• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:30

Құдайберген ҚАЛИЕВ: Құнарлы өлкеміздің құты қара орман халық болуға тиіс

20 рет
көрсетілді

Әр өңірдің мызғымас қазығы, ақылшы тірегі іспеттес көрнекті тұлғалар бар. Солтүстік Қазақстан өңірінің бүгінгі сондай тұлғасы – Құдайберген Қалиев. Еліміз Тәуелсіздік алған елең-алаң шақтан бастап облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін 10 жыл атқарды. Ол Кеңес одағы жылдарында «Құрмет белгісі» орденімен, ал Тәуелсіздікке қызмет еткен жылдарында «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атақтарын алды. Біз бүгінде 80 жас белесіне шыққан ағамызды құттықтай барып, сұхбат құрып, жан дүниесіне үңілген едік.

– Адамның бойындағы қандай қасиетті бәрінен жоға­ры қоясыз? Мамандарды таң­дағанда алдымен қандай қыры­на қарайтын едіңіз?

– Мен адамның кішіпейілдігін, инабаттылығын ұнатамын. Қан­дай жағдайда да асып-таспай, үл­кенді сыйлап тұрған адамдарды құрметтеймін. Ал лауазымды қызметтерге маман таңда­ған­да оның іскерлігін, адалдығын, бұрынғы қызметінде жеткен табысын, сонымен қатар жаңа қызметке деген ынтасы мен өзін қолдаған адамдарды ұятқа қалдырмауды, үмітін ақтауды ойлай білгенін еске­ретін едім.

– Өміріңізде ұмытылмас әсер қал­дырған адамдар болды ма?

– Бұл жағынан алғанда өмірде жолым болған бақытты жанмын. Алғаш институтты бітіріп Интернационал кеңшарына бөлімше агрономы болып кіріскен сәттен бастап маған тамаша адамдар кездесті. Кеңшар тың көтеру жылдары құрылып, негізгі тұрғындары басқа ұлт өкілдері болғанымен, тек төртеуінен басқа барлық маман қазақтың орта жастағы, кейбірі соғыстан келген азаматтары болды. Шәймерденов деген бухгалтер болып істейтін ағамыз мені бірден бауырына тартып, басқа ағаларымызбен де араластырып, қазақ дәстүрімен қалай араласуды, халқымыздың сый-құрметінің қалай жасалуын, тіпті етті қалай мүшелеп, табаққа қалай дұрыс тартуға дейін әбден үйретіп, тәр­биеледі. Адамгершілік дәстүріміздің ғажаптығына қазір өзге ұлт өкілдері де таңдай қағып қарайды ғой. Ал мен сол дәстүрді Интернационал кеңшарындағы ағаларымнан үйренгенімді әлі күнге сағынышпен еске аламын. Кейін кеңшар директоры болып, одан әрі аудандық атқару коми­тетінің төрағасы және басқа да лауазымды қызметтер атқарған жылдарымда Ақжан Базарбаев, Есім Шайкин, Мәркен Ахметбеков, Тойшыбек Тобылбаев, Қарақан Сейітов сияқты ағалар бізге керемет қамқорлық жасап, ақыл-кеңес айтып жүрді. Солардың ішінде шоқтығы биігі облыстық атқару комитетінің төрағасы Ніл Болатбаев ағамыз болды. 1985 жылы мені Соколов ауданына атқару комитетінің төрағасы қызметіне апара жатқан жолда Ніл Ағдәмұлы былай деген еді: «Сені енді көп адам құттықтайды, біреуді жамандап, біреуді мақтап әртүрлі әңгімелер де айтады, сен оларды тыңдап ал, бірақ өзіңнің көзің жетпей ешқандай шешім қабылдама. Екіншіден, мұнда қазақ аз, бірақ барының өзі сені құрметтеп, дәмге шақырады. Сон­дайда жұрттың бәрінің үйіне шаба берме, рахметіңді айтып бас тарт немесе қолымыз тигенде көрерміз деп ұзын арқан, кең тұсауға сал. Ал сол кезде облыс­тан, республикадан бір қадірлі қонақ, керек адам келе қалса, әлгі шақырған адамға хабарласып, өткенде ша­қыр­ған едіңіз, мен бір адаммен келіп қаламын де. Сөйтіп, қонақ­қа шақырғанды да, сапармен келгенді де риза қыласың. Тағы бір ақылым, кінәлі болып қалған кадр­ды жазалағанда барынша қатты кетпе, бұранданың екі-үш ора­мындай қысатын жер қал­дыр. Әйтпесе, резьбасын кеті­ріп аласың. Ал резьбасы кетсе, ол адамнан қайтып қасиет таба алмайсың», дегені әлі есімде. Егер менің бойымда жақсылықтың бір нышаны болса, осы ағалардың үлгі­сінен деп ойлаймын. Әрине, Алла түйсік берген шығар, ал оның дамуы­на осы кісілер әсер етті.

– Сізді көп адам шешен, сөйлегенде адамның ойын­дағысын дөп түсіріп айта алады деседі. Бұл өнер өмірлік тәжірибемен келді ме?

– Егер мені жұрт шешен дейтін болса, ол қасиет бойымда өмірлік тәжірибемнен қалыптасты ғой деп ойлаймын. Қазақ «Адам көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен болады» дейді ғой. Маған жастайымнан халықпен тығыз араласып, көпшіліктің көкейіне қонымды сөздер айта білу керек болды. Әсіресе партия қызметкері болған жылдарымда сөзді тауып айтуға, дәмді қылып жеткізуге машықтандым. Ол үшін кітап, газет­терді көбірек оқуға тырыс­тым.

Біздің заманымызда кітапқа құштарлық өте күшті болды. Заман­дас­тарымыздың арасында кітап жинау, жеке кітапхана жасақтау жақсы үрдіс еді. Мен де бір­шама кітап жинадым. Абайды қайталап оқыған сайын өзіме жаңа қырларын ашып, таңырқаймын. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов шығармаларымен өстік. Ол кезде Мәскеуден «Роман-газета» деген журналды үзбей жаздырып алатын едік. «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен шыққан атақты адамдар өмірінен жазылған кі­таптарды да қызыға оқитынмын. Кейінгі жылдары елімізге белгілі Б.Әшімов, А.Қошанов, М.Сағдиев, Е.Әуелбеков, К.Салықов және басқа ағаларымыздың өмірінен жазылған кітаптарды оқыдым. М.Қозыбаев ағамызбен де бірнеше рет кездесіп, оның тарих туралы әңгімелерін естіп, телегей-теңіз біліміне, ғұламалығына таңғалған едім. Поэзияны да жақсы көрдім, сүйікті ақындарымның қата­рын­да Ә.Тәжібаев, Қ.Мырза-Әлі, М.Мақатаев және т.б. болды. Мағжан ақынның өлеңдерін де сүйсініп оқимын.

– Сіз ел шетіндегі, халқының құрамы әртүрлі, күрделі өңірде ұзақ жыл облыс әкімінің бірінші орынбасары сияқты жауапты қызметті абыроймен ат­қардыңыз. Қолынан іс келетін сіздей адамды қабілетіңіз жетіп тұрғанымен жоғарылау қызметке тартпады. Соның себебі неде деп ойлайсыз?

– Шынын айтсам, мен осы мәселені кейінгі кезге дейін ойлаған да жоқпын. Өз міндетімді адал атқардым, әжептәуір табысқа да жеттім. Бірақ мансап қуып, жоғары қызметке талпынған емеспін. Оның үстіне ол кезде бізге Тәуелсіздіктің іргесін бекіту керек, оны сіздер қаламасаңыздар кім қалайды деген қатаң талап болды. Сондықтан қызметке әбден беріліп жүріп, біз ондайды ұмытып та кеткендейміз. Бірақ бір кезде жоғары лауазымда жүрген бір азаматтан: «Сені Көкшетауға жіберу туралы мәселе қаралып жатыр» деген ақпарат түсті. Ол кезде Көкшетау өз алдына облыс еді. Бірақ сол әңгіме су аяғы құрдымға кеткендей сап тиыл­ды, Көкшетау да бізге қосылып, облыс жабылды. Ал өзіміздің об­лысқа сырттан неге әкеледі, да­йын адам отыр емес пе дегенді талай жерде ірі қызметтегілер айтып жүрді, бірақ мені шақырып, ешкім әңгімелескен емес. Бәлкім, нарықтық қатынас тереңдеген сайын коммерциялық қабілеті жоғары адамдар керек болған шығар. Өзім тек таза жүргенді қа­лап, қандай да бір заңсыз әрекет­­­тен бойымды тартып ұстадым.

– Бүгінгі таңдағы облыстың, елдің дамуына көңіліңіз тола ма?

– Кейінгі жылдары Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен елді өркен­детуге, ауылдық жерлерді жан­дандыруға бағытталған көп жұ­мыс атқарылып жатыр, бірне­ше бағдарлама бойынша қаражат бөлінді. Ендігі жерде осыны дәйек­тен­діру – парызымыз. Халық ауыл­дан кетіп қалды, енді қайтадан елге тартуға мүмкіншілік бар ма? Осы мәселені айтқанда шаруашы­лық­тарды кезін­де асығыстықпен, артын ойламай жанталасып тарат­­қанымызға ішім ашиды. Жоқ, мен ескілікті аңса­маймын, ауыл­дардың қаңырап қалғанына жаным ауырып айтамын.

Одан бері белсенді өмір сахнасына жаңа ұрпақ келді. Қара топырақты құнарлы өлкеміздің құты қара орман халық болуға тиіс. Біз әлі күнге жергілікті халықтың үлесі ең төмен облыс болып отырмыз. Мұның өзі елдің қауіпсіздігіне де қатер. Биылғы шілденің 27-сінде болған Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Президент көші-қон саясатын жүргізу барысында геосаяси жағдайларды, демографиялық болжамдарды және халықтың көшу себептерін ескеру қажет­тігін атап көрсетті. Отырыс қоры­тындысында Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеп, мемлекеттік органдардың функционалдық міндеттерін қайта саралап, көші-қонға қатысты барлық ақпараттық жүйені біріктіру бойынша жұ­мысты жандандыруды тапсырды. Осы міндетті орындау үшін біздің облыс аумағында мемлекеттік жобаны қолға алу керек. Ол бойынша бірінші кезекте Солтүстіктің аязына төтеп бере алатын, барынша сапалы, осы заманғы талаптарға сай типтік үйлер тұрғызған дұрыс. Бұған дейін тұрғызылғандар сапасыз болып қаңырап тұр. Ал сапалы үйлерді жыл сайын әр ауылға он-оннан салса жетеді. Енді қоныс аударушыларға жерді қайдан әперуге болады дегенге келейік. Кезінде әр ауылдық кеңесте, қазіргі ауылдық округтерде «запастағы жерлер» болатын. Кеңшардың барлық жерінің 15–20 пайызы соларға тие­сілі еді. Сол кездегі ауда­н әкім­дері оларды бос жатпасын деп шаруашылықтарға бірнеше жылға келісімшартпен жалға берген. Міне, енді ауыл маңындағы сол жерлерді қайтарып, көшіп келген адамдардың санына қарай егістікті де, жайылымды да пай үлесімен беру керек. Қазіргі әкімдер ондай келісімшарттарды білмейді, ал олар архивте жатыр. Сосын қоныс аударушыларға ақшалай көмек емес, әкімдік ұйымдастырып, белгіленген тәртіппен мал әпер­уі қажет. Өйткені қолма-қол ақша алса, оны қоныс аударушы жұмсап қояды, ал мал алса, жері болса, өндіреді. Осындай тәжірибе Қы­тайда да бар екен. Олар ШҰАР-дың бос жерлеріне 100 шақты үйден арнайы ауылдар тұрғызып, оларға берілетін жерді, малды да шоттап, көшіп келгеннің қолына кілтті ұстататын көрінеді. Сондықтан көшіп келгендер басқа жерге кетуді ойламайды. Міне, Президенттің жаңа бастамасын іске асыру бойын­ша осындай ой қосар едім.

– Қарамағыңызда істеп, жоғары қызметтік саты­ларға көтерілген табысты шәкірт­теріңіздің арасынан кімдерді айтар едіңіз?

– Көптеген шәкіртіммен мақ­тана аламын. Бір кезде бизнесте жүрген Айдарбек Сапаровтың белсенділігін, алымдығын ескеріп «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясында директор болып жүргенімде орынбасарлық қызметке шақырдым. Ол өте іскер болып шықты, кешікпей ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық комитетіне төраға болып кетті. Одан бірнеше ауданға әкім, облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімі сияқты қызметтерді сәтті атқарып, қазір Ауыл шаруашылығының министрі.  Есжан Қабиев деген орынбасарым кейін орныма директор болып істеп, артынан басқа лауазымдық қызметтерге өсті. Серік Ахметбековті қолдаған едім, кейін ол Аграрлық несие корпорациясына төраға болды. Ондаған жігіттің аудан әкімі, түрлі департаменттер мен басқармалардың бастығы, облыс әкімінің орынбасары болуы­на ықпал еттім. Соның ішінде салық саласында істеп жүрген Руслан Аңбаевтың көтерілуіне көмектестім. Одан бері бұл жігіт үш ауданның және қаланың әкімі болды. Облыс әкімдері кейбір себептермен қызметінен алмақ болғандарды қорғап, кетіруден алып қалып жүрдім. Қазір сол жігіттер ризашылығын білдіріп жүреді. Кейде тіпті мен ұмытып кеткен бір азаматтар келіп, рахмет айтып жатады. Осыдан бір-екі жыл бұрын Астанадан бір азамат хабарласып, мені көргісі келетінін айтты. Ол бір кезде ауыл шаруашылығы басқармасында жауапты қызмет істеген екен, оны өзінің бастығы А.Штейн қудалап, қызметінен кетірмек болыпты. Мына қандасымыз Қытайдан келген көрінеді. Ол маған өзін қорғауды сұрап келген екен, мен бірден Штейнге хабарласып, жігітті орнынан қозғамауды, керісінше, қол­дауды қатты тапсырыппын. Сонымен, жігіт қызметінде қалып, ұзақ жыл істеп, зейнетке де шығыпты. Сол менің жасаған жақсылығымды ұмытпай, шынайы алғысын айтпақ үшін арнайы келіпті. Сол сияқты осы биыл Ж.Қизатов атын­­­да­ғы колледж­­­­де кездескен бір орыс азаматы да келіп, бір кезде маған жақ­сылық қылып едіңіз деп рахмет айтты. Сондай кезде ішіңнен масайрап қаласың. Ал үмітті ақтамағандар да болды, бірақ қазір ондайлар еске түспей тұр.

– Сіз өмірде сергек адам­сыз. Жасыңыз ұлғайған шағыңызда айналысқа енген компьютерді, смартфонды жақсы игеріп кеткеніңізді біле­міз. Оны игеруге кім көмек­тесті?

–  Ол өмір талабы ғой. Кеудең­нен жан шыққанша өмірдің талабынан қалмау керек. Менің немерем Даниял ІТ маманы, жоғары білімді осы саладан алған. Қолымда өскен сол балам маған компьютер мен смартфонның сырын ашып берді. Қазір бұл салада өзіме жетерлік білімім бар. Ал немерем қазір Астанада тұрады, екі шөберем бар. Сәуле апайың екеуміз көрген төрт перзентімізден өрген немере-жиендерім де келіп, менің ІТ саласындағы білімімді тексеріп, толықтырады.

– Қазіргі қызмет етіп жүрген жастарға қандай ақыл айтар едіңіз?

– «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөздің мәні терең. Өкініштісі, қазір көптеген аудан әкімдері мен орынбасарларының, департамент, басқарма басшы­ла­рының жұрттан бой тасалап тұратынын көріп жүреміз. Бұл – халыққа айтары, көтерілген мәселе бойынша білігі жоқ деген сөз. Осындай әкімдерді көрген соң адамдардың биліктен көңілі қалады. Сондықтан басшы болған жастар барлық мәселеден хабардар және шешілу жолдарын біліп тұруы керек. Кейбіреулер өзінің ана тілін білме­гендіктен қашқалақтайды. Жат тіл емес, өзінің өсіп-өнген ортасының тілін ақыл-есі дамыған жастарға үй­реніп алу қиын емес. Тек ниет қажет.

– Өнегелі әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»