деп хабарлады депутат.

Савельеваның айтуынша, реттеушілерге банктерді тұтынушылық несиелеуден экономиканы қаржыландыруға, атап айтқанда шағын және орта бизнестегі инвестициялық жобаларға қайта бағдарлауға назар аудару маңызды.

Нақты сектордағы қол жетімді ақша тапшылығы жағдайында қисынды шешім сияқты.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басшысының орынбасары Олжас Қизатов тұтыну кредиттері бойынша тәуекел-салмақтау коэффициенттерін арттыру есебінен халыққа мұндай қарыздарды беру банктер үшін тиімсіз болатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл шаралар банктерді экономиканың нақты секторын несиелеуге ақша жұмсауға ынталандыруы тиіс.

Олар 1990-шы жылдардың ащы тәжірибесінен әлі күнге дейін қорқады.

Ол кезде әрбір ірі саланың өз банкі болған - «Қазторгбанк», «Қазагроөнеркәсіп банкі» және басқалары. Олардың көпшілігі банкрот болды: дағдарыс алдындағы осалдығы, мемлекеттік дотацияға тәуелділігі, әртараптандырудың жоқтығы. Бұл құрылымдардың көпшілігі нарықтық экономикаға көшуді кешіре алмады.

Қазақстан Ұлттық банкі салалық модельге қайта оралу қаржы жүйесінің бөлшектенуіне және салымшылар үшін тәуекелдердің өсуіне алып келетінін ескертеді. Бүгінде салалар жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары мен даму институттары арқылы қолдауға ие болуда - бұл үшін жаңа банктер құрудың қажеті жоқ.

Мұндай пікірді тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаев қолдайды. Оның айтуынша,  қазір бұл банкті ашсақ, бізді екі түрлі сценарий күтіп тұр. Бірі – субсидиямен шаруаларға жеңілдетілген несие береміз. Екіншісі – қазіргі пайызбен несие беріледі. Бюджет тапшылығы көбейіп жатқан кезде бұл дұрыс па? «Осы мәселе талқыға түскенде Үкімет «базалық мөлшерлеме төмендеп, жағдай түзелсін, сосын осы мәселеге қайта ораламыз» деп уәде берді. Сақтандыру сегментінің дамымауы ауыл дамуына кедергі келтіреді деген пікір бар. Жеріміз әлем бойынша тәуекелі ең жоғары аумақ саналады. Тамшымен суару технологиясы кеш еніп жатыр. Бұл сегментті тәуекелін тек Құдайға аманаттап жүрген жандар көтеріп жүр. Күштеп аграрлы ел атанудың жөні де жоқ. Адамдар жерге оралса, мүмкін бұл мәртебе де бізге қайтып келер» дейді Айбар Олжаев.

Бірақ 2000 жылдары агробанктің басында тұрған басшылар басқа дейді.

Кезінде Қазақстанда Агробанкті басқарған Бейсенбек Зиябеков басқа дейді.  Оның айтуынша е бұл банк «бізге қажеті жоқ» деген себеппен жабылды. Оның несие қоржыны 30 млн доллар болды. Ұлттық банкке 1 теңге де қарыз емес еді. Бірақ бұл банк ұнамады, кімге сатқанын бәріңіз білесіздер. Агробанкті қолдамайтындар көп. Өйткені кейбір тұлғаларға қаржының квазисектор арқылы кеткені тиімді болды.

Дегенмен, депутаттар мен кәсіпкерлердің бір бөлігі заман басқаша екеніне сенімді. Экономика неғұрлым әртараптандырылды, реттеу - қатал, ал қадағалау - ашық.

«Әңгіме өткенге оралу туралы емес, әмбебап банктерді жүктемей басым салаларды дамытуға мүмкіндік беретін нүктелік құрал туралы болып отыр», - деп атап өтті талқылауға қатысушылар.

Бүгінде Қазақстанда 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді, оның ішінде 14 - шетелдік капиталдың қатысуымен. Олардың барлығы әмбебап, ең алдымен тұтынушылық кредиттеуге және ірі корпоративтік секторға бағдарланған. Орта бизнес пен салалық жобалар көп жағдайда сыртқа шығады.

Талдаушылардың бағалауы бойынша, тіпті бірнеше мамандандырылған банктердің пайда болуы қадағалау моделін қайта қарауды және жүйедегі өтімділікті бөлуді талап етеді.

Реттеушілер тар мамандану мұндай институттарды конъюнктураға тым тәуелді етеді деп қорқады, мысалы, астық, металл немесе мұнай бағасына.

Бірақ идеяның артықшылықтары да бар: ол Қазақстанның Даму банкі мен Аграрлық несие корпорациясы сияқты квазимемлекеттік құрылымдарды жеңілдетіп, сондай-ақ жобалық қаржыландыру сегментінде бәсекелестік тудыра алар еді.

Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазір жұмыс тобы тыйым салуды алып тастау мәселесін қарастыруда. Заң жобасы пысықталғаннан кейін үкімет пен Ұлттық банкке жіберіледі.