• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:45

Жарыс күнделігі

20 рет
көрсетілді

22-26 қазан аралығында Чилидің астанасы – Сан­тьягода тректегі велоспорттан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл бәсекеде Рамис Дін­мұхаметов, Дмитрий Носков, Әлішер Жұма­қан, Илья Карабутов, Кирилл Курдиди, Рама­зан Мұхтар және Данияр Шаяхметов сынды жерлес­теріміз өнер көрсетеді.

14-21 қазан аралығында Семейде бокстан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Аталған жарыста республикамыздың барлық өңірінен келген 370-тен аса былғары қолғап шебері күш сынасады. Қатысушылар World Boxing ұйымы бекіткен салмақ дәрежелері бойынша өнер көрсетеді. Бұл бәсекеден тек биыл Ливерпульде ұйымдастырылған әлем чемпионатынан олжалы оралған оғыландар ғана босатылды. Қазақстанның бі­рінші ракеткасы Елена Рыбакина Қытайдың Ухань қаласында өтіп жатқан WTA тур­нирінің 1/8 фина­лында чехиялық Лин­да Носковадан 6:3, 6:4 есебімен басым түсті. Енді ол әлемдік рейтингтің көшбасында тұрған Беларусь теннисшісі Арина Соболенкомен шеберлік байқасады. Баскетболдан биылғы ел чемпионатында бес команда ғана бақ сынайды. Олар – «Алматының легионы», «Астана», «Тобыл», «Каспий» және «Атыраудың барысы». Ал қалған клубтар қаражат тапшылығы салдарынан жарысқа қатысудан бас тартты. Солардың қатарында 2023–2024 жылғы маусымның жеңімпазы – Алматының «Ирбис–Алатауы» да бар. Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жүрген «Барыс» Челябіге сапар шегіп, жергілікті «Трактормен» кез­десті. Бәсеке барысында айдын иелері арасынан Андрей Светлаков пен Алек­сандр Кадейкин нысана­ны дәл көздесе, қонақ­тар­дың сапынан Максим Мұха­метов пен Семён Симонов мергендік танытты. Қосымша уақыт тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Бұл ретте «Трактордың» жолы болды. Есеп – 3:2. Су добынан Үндістанда өтіп жатқан Азия чемпионаты нағыз қызған шағына жетті. Ватер­полдан еліміздің әйелдер құрамасы ширек финалда Сингапурды (10:7) сан соқтырса, ерлер Өзбекстанның (27:11) тас-талқанын шығарды. Енді жартылай финалда Қазақстанның қос командасы да Қытай құрамасымен кездеседі.