Көзіқарақты оқырман турист ретінде ғарышқа аттанған алғашқы адам –алпыс жастағы АҚШ азаматы Денис Тито екенін ұмыта қоймаған болар. Ол 2001 жылдың 28 сәуірінде «Союз ТМ-32» кемесімен ғарышта бір аптасын өткізді. Америкалық кәсіпкер осы сапарына 20 миллион АҚШ доллары жұмсағаны да есте.
Ал ғарышқа ұшқан тұңғыш әйел турист түбі Ираннан шыққан Ануше Ансари атты америкалық кәсіпкер еді. Ол да 2006 жылы 18 қыркүйекте ресейлік «Союз ТМА-9» кемесімен көтеріліп, Халықаралық ғарыш стансасында 8 күн қонақтаған.
Деректерді қайта қаузау себебіміз, алдағы күндері отандасымыз Данна Қарағұсова «Blue Origin» компаниясының NS-36 зерттеу миссиясының құрамында ғарышқа аттанғалы отыр. Сөйтіп 8 қазанда ол Қазақстаннан шыққан алғашқы ғарыштық турист атанбақшы.
Елімізді ғарышпен ұштастыратын тарихи байланыстар жеткілікті десек те, Даннаның бұл сапары – ерекше мәнге ие. Адамзат баласының жеті қат көкке көтерілуіне «батасын берген» Байқоңырдан отандасымыз тұңғыш турист ретінде ғарышқа жол тартқалы отыр.
Отандасымыздың өзіне келетін болсақ, ол медиа, ивент пен дистрибуция саласында 25 жылдан астам тәжірибе жинаған маман. Елдегі ең ірі медиа және ивент-холдинг – «First Media Group»-тың негізін қалаушылардың бірі. Данна – тек визионер ғана емес, сонымен қатар ең батыл идеяларды жүзеге асыра білетін тәжірибелі маман ретінде де танылған.
Бүгінде отандасымыз өзін-өзі реттеу саласындағы халықаралық IT-жобасының негізін қалаушылардың бірі ретінде ерекшеленеді. Осынау ғарыш сапары оның зерттеу жұмыстарының бір парасы әрі жұмыс жобалары аясында өз командасы әзірлеп жатқан технологияларды жеке сынап көреді.
«Адамзаттың келешегі ғарышпен тікелей байланысты. Біз жаңа көкжиектерді игере отырып, технологияларды да дамытып, өз мүмкіндіктерімізді кеңейте түсеміз. Мен үшін бұл сапар – жылдар бойы жинаған тәжірибем мен арманымның бір бөлшегі әрі зерттеу жобасының маңызды кезеңі», дейді Данна Қарағұсова.
АЛМАТЫ