Қазақстанның Ресейдегі Мәдениет күндері аясында Үлкен Ордынкадағы Кіші театр сахнасында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Парасат майданы» спектаклінің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Қойылым қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдіктің «Оң қол» және «Парасат майданы» шығармаларының негізінде сахналанған.
Басты кейіпкер - адамдар арасындағы әділетсіздікке төтеп беруге және қоғамның қатал жүйесіне қарсы тұруға тырысады. Шығармада рухани құндылықтар мен материалдық әлем арасындағы қайшылықтар, адам табиғатының күрделілігі, сондай-ақ, жақсылық пен жамандықты ажырату мәселелері көрсетілген.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев атап өткендей, бұл мағынасы терең шығарма адамның жан дүниесін түсінуге және бағалауға мүмкіндік береді, өмірдің мәні туралы ойландырады, сондықтан Мәскеу көрермендеріне қызықты болуы тиіс.
«Біз үшін ресейліктерді қазақ өнерімен таныстыру өте маңызды, осылайша олар біздің қоғамымызды не толғандыратыны туралы түсінік ала алады», деп атап өтті Елші.
Өз тарапынан Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың директоры Ербол Хабылбеков театр ұжымы Мәскеуде осы туындыны ұсынып отырғандарына өте қуанышты екенін атап өтті.
«Бұл жұлдызды актерлер құрамымен үздік қойылым. Премьерасы желтоқсан айында өтті және үлкен қошеметке ие болды. Менің ойымша, спектакль тілдік кедергіге қарамастан, ресейлік аудиторияға түсінікті болады», деді ол.
Спектакльдің қоюшы-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева осындай күрделі психологиялық драмаға қарамастан, оған қойылыммен жұмыс істеу оңай болғанын, өйткені әртістер оның идеясын жақсы түсініп, жүзеге асыра алғанын айтты. Оның айтуынша, театр Ресейге бірнеше рет келсе де, әр кезде үлкен қуанышпен оралады.
«Біздің театр мектебіміз ортақ, бір-біріміздің шығармашылығымыз қызықты», деп жалғастырды ол.
Жан дүниеңді толғандыратын керемет қойылым Мәскеудің қатал және талапшыл аудиториясы тарапынан үлкен қошеметке ие болды. Спектакль аяқталғаннан кейін бүкіл зал ұзақ қол шапалақтап, көптеген көрермендер қойылымның ұмытылмас әсер қалдырғанын мойындады. Атап айтқанда, олар әртістердің шеберлігі мен пластикасын, сценографияны және музыкалық безендіруді жоғары бағалады. Олардың айтуынша, спектакль маңызды философиялық мәселелер туралы ойландырады және алаңдатады. Сахналандырылған оқиға кез-келген ұлттың көрермені үшін түсінікті болды, бұл оның жалпыға арналған көркемдік туынды екенінің куәсі.