Қазір әлемде кибералаяқтық – ең жылдам өршіп келе жатқан қылмыс түрлерінің бірі. Қазақстанда да бұл қауіп күрделеніп, сан қырлы сипатқа ие болды. Қоғамға цифрлық технологиялар тереңдеп енген сайын сол кеңістікте жымысқы әрекет ететін алаяқтар да жаңарып, өзгере бастады. Қолындағы барынан айырылып, несиеге белшесінен батып, сан соғып қалған жандардың қатары жыл сайын артып келеді.
Киберқатерге қарсы күрес мәселесі Президент Жолдауында да қамтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу арқылы елдің қауіпсіздігін арттырып, тиімді шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын.
Кейінгі жылдардың бедерінде қолда барын қаскүнемдерге беріп, опық жеген отандастарымыздың қатары көбейгенін айттық. Оңай олжаға құныққандар ойға кіріп шықпайтын тәсілдерге көшкен. Цифрлық алаяқтардың құрбаны болу үшін бүгін аса сауатсыз болудың қажеті жоқ. Көп жағдайда білімді, қалада өскен, банкпен, интернетпен тұрақты жұмыс істейтін адамдар да алданып жатады. Себебі қаскүнемдердің айласы да, техникасы да жетілген. Әсіресе кейінгі кезде жиілеген «фишинг» тәсілдері – яғни банктің атын жамылып, SMS немесе қоңырау арқылы жеке мәліметтерді сұрау кең таралып отыр.
Мәселен, алматылық Манап есімді азамат мессенджер арқылы келген жалған сілтемеге кіріп, жеке деректерін байқаусызда бөлісіп қойған. Арада бірнеше минут өткенде, оның атына онлайн несие рәсімделіп, шоты түгел босап қалған. Манап мұндай жағдай тек егде жастағы адамдардың басынан өтеді деп ойлап келгенін айтады.
Бүгінде әсіресе зейнет жасындағы адамдар мен құқықтық сауаты төмен азаматтар негізгі нысанаға айналған. Олар өздерін «банк қызметкері» немесе «құқық қорғау органдарынанбыз» деп хабарласқан алаяқтардың сөзіне сеніп, жиған-тергенінен бір сәтте айырылып жатыр. Бұл – қоғам үшін дабыл қағарлық жағдай.
Келеңсіздіктердің дені көбіне базалардағы деректердің қолды болуынан туындайды. Қылмыскерлер ЖСН, жеке куәлік нөмірі, телефон деректерін пайдаланып, онлайн банктер арқылы несие алып, ақшаны жымқырады. Ал зардап шеккен азамат қарызы мен өз кінәсіздігін дәлелдеу үшін айлап, жылдап күресуге мәжбүр болады. Өкініштісі, мұндай қылмыстардың көбі ашылмай қалып отыр. ІІМ дерегінше, кибералаяқтық істерінің 70-80%-ы ашылмаған күйде қалады. Себебі көп жағдайда алаяқтар басқа елдердің IP-мекенжайларын, жалған SIM-карталарды, криптовалюта әмияндарын қолданады. Бұл құқық қорғау органдары үшін тергеу барысын қиындата түседі.
Бірер ай бұрын алматылық танымал профессор Кәкен Қамзин да әккі алаяқтардың арбауына тап болды. Баспанасынан айырыла жаздаған қарт ұстаз өзге азаматтарды сақтандыру мақсатында аляқтар өзін қалай алдағанын баяндап берген еді.
«12 маусым күні сағат таңертеңгі ондар шамасында «қалалық энергожүйесіненмін» деп бір әйел қоңырау шалды. Ол үйдегі электр есептегіштер ескіргенін, соны жедел ауыстыру керек екенін ескертіп, ол үшін жеке куәліктегі деректер қажет болатынын хабарлады. Телефонында қалалық «Энергосеть» логотипі тұр. Сендім. Түнімен жазу жазып, ұйқылы-ояу күйде еш ойланбай деректерімді беріп жіберіппін. Іле-шала өзін «қаржы бақылау департаментінің» қызметкерімін деп таныстырған адам телефон шалды. «Сіздің Egov-тағы барлық мәліметіңіз алаяқтардың қолына түсіп қалды. Неге бересіз, енді оларды іздестірумен, құрықтаумен біз айналысамыз. Бірақ бұл операция өте құпия жағдайда жүргізіледі, сіз ол туралы жақын-жұрағаттарыңызға да тіс жармайсыз», деп қадап айтты. Артынша өзін «ҰҚК майорымын» деп таныстырған Мальтиев деген адам видеотелефон шалып, барлығын өз бақылауында ұстайтынын ескертті. Тіпті «бәрі конфиденциально, сіз азамат ретінде алаяқтарды ұстауға көмектесуге міндеттісіз, әйтпесе қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартыласыз» деп қатаң ескерту жасады. Бәрі, міне, осыдан басталды. Одан кейін бір жағынан қатты сенген, екінші жағынан еңсем түскен басым солардың жетелеуіне ілесіп кете беріппін. Оны, әрине, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін түсіндім. Содан кейін олар мынау сізге көмектесер «мықты адвокат» деп Абай деген жігітті ұсынды. Осы үшеуміз іс жүргіземіз деді. Үшеуі үш түрлі нөмірмен байланысқа шығып отырды. Содан кейінгі схема былай жалғасты. Ол кезде оның алаяқтық жол екенін қайдан білейін. Телефондық гипноз болуы да ықтимал. Күнделікті өмірде ақшамды бір банк карточкасынан екінші банктің карточкасына аударуды өзім жасай алмай, қызым көмектесетін. Ал бұл жерде бүкіл ақшамды өзім шешіп берген екенмін», дейді профессор.
Жәбірленушінің баяндауынша, алаяқтар оның атынан біреулер 4 млн теңге несие алып үлгергенін, тез арада соны жабу қажеттігін, ақша ешқайда кетпейтінін, «Ұлттық банктің» есебінде тұратынын айтып тағы да қоңырау шалған. Тіпті ақшаны «Касса 24» деген терминалға салуға кеңес берген.
«Олар көрсеткен мекенжайларға барып, бірнеше терминалдан жіберіп отырыппын. Артынша олар «Ұлттық банкке» салынған ақшаның көшірмесін жіберді. Одан кейін жедеғабыл, ертеңінде ғой деймін, сіздің есебіңіздегі ақшаға қауіп төніп тұр, соны Халық банктен шешіп алыңыз, біз курьер жібереміз, ол да «Ұлттық банктің» есебіне түседі, ақшаңыз ешқайда кетпейді деп сендірді. Содан соң қорымдағы 5 млн теңгені шешіп алып курьерге беріппін. Алаяқтар мұнымен тоқтамай, Egov-тағы барлық деректі жаңалап, үйімді нотариус арқылы нарықтық бағадан төмен қаржыға сатуға кеңес берді. Ал ақшасы әдеттегідей ешқайда кетпейді «Ұлттық банк» есебіне түсетінін айтып сендірді. Сөйтіп, үйімді 26 маусымда 31 млн теңгеге нотариус арқылы саттым. Олар менің атымнан «Крыша» сайтына үйдің сатылып жатқаны туралы хабарландыру салады. Одан кейін екі кибералаяқтың нұсқауы бойынша ақшаны кешкісін сағат сегіздерде курьермен «КНБ-ның точкасына» жөнелттім. Олар бір-екі сағаттан кейін ақшаның «Ұлттық банктің» есебіне түскенін хабарлап, чектің көшірмесін жіберді. «Барлығы дұрыс болады, сіздің Egov-тағы деректеріңіз толық жаңаланып жатыр, енді алаяқтар оған кіре алмайды, онымен Абай адвокат айналысып жатыр», деді. Пәтер сатып алушылармен өзіміз айналысамыз, қам жемеңіз, өзіміз айтамыз деп уақыт созып, жазуын тоқтатпады», деп мәлімдеді профессор.
Өкініштісі, мұндай оқиғалар жиі орын алып жатыр. Елімізде 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында интернет арқылы жасалған алаяқтық істері 25%-ға артып, 12 390 жағдай тіркелген. Жоғарыда айтылғандай, бұл қылмыстардың 80%-ы ашылмаған күйде қалып отыр.
Кибералаяқтықпен күресу мақсатында елдегі банктер мен қаржы реттеушілер бірқатар жаңа ереже енгізе бастады. Мәселе толық бақылауға алынды демесек те, елеулі нәтиже бар. Статистикаға сүйенсек, былтыр Ұлттық банк жанынан құрылған алаяқтыққа қарсы орталық 12 мыңнан аса әрекеттің алдын алып, 967 млн теңге көлеміндегі қаражатты бұғаттаған.
Сарапшы Олжас Есенбай кибералаяқтықтан қорғану үшін мемлекет, құқық қорғау органдары және әр азамат бірлесе әрекет етуі қажеттігін айтады. Оның айтуынша, сандық сауаттылықты арттыру һәм халықты ұдайы ақпараттандыру – бұл күрестегі басты құрал.
«Бірінші кезекте цифрлық сауатты арттыру керек. Әсіресе егде жастағы азаматтарға онлайн қауіптер туралы үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде алаяқтықтың түрлі сценарийлерін нақты мысалдармен көрсету – сақтанудың бір жолы. Екіншіден – банк пен қаржы ұйымдарының жауапкершілігі күшеюге тиіс. Олар өз клиенттерінің деректерін қорғау механизмін жетілдіріп, қауіптің алдын алатын жүйелерді шұғыл енгізуі қажет. Үшіншіден – заңнамалық тұрғыда киберқылмыстармен күресті күшейту қажет. Алаяқтыққа қатысты жазалар қатаңдатылып, іздестіру жүйесі халықаралық деңгейде үйлестірілуге тиіс. «Сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы ұмытпайық. Бейтаныс қоңырау мен сілтемеге сенбеңіз, банк картасының деректерін ешкімге бермеңіз, күмән тудырған әрекетті бірден мамандармен ақылдасыңыз. Өйткені қауіп – экранның ар жағында емес, дәл қасыңызда болуы мүмкін», дейді О.Есенбай.
Жаһан елдерінде етек алған ортақ қатермен күресте әлемдік тәжірибені де ескерген жөн. Ашық ақпарат көздеріне зер салсақ, кибералаяқтықпен әр ел әртүрлі деңгейде күрес жүргізіп отырғанын аңдаймыз. Мәселен, «Interpol» кибералаяқтықпен күресуде белсенді рөл атқарады. Мысалы, 2024 жылы жүргізілген Operation First Light 2024 операциясы аясында 61 елдің құқық қорғау органдары бірлесіп, фишинг, романтикалық алаяқтық, инвестициялық алаяқтық және жалған интернет-дүкендер сияқты қылмыстармен айналысқан 3 950 күдіктіні құрықтап, 257 млн доллардан аса қаражат тәркілеген. Сол секілді Аустралияның «Commonwealth Bank» қаржылық ұйымы жасанды интеллект негізінде алаяқтықпен күрес жүйесін енгізіп, 2025 жылдың алғашқы жартысында алаяқтықтан келген шығындарды 76%-ға дейін азайтыпты. Банк бұл мақсатқа 900 млн доллар инвестиция салып, күн сайын 86 млн транзакцияны бақылайтын жүйе құрған.
Тосын қатерге тосқауыл қою үшін әр адам өзіне жауапты болғаны абзал. Десе де азаматтардың қауіпсіздігі – мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Президент цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін арнайы министрлік құруды тапсырды. Бұл ретте кибералаяқтыққа қарсы күрес жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың жеке деректерін қорғау күшейе түссе игі.
АЛМАТЫ