Атырау облысының полицейлері 9 айда есірткімен байланысты 120 құқық бұзушылықты, оның ішінде 67 қылмысты тіркеді, деп жазады Egemen.kz.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықовтың дерегіне қарағанда, полицейлер мен еркітлер есірткі сайттарын жарнамалаған 70-тен аса граффитиді жойған.
«Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 180 килодан асатын есірткі тәркіленді. Оның ішінде аса ауыр санатқа жататын 3 килодан астам синтетикалық есірткі заты бар. Полици қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары кезінде заңсыз 2 фитозертхана, есірткі тасымалдаудың 3 арнасы жойылды. Есірткілік мас күйде автокөлік жүргізген 40 адам жауапқа тартылды. Облыс аумағында есірткі тасымалдаумен айналысқан 25 күдікті ұсталды. Олардың 9-ы өзге облыстан келгені, жасы кәмелетке толмаған 5 күдіктінің колледж студенттері мен мектеп оқушысы екені анықталды», дейді Құттыбай Садықов.
Оның мәліметінше, полицейлер ғаламтор желісіне күн сайын жүргізілген мониторинг арқылы есірткіні жарнамалайтын 925 сайтты анықтап, Ішкі істер министрлігіне бұғаттауға жолдаған. Ал «Антифрод» ақпараттық жүйесінде күдік тудырған 11 948 есепшот анықталып, 36 миллион теңгеден астам қаржы бұғатталған.