Үндістанның Ахмедабадында су спортынан Азия чемпионаты аяқталды. Құрлықтың мықтылары бас қосқан жарыста еліміздің құрамасы 10 жүлдеге қол жеткізді. Жалғыз алтынды Әділбек Мусин жеңіп алды. Ол 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде алдына жан салмады. Максим Сказобцов (100 метр, баттерфляй), София Әбубәкірова (50 метр, шалқалай жүзу; 50 метр, баттерфляй), Глеб Коваленя (50 метр, еркін тәсіл), Айбат Мырзамұратов (50 метр, брасс) күміспен күптелсе, Софья Сподаренко (100 метр, баттерфляй), Максим Сказобцов (50 метр, баттерфляй), Софья Сподаренко (50 метр, баттерфляй), 4х100 метрлік эстафетада еліміздің құрамасы қолаға қол жеткізді.
Футболдан 2027 жылғы жастар арасындағы (U-20) әлем чемпионаты Өзбекстан мен Әзербайжанда өтеді. Бұл ақпаратты Халықаралық футбол қауымдастығы (ФИФА) таратып отыр.
Ресейлік функционер Умар Кремлев жетекшілік ететін Халықаралық бокс қауымдастығы (ІВА) ерлер арасындағы ІІ әлем чемпионаты 2–13 желтоқсан аралығында Дубайда өтетінін ресми түрде жария етті. Жарыстың жүлде қоры мол. Айталық, чемпиондық атаққа қол жеткізген саңлақтар 300 000 АҚШ долларын иеленеді. Жүлделі орындарды олжалағандар 150 000 мен 75 000 долларды еншілейді. Тіптен бесінші орынға табан тіреген былғары қолғап шеберлеріне де сыйақы қарастырылған. Олар 10 000 доллардан алады. Жоғарыда аталған соманың тең жарысы боксшыға берілсе, қалғанын жеке бапкері мен сол елдің ұлттық федерациясы өзара бөліседі.