Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ЭКСЖ Ұлттық жобасының іске асырылу барысын тексерді.
Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі (ЭКСЖ) Ұлттық жобаны іске асыру бойынша жобалық кеңсенің отырысында 2029 жылға дейінгі жаңғырту картасын әзірлеу, Ұлттық жобаға Цифрлық теңгені енгізу, халықаралық қаржы институттарын тарту және аспаптандырудың қамтылуы мен қажеттілігін талдау нәтижелері қаралды.
Келесі жылы ел бойынша 14 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді жөндеу мен 8 мыңнан астам жабдықты ауыстыруға 1 трлн теңгеден астам қаржы қажет екені айқын болды.
Коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында оларды ірілендіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) тетігі аясында төрт өңірде жылу желілері мен су тазарту кешендерін жаңғыртуға бағытталған 10 қанатқақты жобаға бөлінген 22,5 млрд теңгенің 47%-ы игерілді.
«Бәйтерек» холдингі Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Эксимбанкпен белсенді ынтымақтастық орнатып, олардың жобаларды қаржыландыруға дайын екенін атап өтті. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңірлер бойынша «ақылды» есептеу аспаптарын орнату қажеттілігін анықтады. 3 миллионнан астам су есептегіш, тағы сонша қаражатқа электр энергиясын есептегіш және 30 мың жылу есептегішін орнату жоспарланып жатыр.
Отырыс барысында Қанат Бозымбаев Ұлттық жоба аясында әзірленіп жатқан электронды сатып алу платформасының дайындық деңгейін тексеріп, оның алғашқы 3 модулін 1 қарашаға дейін іске қосуды тапсырды. Сондай-ақ вице-премьер ЭКСЖ жобалары бойынша жылдар мен өңірлер бойынша қажеттілікті айқындап, деректерді отандық өндірушілерге беруді және B2B-кездесулер өткізуді тапсырды.
Жөндеу жұмыстарына қажеттіліктер туралы ақпарат modernization.kz ресми сайтында және мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында жарияланады.